Күн — елдің тынысы
Бөлімдер
Актуалды

Нәжіс суы басты: Атырау тұрғындары кәріз құбырының салдарынан пәтеріне кіре алмай отыр

Нәжіс суы басты: Атырау тұрғындары кәріз құбырының салдарынан пәтеріне кіре алмай отыр

Атырау тұрғындары кәріз қалдығына батып отыр. Олар апатты деп танылған екі қабатты үйдің ескі құбырлары жиі жарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір апта бұрын жарылған кәріз құбырының салдарынан тұрғындар пәтеріне кіре алмай отыр. Алпыс жыл бұрын салынған ескі үйлер апатты деп танылғанымен халық әлі тұрып жатыр. Жақында құбыр жарылып, үй ішін нәжіс суы басқан. Қазір жұрт амалсыз ағайын туыстың үйін жағалауға мәжбүр.

"Баспанамыздан канализация жарылып, бәрін нәжіс суы басты. Тұншығып, әрең жүрдік. Баспанамызды апатты деп таныған алайда әлі күнге дейін сүрілмей отыр, жағдайымыз нашар, балалар шетінен ауырып бітті", – деді  қала тұрғыны Салтанат Көшерғалиева.

Шіріген құбырларды тұрғындарды өздері шүберекпен жамап қойған. Алайда ол да көпке шыдас бермепті. Жарты ғасыр бұрын қаланған баспананың қазіргі сиқы адам шошырлық күйде. Сасық иіске батқан жұрт қала әкімдігінен көмек сұрап отыр.

"Мен бірінші қабатта тұрамын, 2024 жылы ескі құбырлар жарылды, содан бері ешкім жөндемеді. Қазір сасық иістің ортасында отырмыз, екінші топтағы мүгедекпін. Өте қиын, ескі үйді қанша жөндесек те сәні кірмейді", –  деді қала тұрғыны Болат Қалиев.

Ал жауаптылар істен шыққан құбырды жөндеу құзіретімізге кірмейді деп отыр. Сондықтан, мәселені тұрғындар пәтер иелері коперативі арқылы шешуі тиіс екен.

"Бұл тұрғындарға ортақ мүлік болып есептеледі. Шығындарға бюджеттен қаражат бөлу қарастырылмаған. Инженерлік желілері, оның ішіндегі кәріз жүйесі тұрғындардың өз есебінен жасалуға тиіс", – деді қалалық тұрғын үй шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Олжас Хасанов.

Былтыр шаһардағы апатты үйлер үшін  7 млрд теңгеге 166 пәтер сатып алған. Соның 90-ға жуық пәтері қалыпты. Комиссия шешімі бойынша, баспана біртіндеп тараталмақ.

Айта кетейік, қазір облыс орталығында екі мыңға жуық отбасы 89 апатты үйде тұрып жатыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай