Желіде Шымкенттегі Қайрат Нұртастың концертінен кейін адамдар кептеліп қалып, жүздеген адам зардап шеккені туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл дерекке қатысты денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Threads желісінде @vengeance.ve есімді қолданушы кеше Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертіне оның үлкен қыздары ерікті ретінде барғанын жазған.
"Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті өте нашар ұйымдастырылған. Шараға 18:00-де (19:00-же басталуы керек болған), бірақ ақыр соңында кептеліп, 2 сағат тұрдық. Ұйымдастырушылар алаң сыятын адам санын ескермей, көбірек билет сатқан. Ал адамдарға "орын жоқ" деп айтты. Қақпаны ақыры ашқан кезде ақшаға сатып алған аумаққа кіріп, орынға жайғасу мүмкін болмады. Көрерменге құрметсіздік, қауіп", – делінген жазбада.
Жазба астына Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жауап жазған.
"2026 жылғы 10 қазанда жедел жәрдем бригадасы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концерт кезінде жарақат алған 18 жастағы қызды ауруханаға жеткізді.
Оқиға орнында оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазір науқастың жағдайы ауыр. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, жағдайы мамандар бақылауында", – делінген ведомство хабарламасында.
Ведомство өзге зардап шеккендер туралы ақпарат бермеді.
KAZ.NUR.KZ тілшісі түсініктеме алу үшін Шымкент қаласы полиция департаментіне хабарласты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай



