Жамбыл облысында мал ұрлығымен айналысты деген күдіктілер анықталды. Қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңірлік прокуратураға сілтеме жасап.
Ведомствоның ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Сарысу ауданында прокуратура мен полицияның бірлескен шаралары нәтижесінде жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде мал ұрлығына қатысы бар үш тұлға анықталды.
Олар 2025 жылғы 10 қазаннан 2026 жылғы 7 наурызға дейінгі кезеңде түнгі уақытта жайылымдардан айдап әкету арқылы жалпы сомасы 11,5 млн теңгені болатын 23 бас малды ұрлады деген күдікке ілінді.
Прокуратура мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта жәбірленушілерге келтірілген залал толық өтелді.
Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы 3-бөлігінің 1)-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іс айыптау актісімен мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
Сонымен қатар үш бас малды ұрлады деген басқа тұлғаға қатысты сот айыптау үкімін шығарды. Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, оған нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Жалпы биыл аудан аумағында мал ұрлығына байланысты 9 қылмыс тіркеліп, оның 7-еуі ашылды, бұл 77,7 пайызды құрайды.
Прокуратура бөтеннің малын ұрлағаны үшін Қылмыстық кодекстің 188-1-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық көзделгенін, мүлікті тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екенін ескертті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Эльмира Асқарқызы



