Күн — елдің тынысы
Бөлімдер
Актуалды

“Жағдайымыз нашар”: Баянауылда тұрғындар бұдан 100 жыл бұрын салынған үйде тұрып жатыр

“Жағдайымыз нашар”: Баянауылда тұрғындар бұдан 100 жыл бұрын салынған үйде тұрып жатыр

Баянауылда ескі үй тұрғындары жергілікті биліктен баспаналарынан көшіруді сұрап отыр. Олар Шөптікөл ауылындағы өткен ғасырдың 20-30 жылдары саманнан салынған үйлер әбден тозғанын айтады. Тіпті, төбесі опырылып ортасына түскен үйлер көп, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Алайда, басқа барар жері, басар тауы жоқ тұрғындар амалсыздан тұрып жатқандарын айтады. Жанын шүберекке түйіп отырған ауылдағы ағайынның  жанайқайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар тыңдап келді.

Бұл – Алмагүл Әбілешованың баспанасы. Үйінің төбесі опырылып ортасына түскен. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпепті. Үйсіз қалған  ол баласының баспанасына көшіп барған. Өйткені басқа барар жері жоғын айтады.

"Жаңбыр жауған кезде ағашы шіріп кетіпті. Сол шіріп құлады ар жағынан. Ол жағы от жағатын жағым. Содан отымды жаға алмай қалдым. Осы үйдің салынғанына 100 жылдан асып кетті. Тұруға уже не возможно. Төбеден ағады. Төбелері жоқ, крышалары. Жаңбыр нетсе, ағып кетеді бүкіл жақтан", – дейді ауыл тұрғыны Алмагүл Әбілешова.

Шөптікөлдегі үйлердің салынғанына 1 ғасырдан асқан. Аты үй болғанымен заты қораға ұқсайды.  Шатыр жоқ тоқал тамдар құдды бір кино түсіруге сұранып тұрғандай. Білмейтін адам декорациялық қалашық екен -деп қалуы да мүмкін.

Үйлер 1 ғасыр бұрын салынған

"Осы ауылдың салынған үйлері 1927 жылы салынып, Шөптікөл кенішінде халыққа салынған үйлер. Сол кезде уақытша салынған үйлер Кейін көшіреміз Майқайың кентіне деген Үкіметтің берген уәдесі бар. Біз ертедегі аталарымыздың айтқан сөзіне сүйеніп айтып тұрмын. Сол үйлерде күні бүгінге дейін сол кісілердің немерелері біздер тұрып жатырмыз. Біздің де өскен ұрпақ немерелеріміз бар. Жағдайымыз нашар", – дейді Қайырбек Ахметов.

Ауылда ұзын саны  20-ға жетер жетпес үй қалған.  Алпыстай адам тұрады. Басым көпшілігі зейнет  жасындағы қариялар. Сондықтан ауылдан ұзап ешқайда кете алмай отыр. Ал ауырып қалса, ауылда дәрігер де жоқ.

"Ауылымызда дәрігер жоқ. Медпункт бар, бірақ, медсестрамыз жоқ. Ауырып бірдеңетін болсақ, ағайын туыстың машинасымен барамыз больницаға. Мәселе сондай. Көрші ауылдан шақыртамыз скорыйды. Ал өз ауылымызда скорый жоқ", – дейді ол (ред. сұхбат берушінің сөзі өзгертілмей берілді).

Бірнеше баспана апатты деп танылды

Баянауыл ауданында 8 баспана апатты деп танылған. Алайда, бұл тізімге Шөптікөл ауылындағы  үйлер кірмеген. Себебі, тұрғындар арнайы сараптама жасатпаған. Заң бойынша аппатты үй тұрғындары өз баспанасының жарамсыз екенін құжат жүзінде дәлелдеуі керек – дейді, аудан әкімі. Ал дәрігер мәселесін шешу бойынша жұмыс жасап жатқанын жеткізді.

"Ол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Ондай кемшілік бар. Халықтың саны да өте аз. Бүгінгі күні 62 адам тұрады. Нақты келетін болсақ, ол жерде 62 емес,  40 адам тұрады. 62-сі тіркелген. Ол жерде Майкөбе ауылынан медициналық пункті қызмет атқарады. Ол жерде арнайы жедел жәрдем көлігі бар біздің ауданға тиесілі, ауруханаға тиесілі. Сол жерде жұмыс жасайды келіп вызовты", – дейді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев.

Аудан әкімі әзірге ауылды көшіру жоспары жоғын айтты. Керісінше, елдімекеннің  инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлмек. Ол үшін ауылды өркендетудің кешенді жоспары жасалғанын жеткізді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай