Күн — елдің тынысы
Бөлімдер
Актуалды

Каспийде әскери қызметшілер қаза болған қайғылы оқиға: үкіметтік комиссия құрылды

Каспийде әскери қызметшілер қаза болған қайғылы оқиға: үкіметтік комиссия құрылды

Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Қазақстан Республикасы премьер-министрінің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді", – делінген хабарламада.

Премьер-министр Олжас Бектенов комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз ету және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырған.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.

Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, теңізге алып кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқан. Үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі ауруханаға жатқызылған. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева