Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Магеррам Магеррамов өз сауалын Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдады. Депутат шетелдерден қаражат алушыларға (2025 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша тізілім Мемлекеттік кірістер комитеті сайтында жуырда жарияланған) қатысты мәселені көтерді, деп жазады Egemen.kz.
Мәліметтерге сәйкес, 186 жеке және заңды тұлға, соның ішінде қоғамдық белсенділер, құқық қорғау ұйымдары, медиа құрылымдар және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың филиалдары жүйелі түрде шетелден қаражат алып отырады.
«Біздің елде кейбір тұлғалар көлемді қаражат алғанымен, олардың оны қайда бағыттап жатқанын ешкім бақылап жатқан жоқ», деді депутат.
Мәжілісменнің сөзінше, қолданыстағы тізілім тек қаражат алу фактісін ғана көрсетеді, бұл – ашықтық емес, оның сыртқы көрінісі ғана. Ал қаржыландырудың нақты көздерін (шетелдік донорларды), жалпы алынған сомаларды (оның ішінде әрбір алушы мен жоба бойынша бөлінісін), қаржы бөлінген мақсаттар мен міндеттерді, қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау тетіктері мен салықтық есептілік сияқты негізгі жайттарды ашып көрсетпейді.
«Шетелдік қаражат халықаралық ұйымдардың филиалдарына түседі де, одан әрі ел ішінде екінші деңгейлі гранттар түрінде таралады. Ал бұл қаражатпен тікелей қоғаммен жұмыс істейтін түпкі алушылар мүлде назардан тыс қалады. Мұндай заңнамалық олқылық кең «сұр аймақ» қалыптастырып, жасырын операцияларға қолайлы орта туғызады. Бұл схема денсаулық сақтау немесе білім беру саласындағы маңызды әлеуметтік бастамаларды қолдауға да қолданылуы мүмкін. Бірақ дәл солай азаматтарымыздың санасына деструктивті ықпал ету үшін де пайдаланылуы ықтимал», деді Мәжіліс депутаты.
Магеррам Магеррамовтың сөзінше, мұндай қаражат халқымыздың дәстүрлері мен отбасылық құндылықтарға теріс келетін идеологияны насихаттауға әрі әлеуметтік араздықты қоздырып, халық арасында жік туғызуға және «құқық қорғау» деген желеумен ұлттық бірлігімізді ірітуге әрі мәдени шабуыл арқылы моральдық тіректерімізді шайқауға, тағы сол сияқты әрекеттерге жұмсалып жатқан болуы мүмкін.
«Парадокс – шетелден қаражат алатын кейбір белсенділер мемлекеттен ашықтық талап етеді, ал өздерінің қаржыландыруы құпия қалып отыр. Бұл – ақпараттық соғыс. Шетелдік гранттар арқылы даму жолымыз бен құндылықтарымызға ықпал етуге жасалған әрекет», деді М.Магеррамов.
Осыған байланысты депутат НПК фракциясының талаптарын мәлім қылды.
«Біріншіден, шетелдік қаржыландыру тізілімінде ашылуы тиіс ақпарат көлемін елеулі түрде кеңейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістерді қысқа мерзімде әзірлеу. Ашық көрсетілуі қажет мәліметтер:
- қаражат беретін донорлар;
— әрбір алушы және әрбір келісім (грант) бойынша бөлінісімен көрсетілген толық алынған сомалар;
— қаражат бағытталған жобалардың нақты мақсаттары, міндеттері, күтілетін нәтижелері және орындалған жұмыс актілері;— тәуелсіз аудиттен өткен, қаражаттың мақсатты жұмсалуы туралы қоғамдық жыл сайынғы есеп;
— алынған қаражат бойынша салықтық төлемдер туралы ақпарат.Екіншіден, шетелдік қаржыландыруды жасыру немесе жалған ақпарат беру үшін жауапкершілікті қатаңдату. Бұл мәселедегі ашықтық – бюрократия емес. Бұл – ұлттық өзін-өзі қорғау актісі. Бұл ؘ– халқымызға кім және қандай мақсатпен ықпал етуге тырысатынын білуге деген құқығымыз», деді депутат.
НПК фракциясы атынан депутат аталған талаптарға ұлттық маңызы бар мәселе ретінде қарауды және заңда белгіленген тәртіппен жауап беруді сұрады.