Бірақ бұл игілікті қазақстандықтардың бір бөлігі ғана иеленеді.
Қазіргі кезде мысалы, Ресейге тұрақты өмір сүруге көшіп кеткен, алайда түрлі себеппен Қазақстан азаматтығынан сол бойы шықпаған адамдар жетерлік. Олар ара-тұра өз көліктерімен бұрынғы Отанына саяхаттап, қыдырып келіп тұрады.
Ресейде немесе басқа елде тұрақты тұрып, сол елге жұмыс істеп, салық төлеп жатқанымен, бұл азаматтар қағаз жүзінде, заң бойынша бәрібір "қазақстандық" саналады.
Ал, 2022 жылы Парламенттің заңнамаға енгізген түзетулеріне сәйкес, Қазақстан азаматтары бұдан былай барлық баж алымдарын және басқа салықтарды төлемей, шетелден елге көлік әкеле алмайды.
Kolesa.kz жазуынша, бұған дейін, 2024 жылғы 4 желтоқсанда ҚР Конституциялық соты "Жол қозғалысы туралы" заңындағы шетелде тұрақты тұратын Қазақстан азаматына шетелде тіркелген көлікпен ел аумағына кіруіне тыйым салатын норманы Конституцияға қайшы деп таныды.
Осыған байланысты Қазақстан үкіметіне ҚРКС-тің нормативтік қаулысы жарияланған күннен бастап 6 ай ішінде Конституциялық соттың құқықтық ұстанымын орындайтын жаңа заң жобасын Мәжіліске енгізу жөнінде тапсырма берілген болатын.
Қаулының қабылданғанына тура бір жыл өткенде, ҚРКС шешімі орындалып отыр. Таяуда Мәжіліс "Жол қозғалысы туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.
Ол бойынша өзге түзетулер сыртында аталған заңның 65-бабына жаңа 1-1-тармақ қосылады. Оған сәйкес, мынадай жағдайда "көлік құралы Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық жол жүрісінде жүр" деп саналады:
- егер оны Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан азаматы пайдаланса,
- егер көлік оның жеке меншігінде болса,
- егер көлік Қазақстанда тіркелмесе,
- Қазақстанда уақытша пайдалануға ғана енгізілсе, тек сонда ғана қазақстандықтарға шетелдік мемлекеттік тіркеу нөмірі бар машинамен елге кіруге рұқсат етіледі.
Осылайша, басқа мемлекетте резидент мәртебесі, тұруға ықтиярхаты немесе тұрақты тұруға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді визасы бар Қазақстан азаматы туған еліне келгенде 1 жыл бойы жатжұрттық мемлекеттік нөмірді таққан автомобильмен еркін жүре алады.
Тиісті заң жобасын осы айда Сенат депутаттары мақұлдайды деп күтілуде. Бірақ норма 6 ай өткен соң, яғни 2026 жылы жазда күшіне енеді.
Өз кезегінде Конституциялық сот "шетелде тұратын қазақстандықтардың құқығын қорғағанын" мәлімдеді. Ол өзінен осыған қатысты төрелік айтуды сұрап, аты-жөні жарияланбайтын адам жүгінгенін хабарлады.
Бір белгілісі, ол адам өзінің көлігімен Қазақстанға спорттық жарыстарға қатысу және туыстарына бару үшін уақытша келіпті. Алайда ұлттық заңнаманың талаптарына сәйкес, құзырлы органдар "оның өзіне меншік құқығымен тиесілі автомобилінің халықаралық қозғалыстағы автомобиль ретінде танудан бас тартқан".
Бұған ашынған ол адам өзіне кедергі болған қазақстандық заңды өз ыңғайына қарай өзгертуге ұйғарыпты, осы мақсатта Қазақстанның Конституциялық сотына жүгінді.
"ҚРКС сол азаматтың өтініші бойынша Жол жүрісі туралы (65-баптың 1-тармағы) және Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы (10-баптың 5-2 тармағы) заңдарының нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеріп, қорытынды шешімін шығарды. Бұған дейін шетелде тұрақты тұратын ҚР азаматының басқа мемлекетте тіркелген көлігінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудан бас тартылған", – делінген ведомствоның хабарламасында.
Конституциялық сот заңнамада көрсетілген тыйым 2022 жылы тиісті тіркеусіз және кедендік тазартусыз 1 жылдан астам мерзімге сенімхат негізінде басқа мемлекеттерден көліктерді елге заңсыз әкелудің және оларды Қазақстан аумағында тұрақты пайдаланудың алдын алу үшін қабылданғанын жеткізді. Ол кезде елде ресейлік, армениялық, абғаздық, моңғолиялық нөмірлер тағылған, қазақстандықтар меншігіндегі авто қаптап кеткен еді.
"Енгізілген өзгерістер көлік құралының меншік иелері болып табылатын және оны Қазақстанға уақытша кіру кезінде жеке өзі пайдаланатын басқа мемлекеттердің аумағында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары сияқты жеке тұлғалар тобының ерекшеліктерін ескермеген. Қалыптасқан жағдай көлік құралдары иелерінің мәртебесі мен тиесілігін ескермей, шетелде тұрақты тұратын кез келген адамға тиесілі көлік құралдарын халықаралық жол жүрісіне қатысады деп таныған сол кездегі қолданыстағы заңнамамен байланысты болды", – деп дәйектеді Конституциялық сот.
Жол жүрісі туралы заңның 65-бабы 1-тармағына сәйкес, "Қазақстан аумағы арқылы халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралы" болып "Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам пайдаланатын көлік" саналады.