АҚШ әскері Венесуэланы қоршап тұр. Рейтер агенттігінің дерегі бойынша аймақта 20-ға жуық әскери кеме мен 15 мың америкалық сарбаз шоғырланған. Вашингтон: «бұл есірткі саудагерлеріне қарсы операция», – дейді.
Вашингтон Кариб бассейніндегі бес қаруын сайлап, сарбаздарына қырағы болуды тапсырды. Бірер күнде Каракасқа қарсы қарулы операция басталып кете ме деген қауіп те жоқ емес. Әскери-стратегиялық картаға қарағанда АҚШ-тың әскери-теңіз күштері Куба мен Венесуэла арасындағы аймаққа орналасқан. Тіпті бұрынғы әскери базаларды, соның ішінде Пуэрто-Рикодағы Рузвельт-Роудс кешенін қалпына келтірді. Құрама Штаттар мұнда жойғыш ұшақтардың бірнеше тобын аттандырды. Сондай-ақ қашықтан басқарылатын «ЭмКью-9 Риппер» деп аталатын барлау ұшақтарын жөнелтті. Бұдан бөлек әскери техника тасымалдауға арналған кеменің бірнеше тобын шоғырландырды. Тіпті ядролық қару таситын бомбалаушы Би-52 мен Би-1 ұшақтардың оқу-жаттығуын өткізген.
Райан Берг, «Америкалық штаттар» бағдарламасының директоры:
- Құрама Штаттар әскери-теңіз күштерінің 10%-і қазір Кариб теңізінің оңтүстігінде орналасқан. Вашингтон мұнша көп әскерді бұл аймаққа соңғы рет 1989 жылы Панамаға басып кірген кезде шоғырландырған еді.
Пуэрто-Рикодағы әскери базаға АҚШ армиясының ең жоғарғы өкілдерінің бірі генерал Дэн Кейн барды. Аэродромды аралап, офицерлермен тілдесті. Сарапшылар: «бұл Құрама Штаттар көп ұзамай Венесуэлаға қарсы әскери қимылдарға көшуі мүмкін екенін айқындайды», – дейді.
АҚШ бұл операцияны «есірткі лаңкестеріне қарсы соғыс» деп атайды. Мұндағы лаңкес сөзінің қолданылуы кездейсоқ емес. «Бұл Ақ үйдің Венесуэлаға қатысты саясатын көрсетеді», – дейді сарапшылар. Құрама Штаттар Латын Америкасының бірнеше қылмыстық тобын шетелдік террористік ұйымдар тізіміне қосты. Соның ішінде венесуэлалық «Тренде Арагуа» мен «Күн картелі» де бар. Бұрын бұл тізімге Әл-Каида немесе ДАИШ секілді діни немесе идеологиялық ұйымдар ғана енгізілетін. Вашингтонның қазіргі шешімі Президент Трампқа Конгрестің рұқсатынсыз Венесуэлаға басып кіруге мүмкіндік береді. «Өйткені Құрама Штаттар аймақта есірткі саудалайтын осы лаңкестік екі топты Николас Мадуроның өзі басқарады», – дейді. Алайда, Каракас бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Делси Родригес, Венесуэла вице-президенті:
- Бүгін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио «Күн Картелін» террористік ұйым деп жариялады. Бірақ, іс жүзінде мұндай қылмыстық ұйым бар ма? Нақты дәлел-дәйектері де жоқ. Шындықты білгісі келсе, Эквадорға барсын. Әлемдегі ең ірі кокаин өндірушілер сол жерде орналасқан. Олар банан өсіретін шаруашылықтарда жүреді. Кокаиннің 70%-і осы Эквадор арқылы өтеді. Ал Венесуэла ешқашан өндіріп те, сатып та көрген емес.
Халықаралық есірткіге қарсы ұйымның мәліметі бойынша, кокаиннің 87%-і АҚШ-қа Колумбия мен Эквадордан Тынық мұхиты арқылы жеткізіледі. Ақ үй әкімшілігі бұл деректерді жақсы біледі. Сарапшылар есірткімен күрес сылтау ғана деп санайды. Себебі Президент Трамп бұрын да Мадуроны биліктен кетуге мәжбүрлеген еді. 2019 жылы Вашингтон оппозиция лидері Хуан Гуайдоны Венесуэланың уақытша басшысы деп қолдайды. Ал Мадуроға мұнайдан түсетін кірісті азайтатын санкциялар енгізеді. Сондағы мақсаты режимді құлату еді. Сөйтіп, АҚШ-тың саясатын қолдайтын билікті отырғызбақ болады. Бірақ бұл жоспары іске аспай қалады. Президенттікке екінші рет сайланған Дональд Трамп сол бастаған істі аяғына дейін жеткізуге бекініп отырған сыңайлы.
Кэролайн Левитт, Ақ үй баспасөз хатшысы:
- АҚШ Мадуро режимін заңсыз деп санайды. Венесуэлада кейінгі президенттік сайлау әділ өткен жоқ. Қорытындысы бұрмаланды. Дональд Трамп заңсыз есірткі тасымалдаған есірткі лаңкестері мен шетелдік терроршыларға жасалған әуе соққыларына өзінің жоғары бағасын берді. Америка басшысы мұндай қауіпке көз жұма қарай алмайды. Сондықтан есірткі саудасына қарсы операция әлі жалғасады.
Президент Трамп нақты қандай бағытқа бет алғанын ашық айтпай тұр әзірге. «Өйткені бір күні Мадуро көп ұзамай биліктен кетеді десе, енді бір күні Венесуэлаға басып кіретін жоспарымыз жоқ», – деп мәлімдейді. Қалай десек те, АҚШ саясатынан қарапайым венесуэлалықтар әр күнін үреймен өткізуге мәжбүр. Өйткені АҚШ-тың әскери операциясының тоқтайтын түрі көрінбейді. Енді сырттан әскер кіргізе ме деген уайыммен отыр.
Алексис Петит, Каракас тұрғыны:
- Венесуэлаға әскер кірсе, не болатынын елестеткім де келмейді. Бірақ біз қарсы шығуға дайынбыз. Отанымды ақтық демім таусылғанша қорғаймын. Қазір жағдайды бақылап отырмыз. АҚШ нендей шешім қабылдайды, әзірге белгісіз.
АҚШ 1989 жылғы Панамадағы әскери операциясын қайталағысы келетінін жасырмайды. Сол кезде есірткі тасымалына қатысы бар Мануэль Норьега режимін құлатқан еді. Алайда Венесуэла Панама емес. Ел аумағы 12 есе үлкен. Халқы 10 есе көп. Ең бастысы, аумағында АҚШ-тың бірде-бір әскери базасы жоқ. Сондықтан қазір Кариб аймағында тұрған 15 мың америкалық жауынгер аздық етеді. Сарапшылардың айтуына қарағанда Венесуэлаға басып кіру үшін 50 мыңнан 200 мыңға дейін әскер қажет.
Таяуда Ақ үй басшысы Құрама Штаттардың ең ірі энергетикалық бірлестігі Шевронға Венесуэладағы мұнай өндірісіне ірі инвестиция салуға рұқсат берді. «Сондықтан бұл тек сес көрсету ғана болуы мүмкін. Президент Трамп Каракасқа қоқан лоқы көрсету арқылы Мадуроны биліктен кетуге мәжбүрлемек», – дейді сарапшылар.
Авторы: Зайнұр Байжігіт