Қаржы алаяқтарының айла-амалдары күн өткен сайын күрделеніп барады. Олар азаматтардың мүлкіне қол сұғудың түрлі тәсілдерін меңгеріп, интернет кеңістігін белсенді пайдаланып жүр. Осындай жағдайда әрбір азамат өз жеке деректерін қорғап, несие рәсімдеу кезінде сақ болуға міндетті. El.kz тілшісі кәсіби заңгерлерден кеңес сұрап, алаяқтарға алданбаудың жолдарын қарастырып көрді.

Интернет алаяқтары: ең кең таралған қауіп

Кәсіби заңгер Нұрболат Ибраевтың айтуынша, бүгінде ең жиі кездесетін алаяқтық түрі — интернет арқылы жасалатын қылмыстар. Бұл көбінесе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жүзеге асырылады.

Мысалы, жақында маған бір азамат келді. Оған белгісіз біреулер «жұмысқа орналастырамыз» деп уәде беріп, арнайы қосымшаны жүктеуді сұраған. Сол арқылы азаматтың жеке мәліметтерін қолданып, оның атына 112 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген. Бұл іс сот қарауында. Алайда мұндай жағдайларды дәлелдеу өте қиын, – дейді заңгер.

Фишинг пен жалған уәделер

Интернеттегі алаяқтық тек жұмысқа орналастыру немесе жеңіл табыс ұсынумен шектелмейді. Сарапшының айтуынша, алаяқтар көбіне «шетелге шығарып жібереміз», «инвестиция салып, бірнеше есе табыс табасыз» деген жалған уәделермен азаматтарды алдап, қаражатынан айырады. Мұндай тәсілдер әсіресе жалған брокерлер мен инвестициялық платформалар арқылы жиі кездеседі.

Алаяқтықтан қорғанудың тиімді тәсілдері

Алаяқтардың құрбаны болмаудың бір жолы – eGov порталындағы «несиеден бас тарту» қызметін пайдалану. Бұл қызмет арқылы кез келген азамат өзінің атына несие рәсімдеуге уақытша тыйым сала алады.

Азаматтар электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы 6 айға дейін несие рәсімдеуден бас тарта алады. Бұл шешім банктер мен микроқаржылық ұйымдар үшін міндетті сигналға айналады, – дейді заңгер Ибраев.

Сонымен қатар, телеграм немесе басқа платформаларда ешкімге жеке мәліметтеріңізді – жеке куәлік суретін, ЖСН, банк картасының деректерін беруге болмайды. Алаяқтар мұндай ақпаратты пайдаланып, бірнеше минут ішінде сіздің атыңыздан қаржылық операциялар жасай алады.

Онлайн келісімшарттар және олардың заңдылығы

Қаржы алаяқтары күннен күнге адам сенгісіз әдістерге көшіп жатыр. Сондықтан әр азамат өзінің жеке деректерін сақтауға, интернеттегі кез келген ұсынысты мұқият сараптауға және ресми емес қосымшаларға сенбеуге тиіс. Несие рәсімдеуден уақытша бас тарту – осындай қауіп-қатерден сақтайтын қарапайым, бірақ тиімді тәсілдердің бірі.

Интернет арқылы келісімшарт жасау – қазіргі заманда қалыпты әрі заңмен рұқсат етілген тәжірибе. Кәсіби заңгер Нұрболат Ибраевтың айтуынша, онлайн қызметтерді сатып алу немесе несиелеу рәсімдері Қазақстан заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

Егер келісімшарт жеке кәсіпкерлер (ЖК) арасында жасалса, ол электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы рәсімделеді. Ал егер жеке тұлғалар арасында болса, бұл жағдайда растау әдісі ретінде SMS-код немесе телефон нөміріне келетін 4 таңбалы құпия код қолданылады. Бұл да заңды, өйткені келісімшарттың негізгі шарты – тараптардың өз еркімен келісуі және оны растайтын нақты әрекеттердің болуы, – дейді сарапшы.

Онлайн түрде келісім жасау заң жүзінде рәсімделген болып есептеледі және ол ешқандай құқықтық кедергіге ұшырамайды.

Алаяқтық бойынша іс қозғау үшін не қажет?

Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау үшін ең алдымен ақшалай шығынның нақты болғанын дәлелдеу қажет. Бұл жерде басты мәселе – алаяқтың бастапқыда қандай мақсатпен әрекет еткені.

Егер адам белгілі бір қызметті көрсетемін деп ақша алып, кейін уәдесін орындамай, жоғалып кетсе – бұл алаяқтық. Мысалы, «жолдама алып беремін» немесе «арзан бағамен шетелден тауар әкелемін» деп сенімге кіріп, ақшаны алғаннан кейін ештеңе жасамаса, бұл – алаяқтықтың нақты көрінісі, – деп түсіндірді заңгер Нұрболат Ибраев.

Алаяқтықтың тағы бір түрі – жалған уәделер мен шетелге шығу қызметтері

Кейінгі кезде кең тараған алаяқтық түрлерінің бірі – азаматтарды шетелге шығарып жіберемін, жолдама алып беремін немесе шетелден тауар жеткізіп беремін деп алдау. Бұл жағдайлар көбінесе ешқандай нақты келісімшартсыз, лицензиясыз және заңды негізсіз жүзеге асады. Мұндай схемаларда алаяқтардың негізгі мақсаты – азаматтардың сеніміне кіріп, қаржысын заңсыз иемдену.

Мысалы, бір адам өзін шетелдік турфирманың өкілі ретінде таныстырып, "Дубайға немесе Түркияға тур алып беремін" дейді. Алайда оның қолында шетелдік серіктестермен келісімшарт, лицензия немесе ресми тіркеу құжаттары жоқ. Бұл жағдайда оның әрекеті заңсыз болады. Оның мақсаты – ақшаны алып, қызмет көрсетпей жоқ болып кету, – дейді заңгер Нұрболат Ибраев.

Мұндай жағдайда ең бастысы – азаматтардың алданып қалғанын дәлелдейтін құжаттардың болуы.

Олар:

  • Ақша аударымы туралы түбіртек (банктік, Kaspi, қолма-қол);
  • Хат алмасу, аудиохабарламалар, скриншоттар (Telegram, WhatsApp т.б.);
  • Алаяқтың берген уәделерінің жазбаша немесе ауызша дәлелдері (мысалы, "бес жүз мың берсеңіз, бес елге апарамын" деген сөздер);
  • Егер келісімшарт болса, оның жарамсыз екенін көрсететін фактілер (мысалы, жалған ұйым атынан рәсімделгені).

Сот процесінің қиындықтары

Алаяқтық ісі сотқа жеткенше біраз кедергілерге тап болуы мүмкін. Сарапшының айтуынша, негізгі қиындықтар мыналар:

  • Алаяқ шетелге қашып кетуі мүмкін.
  • Жәбірленушіде нақты дәлелдер болмауы мүмкін, яғни хат-хабарлар сақталмаған, ақша қолма-қол берілген, ешқандай түбіртек жоқ.
  • Кейбір жағдайларда алаяқтық пен азаматтық құқық арасындағы шекара анық болмайды. Мысалы, егер тараптар арасында жалған келісімшарт жасалған болса, кей жағдайларда іс азаматтық дау ретінде қарастырылып кетуі мүмкін. Бірақ келісімшарттың негізі жоқ, заңсыз шарттармен жасалғаны дәлелденсе, бұл қылмыстық әрекетке жатқызылады.

Тергеушілер көбінесе осындай «екіұшты» істерді саралауда қиындық көреді. Бір жағынан келісім бар сияқты көрінеді, екінші жағынан келісім заңсыз, серіктестер нақты жоқ. Мұндай жағдайда істі қылмыстық деп тану үшін терең тергеу қажет, – дейді заңгер.

Кибер және мүліктік алаяқтықтан сақтану жолдары

Бүгінде алаяқтықтың түрі көбейіп, азаматтардың мүлкі мен жеке деректеріне қол сұғу әрекеттері күннен-күнге ұлғайып келеді. Бұл әсіресе интернет пен цифрлық жүйелерді пайдаланатын кибер-алаяқтық жағдайларына қатысты. Заңгер Аржан Сәдуақастың айтуынша, киберқылмыстар қазіргі қоғамда ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Кибер-алаяқтықтан бөлек, жылжымайтын мүлік саласында да алаяқтықтың түрлері жиі кездеседі. Әсіресе, Астана мен Алматы қалаларында пәтер сатумен немесе жалға берумен айналысатын тұлғалардың арасында жалған риэлторлар кездесіп жатады.

Жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле жасамас бұрын, міндетті түрде пәтердің заңдық жағдайын тексеру қажет. Құжаттарын мұқият қарап шықпай, тек сеніммен мәміле жасасаңыз, ертең ол пәтер алаяқтық жолмен сатылған мүлік болып шығуы мүмкін, – дейді заңгер.

Цифрлық кеңістіктегі қауіп

Қазіргі таңда алаяқтар интернет жүйелері арқылы азаматтарға жалған ақпарат ұсынып, олардың жеке деректерін қолына түсіреді. Бұл жеке деректерге банктік карта нөмірлері, логиндер мен парольдер, сондай-ақ жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) сияқты ақпараттар жатады, – дейді заңгер.

Көп жағдайда алаяқтар WhatsApp және басқа мессенджерлер арқылы күмәнді сілтемелер (ссылкалар) жіберіп, азаматтарды жалған «акциялар" немесе «жеңілдіктер» арқылы қызықтырып, фишингтік сайттарға кіргізеді. Мұндай сайттар арқылы қолданушының банктік деректері ұрланып, ақшасы шотынан шешіліп кетуі мүмкін.

Бұл әрекеттердің барлығы – арнайы жасалған қосымшалар мен жалған банктік платформалар арқылы жүзеге асады. Азаматтар бұған бейқам қарамауы керек, – дейді Аржан Сәдуақас.

Алаяқтың құрбаны болсаңыз не істеу керек?

Егер азамат алаяқтың құрбаны болса, міндетті түрде құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

  • Полицияға арыз жазу: Жақын жердегі бөлімшеге барып немесе 102 нөміріне хабарласып, болған жағдайды толық сипаттау қажет.
  • Қосымша дәлелдер жинау: Хат алмасулар, аударым түбіртектері, сілтеме, скриншоттар және басқа да дәлелдер іске көмек болады.
  • Заңгердің көмегі: Құқықтық процесте адвокаттың немесе кәсіби заңгердің көмегіне жүгіну – істің нәтижелі болуына ықпал етеді.

Егер полиция әрекет етпесе – прокуратураға жүгініңіз

Кейбір жағдайларда полиция арызды қабылдағанымен, іс қозғалмайды немесе тергеу жұмыстары тым баяу жүреді. Мұндай жағдайда азаматтар прокуратураға шағымдануға құқылы. Бұл құқық ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде бекітілген.

Прокуратура полиция органдарының әрекетіне (немесе әрекетсіздігіне) баға беріп, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қолдануға міндетті.

Құжатсыз алаяқтықты дәлелдеу қиын

Заңгерлердің айтуынша, ең үлкен проблема – азаматтардың ешқандай құжатсыз әрекет етуі. Мысалы:

  • Қолма-қол ақша беру;
  • Жазбаша келісім жасамау;
  • Әлеуметтік желіде жеке адамға сене салу.

Мұндай жағдайда алаяқтық фактісін дәлелдеу өте қиын. Себебі келтірілген мүліктік зиянның нақты дәлелі болмайды. Сондықтан кез келген қаржылық операцияда – тіпті қарыз берсеңіз де – құжатпен рәсімдеуді ұмытпаңыз, – дейді заңгер Аржан Сәдуақас.

Алаяқтық – білім мен құқықтық сауаттың жетіспеушілігінен туындайды

Қазақстанда алаяқтардың құрбаны болатындар саны аз емес. Бұл көбінесе орта білім деңгейінің төмендігі мен құқықтық ақпараттың жетіспеушілігімен байланысты.

Адамдар өз құқықтарын білмегендіктен, алаяқтардың тұзағына оңай түседі. Сондықтан құқықтық сауатты арттыру, күмәнді мәмілелерден бас тарту, заңгерден кеңес алу – өте маңызды. Әсіресе, егер келген шығын көлемі үлкен болса, заңгер немесе адвокаттың көмегі міндетті түрде қажет, – дейді заңгер Аржан Сәдуақас.

Қазіргі уақытта кибер-алаяқтық та, пәтерге қатысты заңсыз мәмілелер де жиілеп кеткен. Азаматтарға барынша мұқият болып, әрбір қаржылық немесе мүліктік қадамды нақты тексеріп барып жасау ұсынылады. Ал егер алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, уақыт созбай полицияға жүгініп, заңды жолмен қорғаныңыз.