Кейінгі айларда елдегі ет базарларында киік еті сатыла бастағанын жұрт жақсы біледі.

Аға буынға таныс дәм болғаннан кейін сұраныстың бары рас. Қой, сиыр және жылқы етін қымбатсынған, тауық етінен жалыққандар да қызығушылықпен сатып алып жатыр. Бірақ киік етінің де бағасы елдегі қымбатшылықтан тыс қалмады, делдалдар мен саудагерлер нарықта көрсетілген бағадан асырып саудалауда.

Жалпы, киік етіне қатысты екі мәселе бар: біріншісі, еттің сапасы болса, екіншісі, бағасы. Жасырары жоқ, кеңес дәуірінде киік еті дүкен сөрелерінде еркін сатылды. Қуырдағының дәмін татпаған адам кемде-кем. Қазір де тұтынуға құлықтылар көп. Алайда сапасын кім бақылап отыр?

Не дегенмен далада жайылған аң, қандай кеселі барын ешкім анықтап жүрмегені белгілі. Сондықтан оны халыққа ұсынардан бұрын, осы күмәнді сейілту керек еді. Қыркүйекте Үкіметте өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров киік етінің сатылымда бар екенін, ветеринарлық қызметтер жұмыс істеп тұрғанын жеткізген.

– Киік еті бойынша ветеринарлық қызмет жұмыс істеп тұр. Сынама алып, сараптама жасағаннан кейін ғана барып бұл жануардың еті сауда желілеріне жіберіледі, – деді Айдарбек Сапаров.

Әрине, бұндай бақылаудың ұйымдастырылғаны, бұйрықтың болғаны анық. Алайда орындалу кезінде олқылықтың болған-болмағанын дөп басып айта алмаймыз. Қазір тіпті жаза барына қарамастан шалғайдағы ауылдарда киікті өздері атып алып, тұтынып жүргендер жетерлік. Ал олар ветенитарлық талапты пысқырып та жатқан жоқ.

Негізі ветеринарлық талапқа сай болса киік етінің адам ағзасына пайдасы көп-ақ екен. Қазақстанның тағамтану академиясы киіктің етін зерттеп, пайдалы қасиеттерін анықтаған. Олардың есебінше, 100 грамм киік етінің құрамында ақуыздар – 20 грамм, майлар – 9 грамм, D дәрумені – 9,2 микрограмм, B5 дәрумені – 8 миллиграмм, темір – 3,9 миллиграмм, мырыш – 6 миллиграмм, L-карнитин – 132 миллиграмм. Сондай-ақ киік етінде магний мен селен де бар болып шықты. Сарапшылардың айтуынша, киік еті балаларға, жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға, спортзалда және кеңседе жұмыс істейтіндерге пайдалы.

Енді екінші мәселеге ойысайық, киік еті сатылып жатыр деген ақпарат шыққалы біз де дүкендердегі бағаны бағамдап көрдік. Көп жерде ет бүтіндей емес, бөлшектеліп сатылып жатыр. Бұған дейін нарықта киік еті 1 600 теңгеден сатылатыны айтылған. Дегенмен қазір бұл бағаға тек сүйек-саяғын ғана таба аламыз. Астаналық саудагерлер қазір келісін 2-3 мың теңгенің аралығында сатуда. Ал нағыз кесек етін 3 мың теңгеден жоғары сатып жатқандар бар. Яғни, нарықтағы бағасына үстемақы қосып отыр. Егер киік етіне сұраныс қазіргіден де қарқынды болғанда, баға ірі қара мал етінің құнына жуық қымбаттауы мүмкін еді.

Киік еті сатыла бастағанда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ет бағасы бақылауда болатынын, құнын заңсыз көтеретіндерге шара қолданылатынын айтқан. Алайда бұл жасалып жатқан шараның ұзаққа бармағаны көрініп отыр. Ет дүкендерінде де, онлайн сауда алаңдарында да сатушылар бағаны еркін көтерді.

Бір жағынан тиісті ведомство мәселеге аса бас қатырғысы келмейтіндей. Өйткені Қазақстанда киіктердің санын реттеу шаралары уақытша ғана. Популяциясы 800 мың басқа азайтылады, шегіне жеткенде, бақылау да, сатылым да тоқтай қалады. Сарапшылардың айтуынша, киік еті жалпы ет нарығының бар болғаны 1 пайызын ғана құрауы мүмкін. Яғни, бұл шамамен 15-16 мың тонна ет. Елде жыл сайын тұтынылатын еттің ауқымын ескерсек, бұл көп көлем емес. Сондықтан киік еті жаппай нарыққа таралып кетпейді, дәмін аңсағандар болмаса, көпшілік сатып ала да бермейді.

Ел арасында атып алған жануардың етіне күмән келтірушілер бар. Діни сенімді меңзеп отырмыз. Тек бауыздалған мал болмаса, етін "харамға" жатқызатындар көп. Бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері "киіктер шариғатқа сай атылған жағдайда ғана етін жеуге болатынын" алға тартып отыр.

– Ұстайтын аң қолға үйренбеген, жабайы болуы керек. Ауланып жатқан аң көзден таса болмауы қажет және аңшы артынан қуып отыруы шарт. Себебі Пайғамбарымыз көзден таса болған аңды аулауды құптамаған. Хадисте: "Бәлкім, оны басқа аңдар өлтірген шығар" деген. Екінші бір хадисте: "Сен садақ атып өлтіргеніңді көзіңмен көрсең, ол аңды же. Ал өлтіргеніңді көзіңмен көрмесең, жеме" деп айтылған, – дейді теолог Елбек Тасболатұлы.

Қорыта айтқанда, көпшілікке ұнай бермесе де киік етінің нарықта өз орны бар. Бірақ оның бағасын көтеру – елдегі қымбатшылықтың себебін ашып бергендей болды. Мал еті қымбаттағанда жұрт түсіністікпен қарады, оны бағатын шаруаның еңбегі мол, жемшөбі бар, шығыны мол жұмыс. Ал ешкім шығын шығармаған, далада жайылған киіктің етін қолдан еселей қымбаттатқандарға не деуге болады?!