Өткен айда Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын ұсынғанын білеміз. Кейін оны Мәжіліс мақұлдап, Сенат та танысып шығып , Президентке ұсынылуға жақын қалды.
Бірден байқалғаны, бұл құжатқа сыни көзқарастан гөрі позитивті пікірлер көп айтылып жатыр. "Ел экономикасын жаңғыртады, азаматтардың өмір сүру сапасын, теңгерімді" деген секілді мадақтаулар жетерлік. Шынымен солай ма?
Қаржы министрі Мәди Такиев 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын "жаңа Бюджет кодексі негізінде дайындалған алғашқы стратегиялық жоспар" деп бағалады. Есепке қарасақ, 2026 жылға арналған бюджеттің жалпы түсімі 23,1 трлн теңге деңгейінде болжанған. Оның ішінде трансферттерді есептемегенде таза кіріс 19,2 трлн теңге болмақ. Экономиканың өсіміне, жаңа Салық кодексінің қабылдауына, салықтық және кедендік әкімшілендіруге байланысты, осы жылмен салыстырғанда кіріс 3,6 трлн теңгеге артады екен. Ал бюджет шығыны 27,8 трлн теңгеге жетеді. Көріп отырғанымыздай, әдеттегідей кірістен шығыс көп. Бірақ тиісті ведомство бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің бар болғаны 2,5 пайызын құрайтынын, ал 2028 жылға қарай 0,9 пайыз болатынын алға тартқан.
Ал қаржы қай салаларға жұмсалады? 2026 жылы әлеуметтік бағытқа 10,7 трлн теңге қарастырылған. Оның 6,8 трлн теңгесі әлеуметтік төлемдерге, 3,9 трлн теңгесі адами капиталға инвестиция түрінде бөлінбек. Қарап отырсақ, жалпы бюджеттің 60 пайызы әлеуметтік салаға шығындалады. Оның ішінде денсаулық сақтау (2,7 трлн теңге), білім және ғылым (901,7 млрд теңге), мәдениет, туризм және спорт (263,5 млрд) саласы бар.
Осы уақытқа дейін еліміз әлеуметтік салаға көмекті еселей берді. Алайда сол арқылы бұл бағыттың мәселесі түгел шешілді дей алмаймыз. Керісінше, түрлі көмек пен жәрдемақы шығып, соны алуға ұмтылған "масылдар буыны" қалыптасып келе жатқандай көрінеді. Әрине, бұл пікірмен біз көпшілікті қаралағымыз келмейді, керісінше, негізсіз төлемдер арқылы бюджеттің бүйірін жұқартқан ведомстволардың жұмысын жүйелеу керегі білінеді.
Үкімет мүшелері неліктен тек әлеуметтік саланың өзіне жалпы бюджеттің 60 пайызын шығындағысы келіп отырғаны бізге де түсініксіз. Кей сарапшылар сынап жатқанымен, бұның да өз себебі бар көрінеді. Экономист Бауыржан Ысқақов бұл қадамды әлеуметтік тұрақтылықпен және демографиялық қауіпсіздікпен байланыстырып отыр.
– Әлеуметтік шығындардың көп болуы елдегі масылдықты күшейтеді дегенге келіспеймін. Алдағы үш жылдық бюджет жобасында қаржының 60 пайызы әлеуметтік салаға бөлінуі – экономикалық тұрақтылық пен демографиялық қауіпсіздік факторларына байланысты. Бұл шешімді дұрыс түсіну үшін біз 3 бағытты қарастырғанымыз жөн: экономикалық қисын, әлеуметтік тұрақтылық және мемлекеттік ұзақмерзімді стратегиясы, – дейді сарапшы.
Ысқақовтың сөзінше, экономикалық негіздемеде әлеуметтік шығындар да инвестияның бір түрі болып есептеледі. Дәл қазір Қазақстанда әлеуметтік салаға көп қаржы бөлу – шығын емес, адам капиталына жасаған инвестиция екен. Өйткені еңбек нарығы қарқынды өзгеріп жатыр. Цифрландыру, жасанды интеллект секілді біліктілікті талап ететін салалар қалыптасып келеді. Білім беру, денсаулық сақтау, кадр даярлауға кеткен қаржы келешектегі экономикалық өсімнің драйвері саналады.
– Бұл тұста еліміздегі демографиялық қысымды айтуға да болады. Балалардың саны жыл сайын өсіп келеді. Бұндай кезде әлеуметтік шығындардың көбеюі де заңдылық. Әлеуметтік көмек аймақтардағы жұмыссыздықты, миграциялық қысымды азайтуға септеседі. Кедейлікті төмендетіп, экономикалық белсенділікті арттыруға негіз болады. Қазақстанда әлеуметтік жағдайға байланысты 2020-2024 жылдар арасында 5-6 митингілердің болғаны, инфляцияның 20 пайыздан асқан уақыты, халықтың тұрмысының төмендеуі, тұрғын үй бағасының өсуі байқалды. Сондықтан әлеуметтік шығындардың артуы дұрыс деп есептеймін. Осындай кезде көмекті қысқарту керісінше әлеуметтік мәселелерді ушықтырып жіберуі мүмкін, – дейді экономист.
Яғни, Үкімет әлеуметтік салаға көбірек көңіл бөлу арқылы қоғамдық көңіл-күйді бақылап отыр десек қателеспейміз. Бірақ ақшаны бөлу бар да, оны орнымен, тиімді жұмсау мәселесі тағы бар. Екінші мәселеге келгенде "бармақ бастылық, көз қыстылық" керісінен көп қаржы нағыз мұқтаждарға жетпей жататынын айтушылар көп. Бұны Tengenomika арнасының авторы, экономист Ғалымжан Айтқазин да растаған.
Сарапшы әлеуметтік инвестициялардың тиімділігіне күмәнмен қарайды. Оның сөзінше, 2026-2028 жылдарға арналған бюджет елдің басты капиталы адамға инвестиция салу бағытын жалғастырып отыр. Бірақ бұл қаржының нақты тиімділігі әзірге күмәнді. Экономист атап өткендей, қаражат көбейіп жатыр, алайда нәтиже соған сай емес. Білім мен денсаулыққа көп қаржы бөлінгенімен, жүйелі бақылау мен нақты бағалау болмаса, бұл "қағаздағы басымдық" күйінде қалуы мүмкін.
Үкміет қанша жерден әлеуметтік саланы басым бағыт деп жариялағанымен, бұл бағыттағы жобалардың тиімділігін бағалау тетігі әлсіз. Қоғам тарапынан бақылау мен ашықтық күшеймеді. Үкіметтің мәлімдеуінше, 2026-2028 жылдарға арналған жаңа бюджет экономиканы сауықтыруға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Әйтсе де мақтауы асып, шаң жұқпаған құжаттың игілігі халыққа қалай тиері алдағы уақыт еншісінде.