Адам есім сойын өзгертсе өз білгені бар шығар. Ал он екі мүшесі сау адамның бүйрегін немесе бауырын өзгеге бергені қалай?

Әлемде ағза саудасы қызып тұр. Біраз ел қара нарықпен күресті күшейткенмен, тосқауыл әлсіз. Кім жетіскеннен бір мүшесін жұлып бере қойсын? Тұрмыстың тауқыметі де сол баяғы.

Кей елдерде, кей ауылда тұрғындардың тең жартысының бір бүйрегі жоқ тіпті. Болмашы ақшаға сатып жіберген. Жан бағу үшін адамдар бауырын да сатады. Мұндай жандар әсіресе Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыста көп.

22 жастағы Амон Кипруто Мели – Кенияның батысындағы аядай ғана ауылдың тұрғыны. Қол-аяғы балғадай жігіттің бір кемдігі, ойға да-қырға да шықты, бірақ жұмыс таппады. Ақыры ел қатарлы көлік мініп, тәуір киінгісі келген албырт жас бүйрегін сатуға бел буады. Досы арқылы делдалдармен келсіп, Элдорет қаласындағы ауруханаға түседі. Ағылшын тілін түсінбеген соң, істің мән-жайына терең бойламай, құжаттарға қол қойған.

Амон Кипруто Мели, донор:

- Әуелі жолым болып, жұлдызым жанғандай көрінді. Алайда ота жасалған соң денсаулығым күрт нашарлай бастады. Дәрігерлер қандай да бір тәуекелдер барын ескертпеді. Оның үстіне уәде етілген 6000 доллардың орнына 4000 доллар ғана төленді. Бұл ақшаға телефон мен көлік алдым. Көлік ұзаққа шыдамай, сынып қалды.

Амон Кипруто Мели қиын жағдайға түскен жалғыз кениялық емес. Элдорет маңындағы Ойюгис қаласында да биыл жүзге жуық жас өзінің бүйрегін сатқан. Бәрінің денсаулығы сыр беріп, көбі депрессия мен психологиялық ауруға шалдыққан.

Уиллис Окуму, Найробидегі қауіпсіздікті зерттеу институтының қызметкері:

- Бұл нағыз ұйымдасқан қылмыс. Олар заңның кем-кетік тұстарын өз пайдасына икемдеп алады. Кенияда өз келісіміңізбен кез келген адамға донор болу рұқсат етілген. Бірақ ол үшін ақша алуға болмайды. Сол себепті кей ауруханалар донор мен реципиент арасында делдал қызметін атқарады.

Кенияда ағза саудасының қара нарығы біраз уақыттан бері жалғасып келеді. Мұнда заңсыз донор боламын дегендер Әзербайжан, Пәкістаннан да ағылады. Әуелде ағзаға мұқтаж жандар көбіне Сомалиден келетін. Бірақ кейінгі жылдары Израиль мен Германиядан да ағылып жатыр.

Германияның өз басында ағзасын сатқандар 5 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Ол жақта тек мәйіттік және туыстар арасындағы донорлыққа рұқсат бар.

Сабина Фишер-Куглер, реципиент:

- Германияда шамамен 10 000 адам бүйрекке мұқтаж. Сондықтан Кенияға келдім. Келісімшартта донор ағзасын бергені үшін ақша алмайды деп жазылған. Бірақ мен ота үшін ауруханаға ақша төледім. Демек делдалдар мені алдап соқты.

Әлем бойынша ағзаны заңсыз сату айналымы жылына 600 млн доллардан асып жығылады. Өз ағзасын сатушылардың 70%-ы дамушы елдердің тұрғындары. Қара нарық құрбандары орта есеппен 24 жаста. 80–90 пайыз жағдайда тұрғындар бүйрегін сатады. Жалпы жыл сайын әлемде 7000-ға жуық бүйрек саудаға салынады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы енді 2026 жылға қарай донорлық және транспланттау бойынша жаһандық стратегия қабылдамақ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баспасөз қызметі:

- Ұйымға мүше мемлекеттер нормативтік-құқықтық базаны күшейтіп, мәйіт донорлығының көрсеткіштерін арттыруға тиіс. Тірі донорларды заңсыз ағза саудасынан қорғап, халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуі қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы донорлық және транспланттау саласындағы жаһандық стратегияны әзірлеу арқылы елге қолдау көрсетеді.

Биыл АҚШ-та донорлыққа мәжбүрлеуге қарсы заң жобасы қабылданды. Мақсат – ағза саудасымен халықаралық күресті күшейту. Ал Иран бүйректі сатып алуға рұқсат берген жалғыз мемлекет. Донор мен реципиенттің арасында туыстық байланыстың болуы міндетті емес. Тек екеуі де Иран азаматтары болуға тиіс. Айта кету керек, былтыр әлемде ағза алмастыру бойынша 173 мыңнан астам ота жасалды. Жыл сайын транспланттаудың шамамен 10%-ы заңсыз өтеді. Бұл құзырлы органдардың назарына іліккені ғана. Ал бізге беймәлімі қаншама.

Заңсыз ағза саудасы айналымы – $600 млн

Ағзасын сататындар — 70% дамушы ел тұрғындары

Қара нарық құрбандары – 24 жас

80–90% жағдайда бүйрек сатылады

Жыл сайын 7000 бүйрек сатылады