Техникалық білім – елдің өркендеуінің негізі. Бүгінде әлем күн сайын жаңарып, сан салалы салалар цифрлы технологияның жетегінде дамып келеді. Автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, жасыл энергетика, дрон құрылғылары – мұның бәрі бір кезде ғылыми фантастика секілді көрінетін ұғымдар еді. Енді сол "болашақ" бүгінгі шындыққа айналды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – ел экономикасының нақты тірегі саналатын техникалық және өндірістік сала мамандарына деген жоғары құрметтің, терең қажеттіліктің көрінісі. Жаңа реформалар аясында техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сол жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген білім ордаларының бірі – Жамбыл политехникалық жоғары колледжі.
Бұл оқу орны тек теориялық білім берумен шектелмей, жастардың шығармашылық қабілетін дамытатын, тың жобаларға жол ашатын, болашақ технологиялардың отандық нұсқаларын жасауға ынталандыратын орталыққа айналып отыр. Осы мақалада біз колледж қабырғасында дүниеге келген екі ерекше жоба – автоматтандырылған автотұрақ стенді мен экологиялық дрон туралы әңгімелейміз. Екі түрлі бағыт, бірақ бір мақсат – техникалық ойлауды, отандық инженерлік әлеуетті дамыту.
Жас инженердің алғашқы жаңалығы
Айбек Коммунарбек – Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Өндірістің автоматтандырылған жүйелеріне қызмет көрсету және жөндеу» мамандығы бойынша оқитын 2-курс студенті. Жас өнертапқыш колледжде білім ала жүріп, ерекше практикалық жоба жасап шығарды – автотұрақтың автоматтандырылған паркингінің шағын стенді.
Бұл стенд – өндірістік автоматтандыру жүйесінің жұмыс принциптерін модельдеу арқылы меңгеруге мүмкіндік беретін бірегей оқу құралы. Айбектің айтуынша, идея бірден пайда болған жоқ. Бәрі де бірінші курста бағдаршам жүйесін автоматтандырудан басталған.
Бағдаршамды «OBEN» логикалық контроллері арқылы басқару жобасын жасаған кезде автоматтандырудың қызығы мен қиындығын сезіндім. Теорияны шынайы құрылғыға енгізіп, оның қалай жұмыс істейтінін көру – бұл мен үшін нағыз ғылыми жаңалық ашқандай әсер қалдырды, – дейді Айбек.
Жобамен шектелмей, ол «WorldSkills Kazakhstan 2024» кәсіби шеберлік байқауына қатысып, электромонтаж саласында ерекше нәтиже көрсетті. Байқауда Айбек «ONI» контроллері арқылы басқарылатын паркингтің электр қалқанын жобалап, оны толықтай монтаждап, бағдарламалап, іске қосу жұмыстарын сәтті орындады.
Бұл байқау Айбектің инженерлік сенімін арттырып, өз бетімен ойлау, шешім қабылдау, техникалық мәселелерді нақты жағдайда шеше білу қабілетін дамытты. Байқаудан кейін ол өз жобасын оқу үдерісіне пайдалы стендке айналдыруды мақсат етіп, шағын автоматтандырылған паркинг үлгісін жасады.
Айбектің бұл жетістігінің артында мықты жетекші, сенімді серік – әкесі Абзал Мұсабаев тұр. Ол – колледж оқытушысы ғана емес, өмірлік тәлімгер. Өз баласына ғана емес, басқа да студенттерге бағыт-бағдар беріп, білім мен практиканы ұштастыратын жол сілтеп жүрген маман.
Қазіргі заман автоматтандырусыз дами алмайды. Біз студенттерге «дайын технологияны қолдан» емес, «технологияны өзің жаса» деп үйретеміз. Айбектің жобасы – дәл осындай ізденістің жемісі. Мұндай жобалар өндіріс әлеміне бейімделудің алғашқы баспалдағы, – дейді ұстаз әрі әке Абзал Коммунарбекұлы.
Стенд колледждің техникалық базасын толықтырып, студенттерге нақты өндірістік процесті модельдеуге мүмкіндік беруде. Төмен кернеумен жұмыс істейтін құрылғы қауіпсіз, әрі оңай түсінуге болатын жүйе ретінде жасалған. Бұл – білім беру жүйесінде практикалық оқытуға жасалған нақты қадам.
Дрон – болашақтың қанаты
Айбектен кейінгі тағы бір жаңалықтың авторы – Даниил Мершиев. Ол да осы колледждің студенті. Жас инженердің еңбегі – «Зерттеуші дрон» деп аталатын құрылғы. Бұл – бүгінгі күннің қажеттілігіне айналған құрал.
Даниилдің жобасы көпшілік дроннан өзгеше. Ол дронның қаңқасын бамбук ағашынан жасаған. Бұл – инновация мен экологияны ұштастыруға бағытталған батыл шешім.
Бамбук – өте жеңіл, икемді әрі экологиялық таза материал. Дронның ұшу ұзақтығы мен маневрлік қабілеті осы материалдың арқасында жақсарды. Сонымен қатар оны қолмен жинау, бөлшектерін үйлестіру, ұшу динамикасын тексеру – маған үлкен тәжірибе берді, – дейді Даниил.
Қазіргі таңда дрондар әскери қауіпсіздік саласынан бастап ауыл шаруашылығы мен табиғатты зерттеуге дейін кеңінен қолданылады. Алайда бұл салада отандық өнімдер аз. Даниилдің басты мақсаты – қолжетімді, әрі экологиялық дрон жасап шығару.
Ұстаздың бағасы – болашаққа сенім
Бұл жобаның жетекшісі – колледж оқытушысы Бауыржан Дауылбаев. Ол студенттің зерттеушілік қабілетін жоғары бағалап, жобаны әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр.
Даниил дайын нұсқаны құрастырып қойған жоқ. Ол барлық сызбаны өзі дайындап, бөлшектерді іріктеп, ұшу сынақтарын жасады. Бұл – табандылықтың, нақты инженерлік ойлаудың нәтижесі. Жоба алдағы уақытта кеңейіп, бейнекамера, автономды басқару, GPS жүйесін қосу арқылы толыққанды барлау дронына айналуы мүмкін, – дейді жетекші.
Бүгінгі таңда Даниил дронының алғашқы прототипі дайын. Келесі кезеңде құрылғыны жетілдіріп, ұшу уақытын арттыру, бейнебақылау сапасын жақсарту және автономды жүйелермен толықтыру жоспарда бар. Жас өнертапқыш бұл дронды дала өрттері мен су тасқыны кезіндегі барлау-құтқару жұмыстарында қолдануға болатынын дәлелдегісі келеді.
Болашаққа жол ашқан колледж
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі – шығармашыл жастардың басын қосқан орта. Мұнда тек білім ғана берілмейді, жаңашылдыққа, батыл қадамдарға жол ашылады. Студенттердің кез келген бастамасы қолдау табады, ал жетекшілер оларды теориямен шектемей, өндірістік практикалармен, шынайы өмірмен байланыстырып отырады.
Бұл – техникалық мамандықтарға деген қызығушылықты арттырудың және отандық өндірісті өз инженерлеріміз арқылы дамытуға жол ашудың нақты үлгісі.
Айбек пен Даниил – қазіргі жастардың ізденісі мен қажырлы еңбегінің жарқын көрінісі. Олар дайын шешімдерді көшіріп отырған жоқ. Олар жаңа идеяларды өз қолымен жасап, болашаққа өз жолын салып отыр. Мұндай жобалар елдің инженерлік мектебін жандандырып, жаңа буын мамандардың қалыптасуына үлкен серпін береді.
Қазақстанның техникалық дамуы – дәл осындай жастардың қолында. Тек теорияны емес, тәжірибені игерген, шабытпен жұмыс істейтін, өз ісіне берілген жас мамандар – ел болашағының кепілі.