Астанада Қазақстан-Өзбекстан ғылыми-шығармашыл зиялыларының алғашқы форумы өтті, деп хабарлайды 24kz.

Алқалы жиынды ашқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақ-өзбек зиялыларының бұл басқосуы бауырлас халықтардың рухани және мәдени ынтымақтастығына жаңа жол ашатынын атап өтті. Шара Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Сенатының төрайымы Танзила Нарбаеваның елімізге ресми сапары аясында ұйымдастырылды.

Қос халық ежелден бауырлас. Ортақ дәстүрі мен руханияты бар. Қазақ пен өзбекті түбірі бір тіл мен мәдениет біріктіреді. Осындай ортақ құндылықтар жақындастырған берік байланыс енді одан әрі беки түспек.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Шын мәнінде мәдениет, өнер, білім дегеніміз – ешқандай саясат салқыны бұза алмайтын мызғымас көпірлер. Олар қашан да ортақ тарихқа, өзара құрметке және құндылықтарға табан тірейді. Ғылыми және шығармашыл ортаның бүгінгі кездесуі алдағы уақытта тың идеялармен, маңызды ойлармен және жаңа жоспарлармен алмасатын дәстүрлі алаңға айналады деп сенеміз. Осындай игілікті іс арқылы біз бір-біріміздің үнімізге құлақ асып, ортақ жарқын болашақ жолында маңызды қадам жасаймыз.

Қазақ-өзбек руханиятында ұрпаққа аманат етілген философиялық идеялар жеткілікті. Шығыс ғұламаларының пәлсапасын насихаттау – бүгінгі қауымның парызы. Ендігі қадам да сол – әдебиетшілердің туындыларын аудару, ақын-жазушылардың шығармашылық кештерін өткізу, жас ақындарды қолдау, ғылыми, шығармашыл зиялылардың диалогын жандандыру көзделіп отыр. Креативті IT-жобаларды іске асыру да маңызды.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері:

- Әрине, мынау Айбек пен Әуезовтің арасындағы, Ғафур Ғулом мен Сәбит Мұқановтың арасындағы аңызға бергісіз байланыстар қазір үзіліңкіреп қалғаны да жасырын емес. Шын мәнінде Өзбекстанда туған қазақ қаламгерлері аз емес. Мысалы Есенғали Раушан, Төлеген Айбергенов, Исраил Сапарбай сияқты. Сол сияқты Қазақстанда туған Насыр Фазылов, Адыл Якубов сияқты көптеген өзбек қаламгерлері үлкен үлес қосқан. Қазіргі жастар да аз емес. Осылардың арасындағы байланыстарды мейлінше мемлекетаралық деңгейде, осындай форум деңгейіне көтеру интеллигенцияға үлкен қолдау болады деп ойлаймын.

Бахром Абдуллаев, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының депутаты:

- Бұл іс-шаралар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға көмектеседі. Мұндай кездесулер ғылым мен білімнің дамуына, тәжірибе алмасуға және жастар тәрбиесіне ықпал етеді. Әсіресе, жастардың бір-бірімен достасып, сыйластықты арттыруына және болашақта қажет болатын жаңа білім алуларына мүмкіндік береді.

Сөзсіз, Қазақстан мен Өзбекстан жоғары деңгейдегі саяси, экономикалық, сауда-инвестициялық серіктестікті әлдеқашан орнатқан. Өзара табысты әріптестікті рухани һәм мәдени байланыссыз елестету мүмкін емес. Зиялы ортадағы тамырластықтың жөні бір бөлек.

Оңайгүл Тұржан, ақын, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті:

- Бұл керек екенін, маңызын айтайын. Мысалы Еуропа мемлекеттері әдеби интеграция жағынан бір-бірімен өте тығыз байланысты. Поляк, венгр, чех тіліндегі әдебиеттер Еуропа үшін аз тілді болып есептеледі. Сондықтан олар жыл сайын ағылшын тіліне, неміс тілдеріне аударылып отырады. Рухани байланыс ол үлкен саяси-экономикалық деңгейдегі байланыстардың тастабаны бола алады.

Иә, бізді Әл-Фараби мен Әл-Бируни, Ясауи мен Бабыр, Абай мен Науаи, Абдулла Қадыри мен Мұхтар Әуезов секілді ұлы тұлғалардан қалған мұра байланыстырады. Ұлы Жібек жолы дәуірінен бері өрбіген тарихи сабақтастық бүгінгі стратегиялық серіктестікке негіз. Ал, Қазақстан мен Өзбекстан зиялыларының бірінші форумы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынып, дипломатияны жаңа деңгейге жетелеуге сеп болды.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Марат Диханбаев