Еліміз жер-жаһандағы түрлі жағдайды ескере отырып , дипломатиялық тәуелсіздік пен тепе-теңдік саясатын ұстанып отыр.
Мемлекетіміздің ұлттық мүдделерді айқындап, өз бренді ретінде бейбітшілік пен келіссөздер алаңын көпшілікке ұсынуын аса маңызды іс-әрекет деуге әбден болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы орайда, Қазақстанның жоғары ұйымдастыру мен PR деңгейінен аттап өте алмаймыз. Басты себеп, халықаралық саммиттерді өткізу, форумдар ұйымдастыру елімізді әлемге танытатын негізгі алаң ретінде көрініс тапты.
Осылайша, 2024-2025 жылдар Қазақстан үшін дипломатиялық белестер мен стратегиялық өсім кезеңі болды деуге тұрарлықтай. Географиялық шектеулерге қарамастан, мемлекетіміз өзге елдермен тұрақты дипломатиялық қарым-қатынас жасау жолында жанкештілік танытып келеді.
Астана декларациясының қабылдануы жаңа кезеңге жол ашты
2024 жылы Қазақстан Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына (ШЫҰ) төрағалық етіп, Астанада ұйымның маңызды саммитін жоғары деңгейде өткізді. Бұған көпшілік куә. Іс-шараға Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Иран және Беларусь сияқты елдердің басшылары қатысып, геосаяси тұрақсыздық пен жаһандық сын-қатерлер аясында жаңа тұғырнамалық құжат – Астана декларациясы қабылданды. Бұл тарихи кезеңге бет түзеуіміз еді.
Қазақстан төрағалығы кезеңінде ШЫҰ-ның институционалдық дамуына басымдық беріп, аймақтық қауіпсіздік, экономикалық интеграция және көлік-транзит байланыстарын нығайтуға айрықша назар аударғаны көпшілікке аян. Саммит барысында Беларусьтің ұйымға толық мүше ретінде қабылдануы бірлестіктің геосаяси аясын кеңейткен маңызды оқиға саналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте көпжақты ынтымақтастықты тереңдетудің маңызын атап өтіп, климаттық өзгерістерге қарсы бірлескен іс-қимыл, азық-түлік қауіпсіздігі мен цифрлық трансформация бағытында нақты ұсыныстар айтты.
Астана саммиті Қазақстанның бейбіт дипломатия мен теңгерімді сыртқы саясаттағы беделін тағы бір мәрте айқындады. Елдің сындарлы ұстанымы мен бастамашылдығы ШЫҰ-ны стратегиялық серіктестік алаңына айналдыруда шешуші рөл атқарды десек те болатындай.
Еуроодақ пен Орталық Азия: Қазақстан қатысқан тарихи саммит
2025 жылдың сәуір айында Өзбекстанның Самарқанд қаласында Еуропалық Одақ пен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы алғашқы толыққанды саммит өтті. Бұл тарихи оқиға өңірлік ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастап, тараптар арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталды.
Саммитке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және ЕО атынан Еуропалық кеңес төрағасы қатысты. Жиында 13,2 млрд еуроға жуық инвестициялық жобалар пакеті ұсынылып, көлік-логистика, су және азық-түлік қауіпсіздігі, климат және жасыл энергетика салаларындағы әріптестікке басымдық берілді.
Қазақстан саммитте "Орта дәліз" (TITR) жобасын ілгерілету, экологиялық тұрақтылық, сандық инфрақұрылым дамыту сынды ұсыныстарымен ерекше көзге түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ЕО мен Орталық Азия арасындағы өзара сенімді нығайтудың маңыздылығын атап, Қазақстанның көпвекторлы, бейбіт сыртқы саясатын нақты мысалдармен негіздеді.
Саммит қорытындысы ретінде қабылданған бірлескен декларацияда Орталық Азия елдерінің ЕО үшін сенімді әріптес екендігі мойындалды. Бұл Қазақстанның аймақтағы жетекші рөлін, келіссөз жүргізудегі салмағын және халықаралық бастамалардағы белсенділігін айқын көрсеткен жиын болды.
COP29: Қазақстанның климаттық саясаттағы жаһандық үндеуі жасалды
2024 жылы Бакуде өткен БҰҰ-ның климат жөніндегі 29-конференциясы (COP29) – жаһандық жылынуға қарсы күрестегі ең маңызды халықаралық алаңдардың бірі саналды. Оған 190-нан аса елдің делегациясы қатысып, жасыл экономика, көміртек бейтараптығы және климаттық қаржыландыру мәселелерін талқылады.
Қазақстан атынан саммитке қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға дейін көміртексіз экономикаға көшу жоспарын жариялап, Орталық Азияның климаттық тәуекел аймағына айналып келе жатқанын атап өтті. Мұны да өте тарихи шешім деуге болатындай. Мемлекет басшысы аймақтық ынтымақтастықты күшейтіп, су қауіпсіздігі мен азық-түлік тұрақтылығы бойынша бірлескен іс-қимыл қажет екенін алға тартты.
Президент сонымен қатар, Арал теңізінің тартылуы мен оның салдарынан туындаған экологиялық апаттан айналып өте алмады. Ерекше айта кетерлігі, Қазақстан бұл өңірді қалпына келтіру жолында нақты жобалар ұсынып отыр. Ол – жасанды су арналары, спутниктік бақылау арқылы тұзды дауылдарды болжау, сексеуіл көшеттерін егу ауқымын кеңейту, халықаралық донорлық көмек тарту. Бұл бастамалар COP29-да оң қолдау тапқаны да бір жетістікке баланып отыр.
Сондай-ақ, конференцияда еліміз трансшекаралық өзендер мәселесін ашық көтеріп, өзен суын әділ және ғылыми негізде бөлуді ұсынды. Бұл – Орталық Азиядағы климаттық шиеленістердің алдын алуға бағытталған сындарлы ұстаным.
COP29 Қазақстанның экологиялық бастамаларда көшбасшы елге айналып келе жатқанын, әрі климатқа бейімделу бойынша тек бақылаушы емес, шешім ұсынушы мемлекет екенін көрсетті. Шынын айтқанда, елдің абыройын биіктете түскен маңызды жиындардың бірі ретінде тарих қойнауына ене түсті.
Қазақстан – уран көшбасшысы және атом энергетикасының сенімді әріптесі
Қазақстан – әлемдегі уранның 43%-ын өндіруші держава. Мұнымен жер-жаһандағы көптеген ел таныс. Сондай-ақ, ел аумағында дүниежүзілік уран қорының 12%-ы шоғырланған. 2025 жылдың маусымында Ресей мен Қазақстан арасында РФ-де уран қоры мол учаскелерде атом электростанциясын салу туралы келісім болды, бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, ядролық саланы дамытуға бағытталған стратегиялық шешім саналды. Сонымен бірге, Kazatomprom санкциялар себебінен Батыс нарыққа жеткізуді Азияға ыңғайландыруда, транзит инфрақұрылымын жаңа бағыттарға бейімдеуде.
"Қазатомөнеркәсіп" компаниясы бірнеше жыл қатарынан әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші ретінде танылып отыр. 2024 жылы Қазақстан әлемдік нарыққа 21,2 мың тонна уран жеткізіп, өзінің стратегиялық рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Әлемде климаттық дағдарыс тереңдеп, көміртекті энергия көзінен бас тарту үдерісі жеделдеген тұста, ядролық энергетикаға деген сұраныс қайта артып келеді. Бұл – қалыпты жайт. Осы орайда, Қазақстан тек шикізат экспорттаушы ғана емес, ядролық отын цикліндегі толық серіктеске айналуды көздеп отыр.
2025 жылы Қазақстан мен Ресей арасында еліміздің уран байыту және өңдеу саласын бірлесіп дамыту, тіпті ядролық энергетика нысанын салу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, Қазақстан Қытай, Франция, Оңтүстік Корея сияқты елдермен отын таблеткаларын жеткізу және ядролық технологиялар саласында ынтымақтастық орнатуда.
Бұған қоса, Халықаралық Атом Энергиясы Агенттігінің (МАГАТЭ) төмен байытылған уран банкі де Қазақстан аумағында орналасқан. Бұл – елге ядролық қауіпсіздік пен бейбіт мақсаттағы атом технологияларын дамытуда сенім артып отырғанын көрсетеді.
Ядролық салада Қазақстан ұстанатын басты қағида – қауіпсіздік, ашықтық және бейбіт мақсат. Осы ұстанымның негізінде ел өзінің технологиялық мүмкіндігін кеңейтіп, жаһандық энергетикалық трансформацияға белсенді үлес қосып келеді.
"Орта дәліз" Қазақстанды Еуразияның "жүрегіне" айналдырады
Соңғы жылдары Қазақстан "Орта дәліз" деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (TITR) стратегиялық мән-маңызын терең түсініп, транзиттік держава ретіндегі рөлін күшейтуді жалғастыруға ниетті. Бұл бағыт Қытайдан басталып, Қазақстан арқылы Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия және ары қарай Еуропаға дейін созылады. Демек, ол – Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын ең қысқа әрі қауіпсіз жолмен жүзеге асыруға мүмкіндік береді деген сөз.
Қазақстан бұл дәліздің кеңейтілген логистикасы, порттық инфрақұрылымы, теміржол торабы арқылы басты тірекке, нақты негізіне айналып отыр. Ақтау және Құрық порттарының мүмкіндігі артып, жанданып, Қытаймен шекарадағы "Қорғас – Шығыс қақпасы" хабы толық қуатында жұмыс істеп тұр. Бұл бағытпен жүк тасымалы 2023 жылы 3,2 млн тоннаға жетсе, 2025 жылы көрсеткіш бірнеше есеге ұлғая түспек.
"Орта дәліз" – тек экономикалық тиімділік ғана емес, геосаяси тұрақтылықтың жаңа форматы, негізгі көрсеткіші. Ресейге салынған санкциялар мен жаһандық тұрақсыздық жағдайында көптеген мемлекет балама маршрут іздеп отыр. Оны да жоққа шығара алмаймыз. Осы тұрғыда Қазақстан әлем елдеріне бейтарап, сенімді және тұрақты серіктес ретінде танылады.
2025 жылы Қазақстан бұл жобаға Үндістан мен Арменияны да тарту бастамасын көтеріп, бағыттың географиясын кеңейтті. Бұл да өз кезегінде тағдыршешті оқиғаға негіз болды. Сонымен қатар, жүк өңдеудегі цифрлық бақылау жүйесі, кедендік рәсімдерді оңайлату және логистикалық хабтарды жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
Қорыта айтқанда, "Орта дәліз" – Қазақстанды тек өткел емес, Еуразияның өзегіне, "жүрегіне" айналдыратын көпвекторлы жобалардың бірі. Бұл – елдің географиясын стратегиялық артықшылыққа айналдырудағы табысты үлгісі. Жоба жүзеге асып, елдің бай-қуатын арттыра түсетін күн де алыс емес сияқты. Жалпы алғанда, елміз әлемдік аренадағы өз орнын әлдеқашан айшықтап алды. Қазір кез келген жиында өз беделін көрсете алады, мән-маңызға ие ел екенін өзге мемлекеттер біледі, санасады.