Экологтар Павлодар облысындағы Жасыбай көліне кешенді экологиялық мониторинг жүргізді, деп хабарлайды 24KZ. Судан сынама алып, зертханаға жіберді. Мұндай шаралар су айдындарының жағдайын бағалап, экожүйедегі өзгерістерге дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Баянауыл ұлттық табиғи паркіне келетін туристер су айдындарының сапасына жиі алаңдайды. Себебі кейбір аумақта су лайланып жатыр. Сол себепті су қоймаларының қауіпсіздігі қашанда маңызды.
Қанат Мұсапарбеков, Экология департаментінің басшысы:
- Өткен жылдары жоғарғы нормативтен асқан көрсеткіштер болған жоқ. Бірақ биыл да біздің халықтың, жергілікті халықтың және демалушылардың ұсынысы бойынша биыл осы анықтамаларды алып жатырмыз.
Баянауылдың тау жоталары мен қалың қарағайлы орманының арасында Сабындыкөл, Жасыбай және Торыайғыр секілді ірі тұщы көлдер орналасқан. Оған қоса ондаған су айдыны бар. Тұмса табиғатымен көз тартатын аймақ үнемі бақыланады.
Азамат Ақаев, Баянауыл ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары:
- Ұлттық парктің негізгі мақсаты – осы қоршаған ортаны, табиғи объектілер мен кешендерді сақтап қалу. Ал енді сол сақтап қалуды жақсы, жоғары деңгейде жүзеге асыру үшін міндетті түрде бір материалдар қажет. Осы бүгін алынған сынамалардың ертеңгі нәтижесі бұдан кейін жұмысымызды жалғастыруға өте көмектеседі деп ойлаймын. Осы демалушыларға ешқандай да зиян келмеуі үшін, бірінші кезекте табиғатқа зиян келмеуі үшін осы жұмыстардың нәтижесін асыға күтеміз.
Мамандар судан сынама алып, арнайы зертханалық талдау жүргізіп жатыр. Осы арқылы судың мөлдірлігі, оттегі мөлшері мен ластаушы заттардың бар-жоғы анықталады.
Адель Ахметкәрімова, Экология департаменті бөлімінің бас маманы:
- Судың сынамалары алынды. Осы судың сынамалары физикалық, химиялық зерттеулер жүргізіледі. Анализ 5-7 күнде дайын болады. Жыл сайын өткіземіз. Жылына екі рет: шомылу маусымы басталмас бұрын және одан кейін.
Судың сапасы экологтарды ғана емес, жыл сайын демалуға келетін мыңдаған туристі де алаңдатады. Егер бақылау жұмыстары жүйелі жүргізілмесе, табиғи көлдер экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін. Ал бұл жолы алынған зертханалық сынамалардың нәтижесі келер аптада белгілі болады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Валентина Леонова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков