Күй оркестрі қырық адамнан құрылған. Тартар күйдің аты – «Жасампаздық». Яғни күйіміздің мән-мағынасына – еліміздің ерлеп, өркен жаюы, қоғамымыздың бірден-бір даңғыл жолға түсіп, ілгері озып, ел-жұрт «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» замандағы күй кешуі арқау болған. Дирижердің демеуімен күйіміз баяу ғана күмбірлей кетті.
Ал күйді күмбірлетер қырық пенде бұл күйді ұйқыдан шырт оятып қолына домбыра ұстатса болды, күйдің кез келген ширегіне ілесіп шерте жөнеледі. Сондықтан мынадай көңіл ояу, сезім сергекте қалыс қаламын-ау, күйде кідіріс болады-ау деп селт етпейді. Қайта «жасампаздық» қырық қолдан шарықтап жатады. Ал дәл сол мезетте: «көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» демекші, әр кәлләда бір қиял, қырықтың әрқайсысы қиялға беріліп қырқа асып отырады.
Бірінші: «Атаңанәлеттікі-ай, шетіне отырып алғанымды қарашы, мына бір телеоператорда ұңғысын маған қадап қыдия қалыпты. Осыдан құтылып, келесіде алмаған үш айдың жалақысына ішпей-жемей кетсем де бір тәуір түпли алып кимесем. Көнетоз көйлегімнің қырқылған жағасын ішке бүктеп киіп-ақ едім, көрініп қалмаса жарар еді...».
Екінші: «Қонақ келсе – құт, көп жатса – жұт» деуші еді. Қайынжұртта қайтар емес. Қаусап біттім, бөрі аштығын білдірмес деген. Қырқына шыдадым, біріне бірнәрсе етіп шыдармын».
Бесінші: «Балам он бірді бітіреді. Бітіруіне бас-аяғы жүз мың қажет. Қарыз бастан асады. Тауып бермесең шат-шәлекейдің көкесі сонда болады. Қарыз бере қояр кім қалды-ей мен бейбақта».
Тоғызыншы: «Үйінен безінген мендей-ақ болсын. Қызметі бардың түрі менмін. Әйелім, келін балаларды қосқанда, бақандай алты-жетеуі жұмыссыз...».
Он екінші: «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген. Әне-міне деп әкем жатыр. «Ауылға апарып қоярсың» дегені ауырлау тиді-ау... Қиянға қиылып кетсемде жеткізермін».
Он жетінші: «Қатар отырған Қилыбайдың күйге еріп елпілдегені жынымды келтіріп отырғаны. Кеше ғана емес пе еді, екі жүз грамнан кейін мүшкіл халін айтып мүләйімсігені».
Он сегізінші: «Қасындағы Қарсаққа таңы бар. «Жасампаздыққа» жан дүниесімен беріліп желдей есіп есеңгіреп-ақ қалыпты. Кеше ғана емес пе еді, құрып-біткенімізді, келеңсіз-кесепатты арқау етіп көз-жасын төккені...».
Жиырма тоғызыншы: «Ойпырым-ай, оркестрдің қырық адамнан құралғаны қандай жақсы. Әйтпесе, шанағы кертілген, түбі тесік домбырамен отырғаным білінсе ғой...».
Отыз үшінші: «Осындағы оңдысы мен едім. Қала бойынша көшедегі қалт-құлт еткен дүңгіршектерді жауып тып-типыл етпекші дейді. Шай-пұлымды ажыратып отырған «Ажарымнан» айрылып әдірем қалмасам жарар еді».
Қырқыншы: «Мана сахнаға шығар алдында дирижеріміз әжетханада ауының сыдырмасын үзіп алып еді... Мұндайда ол кісінің біздерге қарап-ақ еңкейіп-шалқайғаны әбүйір болар ма... Ойпыр-ой, күйде бітті-ау... Мәссаған, дирижеріміз күймен күйгелектеп әрі қарап қол соққан көпшілікке иіліп-шалқаяды кеп...».
Келесі орындалар күйдің аты – «Жарқын болашақ».
Берік САДЫР