Қос палатаның бірлескен отырысы өтіп жатыр .
Парламент 2024 жылғы республикалық бюджетті орындау бойынша Үкімет пен Жоғарғы аудиторлық палатаның есептерін бекітті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Үкімет резервінен шұғыл шығындарға қаражат бөлу тәжірибесі жалғасып келеді. Яғни резервтің немесе бұл ұғымның тым кең болуы, бюджетте қаралмаған шығындарды оңай қаржыландыруға мүмкіндік береді. Мысалы, Бір министрліктің жоспарын іске асыру шеңберінде жобалық-сметалық құжаттаманың уақтылы дайын болмауына байланысты 93,3 млрд теңгенің 73 млрд теңгесін (яғни 78%) Үкімет резервінен жұмсаған. Мұндай жағдайлар мемлекеттік ресурстардың негізсіз "мұздатылуына" әкеледі, демек бұл қаражатты басқа өзекті жобаларға бағыттауға болар еді деген болжам туындайды", – деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.
Оның айтуынша, бүгін Өкімет резерві бюджет жоспарлауын түзетудің бір құралы ретінде пайдаланылып, бюджетті қалыптастыру кезінде тиімділік бағалауынан өтпеген кейбір шығыстардың қосымша қаржыландыру көзіне айналып отырғандай. Сондықтан Үкімет резервін пайдалану тәсілін қайта қарап, оның шынайы мақсатқа сай қолданылуын қамтамасыз ету қажет, деді ол.
"Бюджеттің орындалуындағы ең тұрақты және шешілмей тұрған мәселелерді келесі түрде топтауға болады. Бюджеттік жоспарлаудың төмен сапасы: мақсаттар ресурстармен байланыспаған, нәтижелер нақты өлшенбейді. Орталық және жергілікті органдар арасындағы үйлестірудің жоқтығы, әсіресе инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру кезінде. Республикалық және өңірлік деңгейлерде тиімсіз шығыстар мен аяқталмаған жобалардың көлемінің өсуі. Квазимемлекеттік секторды басқарудағы қиындықтар: бюджеттік тәуелділіктің жоғары болуы, салынған қаражаттың төмен тиімділігі, қарыздың артуы және қаржылық тәртіптің әлсіздігі. Инвестициялардың қайтарымдылығына жеткілікті көңіл бөлінбей, қарыз жүктемесінің ұлғаюы", – деді депутат Ұласбек Сәдібеков.
Оның айтуынша, көрсетілген мәселелер уақытша сипатта емес.
"Олар соңғы жылдар бойы сақталып, бюджеттік жүйенің тұрақты тәуекелдеріне айналып отыр. Сонымен қатар, себептерді жою бағытында ілгерілеу жеткіліксіз. Жоспарлау, бақылау және тиімділікті бағалау тәсілдері әлі де жүйесіз және бірізді емес сипатта қалып отыр.
Осы жылдан бастап жаңа редакциядағы Бюджет кодексі күшіне енді, оның нормалары бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің – барлық деңгейлердегі – қаражатты игермегені, жобаларды уақытында іске асырмағаны және нәтижесіздігі үшін жеке жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, шығыстардың тиімділігін міндетті түрде алдын ала және кейінгі бағалау енгізілді.
...Жоғарыда келтірілгендерді ескере отырып, 2024 жылғы республикалық бюджетті орындау бойынша Үкімет пен Жоғарғы аудиторлық палатаның есептерін бекітуге болады деп санаймын", – деді мәжілісмен.