Цифрлық технология дамыған сайын қылмыскерлер де әдіс-айлаларын жетілдіріп келеді. Жалған сайттар, фишинг, дропперлік, бөтен адамның атына рәсімделген шоттар — бүгінде мұның бәрі шынайы қауіпке айналды. Бірақ заң бұл өзгерістерге үлгере алып отыр ма? Азаматтар өз құқығын қалай қорғай алады?
Осы және өзге де маңызды сұрақтар төңірегінде біз "Haqq Legal" заң фирмасының директоры, тәжірибелі заңгер Еркебұлан Бекбосыновпен сұхбаттастық. Сарапшы интернет-алаяқтықпен күрестегі құқықтық тетіктерді, дропперлік үшін қарастырылып жатқан жауапкершілікті және қарапайым азаматтарға арналған лайфхактарымен бөлісті.
El.kz: Интернет-алаяқтық үшін қандай заң баптары қолданылады?
Еркебұлан Бекбосынов: Қазақстанда интернет арқылы жасалатын алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен реттеледі. Бұл бап – «Алаяқтық» деп аталады және бөтен мүлікті ұрлау немесе оған құқықты иелену мақсатында алдау не сенімді теріс пайдалану арқылы жасалатын әрекеттерді қамтиды.
Бұл норма мынадай интернет-қылмыстарды қамтиды:
- банктердің атын жамылып жасалатын фишинг шабуылдары мен жалған сайттар;
- мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алдау түрлері;
- жалған интернет-дүкендер мен жалған жарнамалар;
- «жылдам табыс» пен «инвестициялық жоба» секілді қаржылық пирамидалар мен инвестициялық алдау схемалары.
Аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайлармен жасалған жағдайда, аса ірі көлемде зиян келтіру, топпен келісіп жасау, ақпараттық технологияны пайдалану секілді белгілер арқылы жаза қатаңдатылуы мүмкін.
El.kz: Дроппер деген кім және ол қандай жауапкершілікке тартылады?
Еркебұлан Бекбосынов: Дропперлер — бұл өз атына тіркелген банк картасы немесе шотын басқа адамға беріп, сол арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшаның айналымға түсуіне мүмкіндік жасайтын тұлғалар. Көбінесе олар алаяқтардың тікелей нұсқауымен әрекет етеді.
Заң тұрғысынан алғанда:
- Егер адам өзінің шоты алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылатынын білген болса, ол қылмыстық топтың сыбайласы ретінде ҚК-нің 28-бабы (қылмысқа қатысу) және нақты әрекетке байланысты басқа да баптармен жауапқа тартылады.
- Егер дроппер шоттың нақты мақсатын білмеген болса, көп жағдайда куәгер ретінде өтеді. Алайда, бұл оның мүліктік жауапкершіліктен немесе азаматтық-құқықтық салдардан босатылады деген сөз емес.
Қазіргі таңда ҚР заңнамасында "дропперлік" үшін жеке бап жоқ, бірақ заң жобасы аясында мұндай әрекеттерге арнайы жауапкершілік енгізу қарастырылып жатыр.
El.kz: Дропперлік заң жүзінде қалай реттеледі және қандай жаза қарастырылған?
Еркебұлан Бекбосынов: Қазақстанда дропперлік әрекеттер (банктік шоттарды беру, заңсыз аударымдар жасау) ресми түрде қылмыс ретінде танылатын болады. Бұл ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілетін жаңа 232-1-бап арқылы жүзеге асырылады.
232-1-баптың атауы:
«Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру деректеріне заңсыз қолжетімділікті беру, өткізу немесе сатып алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру».
Осы бап аясында:
- Өз шотыңызды басқаға беру – 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- Үшінші тұлғаларға ақша аудару – 5 жылға дейін;
- Бөтен шотқа қолжетімділік сатып алу – 7 жылға дейін.
Сонымен қатар, егер адам өз еркімен келіп, схема туралы мәлімет берсе және тергеуге көмектессе, ол жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.
Бұған дейін дропперлерге тек азаматтық-құқықтық талаптар қолданылып келген (мысалы, ақшаны заңсыз иемденгені үшін қайтару туралы істер). Бірақ қылмыстық жауапкершілік болмаған, бұл өз кезегінде схемалардың еркін өршуіне жол ашты.
El.kz: Кибербуллинг пен жеке деректерді тарату үшін қандай жаза қолданылады?
Еркебұлан Бекбосынов: Қазақстанда кибербуллинг (интернеттегі қудалау, қорқыту, шантаж) әзірге Қылмыстық кодексте жеке бап ретінде көрсетілмеген. Алайда мұндай әрекеттер басқа құқықтық баптар арқылы қудаланады:
ҚР ҚК 131-бабы — «Қорлау»
Жеке тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітетін пікірлер мен балағат сөздер үшін жаза қарастырылады. Бұл, әсіресе, әлеуметтік желілердегі көпшілік алдында айтылған қорлауларға қатысты қолданылады.
ҚР ҚК 147-бабы — «Жеке өмірге қолсұғушылық»
Фотосуреттер, хат-хабарлар немесе басқа да жеке ақпаратты адамның рұқсатынсыз жариялау осы баппен жазаланады. Бұл бап персоналдық деректердің таралуына тікелей қатысты.
ҚР ҚК 194-бабы — «Қорқытып алу (вымогательство)»
Егер кибербуллинг кезінде шантаж, ақша талап ету немесе қауіп төндіру орын алса, бұл бап бойынша ауыр қылмыс ретінде қарастырылады.
Қазіргі таңда заңнамаға кибербуллингті жеке қылмыс ретінде айқындайтын өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл балалар мен жасөспірімдерге қатысты интернеттегі қудалау әрекеттеріне тосқауыл қоюға бағытталған.
El.kz: Интернет-алаяқтардан қалай қорғануға болады
Еркебұлан Бекбосынов: Цифрлық заманда әр адам киберқауіпсіздік ережелерін білгені жөн. Интернеттегі алаяқтардың арбауына түспеу үшін төмендегі қарапайым қағидаларды есте сақтаңыз:
- Құпия деректерді ешкімге бермеңіз
SMS-кодтар, банк картасының PIN және CVV-кодтары, жеке кабинеттердің құпиясөздері тек сізге ғана тиесілі. Бұл ақпаратты ешқашан басқа адамдарға айтпаңыз.
- Сайттардың сілтемелерін тексеріңіз
Жалған сайттар көбінесе ресми ресурстарға ұқсас болады. Мекенжай жолын мұқият қарап шығыңыз. Бір әріптің айырмашылығы немесе күмәнді домен – қауіпті белгі.
- Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз
Бұл функция жеке аккаунттарды қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі болып саналады. Қосымша растау арқылы өзіңізді сақтандырасыз.
- Телефон арқылы "банк" немесе "қауіпсіздік қызметі" хабарласса, сенбеңіз
Банк ешқашан телефон арқылы құпия ақпаратты сұрамайды. Мұндай қоңырау шалған жағдайда әңгімені дереу тоқтатыңыз.
- Бейтаныс адамдарға ақша жібермеңіз
Инвестиция, лотерея, жылдам табыс секілді ұсыныстардың бәрі – жиі қолданылатын алаяқтық схемалар. Мұндай ұсыныстардан бас тартыңыз.
- Ақша сұраған хабарлама келсе, асықпаңыз
Хабарлама танысыңыздан келсе де, алдымен өзіңіз жеке хабарласып, нақтылап сұраңыз. Бір қоңырау арқылы үлкен шығынның алдын алуға болады.
El.kz: Мемлекет интернет-алаяқтықпен қалай күресіп жатыр?
Еркебұлан Бекбосынов: Соңғы жылдары интернет арқылы жасалатын алаяқтық түрлері көбейіп, қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызуда. Қарапайым адамдарды қармаққа түсіретін схемалар күрделеніп, олардың құрбандары да артып келеді. Осыған байланысты мемлекет бұл мәселеге қарсы нақты шаралар қабылдай бастады.
Ең алдымен, Қылмыстық кодекске жаңа 232-1-бап енгізілді. Енді өз атына тіркелген банк шотын немесе картасын бөтен адамға бергендер, яғни дропперлер, тікелей қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мысалы, өз шотыңызды берсеңіз – 3 жылға дейін, ал біреудің шотына ақша аударсаңыз – 5 жылға дейін, ал бөтен шоттың деректерін сатып алсаңыз – 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуыңыз мүмкін.
Бұған қоса, сот тәжірибесінде де өзгерістер бар. Дропперлерге қарсы азаматтық істер қаралып, алаяқтық жолмен алынған қаражатты қайтару туралы шешімдер жиі шығарылуда.
Интернет-алаяқтықпен күрес тек жазалаумен шектелмейді. «Киберпол» жобасы іске қосылып, бүгінде еліміздің барлық өңірінде жұмыс істей бастады. Бұл жоба аясында шетелдік жалған нөмірлермен келетін қоңырауларды бұғаттау жүйесі сәтті іске қосылған. Яғни енді алаяқтардың "банк қызметкеріміз" деп қоңырау шалуы қиындай түсті.
Сондай-ақ банктер де күмәнді операцияларды бақылауды күшейтті. Белсенділігі күдік тудыратын шоттар автоматты түрде тексеріліп, қажет жағдайда уақытша бұғатталады.
Ал 2025 жылғы 22 шілдеде Ұлттық банк Антифрод-орталықтың жұмысын ресми түрде бастады. Бұл орталықтың мақсаты – қаржылық алаяқтықпен күресті жүйелі жүргізу. Орталық банктерге:
- күмәнді ақша аударымдарын тез анықтауға,
- дер кезінде әрекет етуге,
- бір-бірімен нақты уақытта ақпарат алмасуға,
- барлық тіркелген алаяқтық жағдайларын ортақ базаға енгізуге мүмкіндік береді.
Яғни бұл — қаржы секторындағы барлық ойыншылардың бірлесіп әрекет етуіне арналған бірыңғай қорғаныс жүйесі.
Дегенмен, түйіні тарқатылмаған мәселелер де бар. Ресурстардың жеткіліксіздігі, маман тапшылығы және ең бастысы — халықтың цифрлық сауаттылығының төмендігі алаяқтардың жұмысын әлі де жеңілдетіп тұр.
Сондықтан да киберқауіпсіздік тек мемлекеттің емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігіне айналуы тиіс.
El.kz: Интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз не істеу керек?
Еркебұлан Бекбосынов: Онлайн алаяқтардан ешкім де 100% сақтанған емес. Егер сіздің атыңыздан ақша алынса не алданғаныңызды байқасаңыз, тез әрі нақты әрекет ету маңызды. Міне, қандай қадамдар жасау қажет:
- Барлық дәлелдерді сақтап қойыңыз
Хабарламалар, аударым түбіртектері, чаттағы жазбалар мен скриншоттар — бәрі істі дәлелдеуге көмектеседі. Бұл материалдарды ешқайда жібермей, өзіңізде сақтаңыз.
- Банкке дереу хабарласыңыз
Егер ақша сіздің шотыңыздан кеткен болса, банкке жедел түрде хабар беріңіз. Кей жағдайда операцияны уақытында тоқтатып, қаражатты бұғаттауға болады.
- Полицияға арыз беріңіз
Арызды бірнеше жолмен беруге болады:
- eGov порталы арқылы онлайн;
- «102» қосымшасы арқылы;
- немесе тұрғылықты жердегі ішкі істер бөліміне барып, жеке түрде.
- Құқықтық кеңес қажет болса, заңгерге жүгініңіз
Егер алаяқтықтан келген залалды өндіруді қаласаңыз, азаматтық талап арыз арқылы да сотқа жүгінуге болады. Бұл үшін заңгердің көмегі қажет болуы мүмкін.
El.kz: Фишинг пен жалған сайттарды қалай ажыратуға болады?
Еркебұлан Бекбосынов: Алаяқтар жиі қолданатын тәсілдің бірі — фишинг. Олар жалған сайттар мен хабарламалар арқылы сіздің жеке деректеріңізді немесе банк ақпаратыңызды алуға тырысады. Осындай қулықтың құрбаны болмау үшін мына белгілерге назар аударыңыз:
- Күмәнді сайт мекенжайы
Жалған сайттар көбіне түпнұсқаға өте ұқсас болады, бірақ бір-екі әріппен ерекшеленеді. Мысалы:
kaspi.kz орнына kasp1.kz, egov.kz орнына eg0v.kz.
Мекенжайды мұқият тексеріңіз.
- Грамматикалық қателер мен оғаш сөздер
Жалған сайттар мен хабарламаларда жиі қателер, түсініксіз сөйлемдер немесе ақаулы аудармалар кездеседі. Бұл — күдіктенуге себеп.
- «Шұғыл әрекет ету керек» деген қысым
Мысалы, «шотыңыз бұғатталады», «5 минут ішінде растамасаңыз, ақша кетеді» деген мазмұндағы хабарламалар — классикалық алаяқтық белгісі. Олар сізді асықтырып, ойлануға мұрша бермейді.
- Бейтаныс нөмірлерден келетін қоңыраулар
«Банк қызметкеріміз» деп хабарласып, төлемді растауды, ақша аударуды немесе деректеріңізді айтуыңызды сұраса, бұл алаяқ болуы әбден мүмкін. Шынайы банк ондай қоңырау шалмайды.
El.kz: Қазақстанда «Заң мен тәртіп» моделі қаншалықты тиімді?
Еркебұлан Бекбосынов: Қағаз жүзінде еліміздегі «Заң мен тәртіп» қағидасы дұрыс құрылған: құқық бұзушылықтың алдын алу, жазадан бұрын ескерту, тәртіпті сақтау секілді ұстанымдар нақты белгіленген. Алайда тәжірибеде бұл жүйе бірқатар қиындықтарға тап болып отыр.
Біріншіден, заңдарды қолдану кейде бірізді емес. Яғни бір жағдайларда заң қатал қолданылса, басқа жағдайда елеусіз өтіп кетуі мүмкін. Бұл қоғамда әділеттілікке деген сенімді әлсіретеді.
Екіншіден, құқық қорғау органдары көбіне жазалауға көп мән береді, ал құқықбұзушылықтың алдын алу, профилактика жұмыстары екінші қатарға шегеріліп жатады. Мұндай тәсіл ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізбейді.
Үшіншіден, алаяқтық пен киберқылмыстың жаңа түрлері өте жылдам пайда болып жатыр, ал оларға қарсы жүйенің реакциясы баяу. Бұл қылмыскерлерге уақыт пен кеңістік беріп отыр.
Нағыз тиімділікке қол жеткізу үшін тек заң нормалары жеткіліксіз. Қоғамда құқық қорғау органдарына деген сенім, ашықтық және профилактикалық жұмыс алдыңғы қатарға шығуы тиіс. Қауіпсіздік тек бақылау мен жаза арқылы емес, сенім мен серіктестік арқылы нығаяды.
El.kz: Заңды білмеу — жауапкершіліктен босата ма?
Еркебұлан Бекбосынов: Жоқ, босатпайды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 4-бабына сәйкес, заң талаптарын білмеу — адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Яғни азамат қандай да бір әрекеттің заңсыз екенін білмеген күннің өзінде, оны жасағаны үшін жауап береді.
Алайда сот мұндай жағдайды жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескеруі мүмкін. Мысалы, егер адам әрекетінің салдарына толық түсінік бермегені дәлелденсе, бұл жаза түрі мен көлеміне әсер етуі ықтимал. Бірақ бұл кінәсіз деп тануға немесе істі тоқтатуға негіз болмайды.
Сондықтан әр азамат заң талаптарынан хабардар болуға міндетті, ал құқықтық сауаттылық — тек құқық қана емес, маңызды жауапкершілік.
El.kz: Неліктен адамдар алаяқтардың құрбанына айналады?
Еркебұлан Бекбосынов: Интернет-алаяқтардың арбауына түсу – тек абайсыздықтан ғана емес, бірнеше объективті себептерден туындайды. Олардың ішінде ең бастысы – құқықтық және цифрлық сауаттың төмендігі.
- Құқықтық білімнің жеткіліксіздігі
Көпшілік интернетте қандай әрекет заңды, қайсысы заңсыз екенін нақты ажырата алмайды. Жеке деректерді қорғау ережелерін білмеу – алаяқтар үшін оңай олжаға айналдырады.
- Шамадан тыс сенгіштік, әсіресе қарттарда
Егде жастағы адамдар үшін телефон арқылы сөйлескен адамға сену – қалыпты жағдай. Олар “банк қызметкеріміз” деген дауысқа күмәнсіз жауап беріп, өз еркімен деректерін айтып қояды.
- Қаржылық әлсіздік пен «жеңіл табыс» іздеу
Жылдам ақша табу немесе инвестиция арқылы баюға деген қызығушылық – алаяқтық схемаларға есік ашатын басты себептердің бірі. Көп жағдайда зардап шеккендер өздері алғаш қадам жасап, “оңай табыс” ұсынған күмәнді ұсыныстарға алданып жатады.
- Алаяқтардың ресми сайттар мен қызметтерге ұқсатып әрекет етуі
Көптеген схемалар өте шебер дайындалады: сайттар мен хабарламалар ресми сервистерге айнымастай етіп жасалады. Тіпті сілтеменің мекенжайын байқамай, өзіңізді қауіпсіздікте сезінуіңіз мүмкін.
Алаяқтардың басты қаруы – адамның сенімі мен бейхабарлығы. Сондықтан қауіпсіздіктің алғашқы қадамы — ақпараттану және күмәншіл болу.
El.kz: Жастардың құқықтық сауаттылығын қалай арттыруға болады?
Цифрлық дәуірде жастар интернетпен ерте танысады, бірақ қауіптерін әрдайым бағамдай бермейді. Сондықтан құқықтық және цифрлық қауіпсіздік — мектеп партасынан бастап үйретілуі тиіс маңызды дағды.
Құқықтық сауаттылықты арттыру үшін:
- Мектептер мен ЖОО-ларда міндетті түрде цифрлық және құқықтық қауіпсіздік сабақтарын енгізу қажет. Тек теория емес, нақты өмірлік мысалдар мен интерактив форматта.
- Әлеуметтік желілер мен бейнеформаттарды тиімді қолдану: қысқа роликтер, стористер, нақты алаяқтық схемаларды әшкерелеу сияқты мазмұн жастарға тез әрі оңай сіңеді.
- Блогерлер мен танымал тұлғаларды тарту — құқықтық білімді тек мұғалімдер ғана емес, жастардың өздері үлгі тұтатын адамдар арқылы да жеткізу керек.
- Ең бастысы — жастармен олардың тілінде сөйлесу. Құрғақ заң тілі емес, түсінікті, шынайы әрі шын өмірмен байланысты мысалдар арқылы ақпарат беру маңызды.
Интернет — шексіз мүмкіндік қана емес, сонымен қатар елеулі қауіп көзі. Қазіргі алаяқтар дөрекі емес, керісінше, өте шебер: сенімге кіреді, асықтырады, білмеуді пайдаланады. Мұндай ортада ең мықты қорған — нақты білім мен сақтық.
Құқықтық сауат — бұл енді жай қосымша білім емес, смартфон қолдана алу секілді өмірлік қажетті дағдыға айналды. Неғұрлым көп білсек — алдану соғұрлым қиындай түседі.