2023 жылдан бері әскери борышын өтеген 6 мыңға жуық азамат ЖОО-ға грантқа түсті. Соның 2 мыңнан астамы алдағы оқу жылынан бастап жатақханамен қамтылып, шәкіртақы алады. Жалпы әскери гранттар толық игеріліп жатыр ма? Тиімді жобаның тағы қандай ұтымды тұстары бар?

Арнайы жоба арқылы грантқа түскендердің бірі – Темірлан Раушан. Былтыр колледж бітіріп, дипломын алған бойда әскерге өз еркімен аттанған. Армиядағы тәртібі мен белсенділігінің арқасында өзі армандаған университетке оқуға түсіп, мемлекеттік грант иегері атанды.

Темірлан Раушан, грант иегері:

- Аягөзде 10181 әскери бөлімі бар. Сондағы артиллериялық дивизионда борышымды өтеп келдім. Грант алғанда негізі керемет сезім болды. Кішкентай балаға сыйлық бергендей болады ғой, тура сондай күй кештім. Қорғаныс министрлігіне шақырылдық. Сол жерде министрдің орынбасары табыстады. Ата-анамыз, бауырларымыз бәрі қуанышты болды. Қазір ЕҰУ-дегі «Ақпараттық технология» мамандығына өттім.

Әскери борышын өтегендерге жақында бас аяғы 2314 мемлекеттік грант бөлінді. Соның 2 мыңнан астамын Ғылым және жоғары білім министрлігі бөлсе, қалған 304 грантты Қорғаныс Министрлігі берген. Нәтижесінде Қарулы Күштерге 1140 орын, Ұлттық Ұланға 910, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара Қызметіне 161 орын, Төтенше Жағдайлар Министрлігіне 55 грант берілсе, Мемлекеттік Күзет Қызметінің жауынгерлеріне 48 орын бөлінген.

Айберген Өміржан, грант иегері:

- Әскерде жүріп, грантқа түсуге болады деп естіген кезде мен қуандым. Оған әрекет еттім, өзімнің қабілеттерімді көрсеттім. Іріктеу болды және әскерде жүріп ҰБТ тапсырдық. Сол ҰБТ-дан жақсы бал жинап, әрі қарай грант алғанымды естігенде қуандым. Мен Өскемен қаласында Отан алдындағы борышымды өтедім. Қарағанды қаласына оқуға түсіп жатырмын.

Мерей Қанапия, тілші:

- Ал қорғаныс министрлігі бөлген 304 грант ол таза әскери университеттерді таңдағандарға арналған. Сәйкесінше Қарулы Күштердің Жоғары Оқу Орындарына 253 орын, Ұлттық Ұланға 36, ҰҚК Шекара Қызметіне 12 грант берілсе, Төтенше Жағдайлар Министрлігінің Жоғары Оқу Орнына 3 грант бөлінген.

Осы орайда Қарулы Күштер қатарында қызмет еткендерге неліктен көп грант бөлінді деген сұрақ туындайды. Оған басты себеп мынау. Былтыр 40 мыңнан астам азамат әскер қатарына алынса, соның 55 пайызға жуығы Қарулы Күштер қатарын толықтырған.

Мұрат Олжабаев, ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы:

- Жаңадан келген сарбаздар армия қатарына алынбай жатып, қорғаныс департаменттеріне келгеннен бастап, үгіт-насихат жүргізіліп, түсіндіріледі.Бірінші күннен бастап әскери қызметкерлердің барлық үлгерімі, жауынгерлік кезекшіліктері, өздерінің міндеттерін атқару кезіндегі көрсеткіштері физикалық-психологиялық тұрғыда есептеліп, соңында 2 пәннен тест тапсырып, рейтинг бойынша кім жоғары деңгейде солай бөлінеді.

2023-2024 жылдары 6 мыңға жуық сарбазға сертификат берілсе, соның 50 пайыздан астамы игерілген. Қалғандары жеке себептеріне байланысты тегін оқудан бастартқан.

Мұрат Олжабаев, ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы:

- Кейбір ата-аналар түсінбейді. Армия қатарына барғандардың барлығына түгел беріледі деп ойлайды. Мұны алуға барлық сараздың мүмкіндігі бар. Жоғарыда айтқандай, Ғылым және жоғары білім министрлігінен 2010 орын бөлінді. Сол 2010 орынға әскер қатарында 20 мың әскери қызметкер болса, соның 2010-ы ғана иелене алады. Қалған 18 мың адамның мүмкіндігі бар. Яғни ҰБТ-сыз ақылы оқуға түсе алады.

Айта кетейік, азаматтық ЖОО-дарына түскендерге жаңа оқу жылынан бастап шәкіратқы төленіп, жатақханамен қамтылады. Одан бөлек әскери кафедраларға еш іріктеусіз қабылданып, офицерлік шен алып шыға алады.

Авторлары: Мерей Қанапия, Асхат Қарақойшиев