Бурабайда шетелде туып өскен қазақ балалары басқосты. АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Польша, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қытай мемлекеттерінен келген жасөспірімдер «Жас Қазақ» лагеріне қатысып жатыр. Олар тарихи Отанымен байланысын нығайтып, ұлттық құндылықтарды тереңірек тануға мүмкіндік алып отыр.

130 бала. Бұлар шетелден келген қазақ балалары. Олар түрлі шығармашылық және білім сайыстарында үздік танылған дарынды жастар.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Биыл тоғыз түрлі елден келген қазақ балалары бір шаңырақ астында. Олар екі апталық лагерьде қазақ тілі, тарих пәндерін оқиды. Қолөнер, би және актёрлік шеберлікке қатысады. Садақ атып, атқа мінеді.

Тарихи отанымен, оның тыныс-тіршілігімен жақынарақ танысу үшін кейбірі 4000, тіпті, 10000 шақырымды артта қалдырған.

Нұрбану Серік, лагерь қатысушысы:

Мен Польшадан келдім. Мына жақта балалардың бәрі жақсы, мұғалімдер де өте сүйкімді, жақсы адамдар. Бурабай күшті, табиғаты әдемі, таза жер екен.

Алибұрақ Қуатбек, лагерь қатысушысы:

Бұл орта адамдармен жақынырақ танысуға, жақсы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Өзіңді үйіңдегідей сезінесің. Достарыммен қазақша сөйлесіп, қазақ тілінде сабақ алып, тереңірек үйренсем деймін. Ата-бабаларымның бәрі қазақша білген. Сондықтан маған да ана тілімді білу маңызды.

«Жас Қазақ» лагері дәстүрлі жоба. 2019 жылдан бастап жыл сайын өтеді. Төрт жыл ішінде 13 мемлекеттен 700-ге жуық бала қатысқан.

Лашын Жанарбек, «Отандастар қоры» КЕАҚ Білім және жастар жұмысы бойынша маманы:

Лагерьдің бағдарламасы өте кең. Бала алғаш келген кезде, олар қызыл, көк, ақ орда сынды 7-8 ордаға бөлінеді. Әр ордада әр мемлекеттен келген балалар болады. Араларындағы достықты нығайту үшін. Сосын оларға тапсырма беріледі. Әрбір сабаққа қатысуына, тәртібіне балл беріліп отырады. Ең соңында үздік ордаға бағалы сыйлықтар табысталады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерьге қатысқан балалар арасында Атамекенге көшіп келгендері де бар. Сондай-ақ жоғарғы оқу орнын елімізде таңдағандары да кездескен.

Жания Исмағамбетова, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Иә, отандары басқа. Туған жерлері басқа. Бірақ менің қаным қазақ, менің ұлттық кодым қазақ деп сезіп тұрғандарына таңғалам.

Екі жұмаға созылатын белсенді демалыстан кейін қатысушылар өзара байланыс орнатады. Бірін-бірі қимай кетеді. Атажұртына қайта келгілері келеді, — дейді ұйымдастырушылар.

Темірлан Нұржанұлы