Армения Еуразия құрлығында сыртқы саясаттың жаңа формулаларын сынап жатқан елдердің бірі.

Батыспен байланысын үзбей, аймақтағы серіктестерін де жоғалтпай, Ереван көпвекторлы бағытты ұстану арқылы өз орнын айқындап келеді. Соңғы жылдары ел инвестиция тартуды жеделдетіп, кедендік жүйесін жаңғыртып, Еуропамен әріптестігін күшейтуге басымдық беріп отыр.

Армения экономикасы – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қатар дамыған, құрылымы әртараптандырылған жүйе. ЖІӨ-де жетекші орынды ауыл шаруашылығы иеленеді — шамамен 31%. Одан кейін өнеркәсіп (21,8%), сауда (8,7%), құрылыс (8,5%) және көлік саласы (5,1%). Сондай-ақ Армения жаһандық сахнада да белсенді. Мемлекет әлемнің 172 елімен дипломатиялық қатынас орнатып, 40-тан астам халықаралық ұйымға мүше. Бұл елдің сыртқы саясаттағы кең ауқымды бағытының айғағы. 2022 жылы ел экономикасына шетелден 1 млрд доллар капитал тартылды. Шетелден түсетін жеке ақша аударымдары ел экономикасы үшін маңызды фактор. 2021 жылы олардың үлесі ЖІӨ-нің 11%-ын, ал 2022 жылы көлемі 866 миллионнан 3,6 млрд долларға дейін өскен. Сыртқы сауданың жылдық айналымы 21 млрд доллардан асады. Елдің негізгі экономикалық тірегі – қызмет көрсету саласы. Оның үлесі ЖІӨ-нің шамамен 60% құрайды. Минералды ресурстар да елдің маңызды активтерінің бірі. Арменияда мыс, молибден, мырыш, алтын және қорғасын өндіріледі — бұл бағыттар экспорт құрылымында елеулі орын алады.

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

- Армения үкіметі шетелдік инвесторларға, оның ішінде қазақстандық серіктестерімізге жан-жақты қолдау көрсетеді. Біз инвестициялық жобаларды дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар ұсынып отырмыз. Бұл жобалар экономикалық өсу мен инновацияны дамытуды көздейді. Арменияның еркін экономикалық аймақтарында бизнесті жүргізуге өте қолайлы жағдай жасалған. Еліміз Еуразиялық экономикалық одақтың аясында Қазақстанмен жеңілдетілген сауда жасау мүмкіндігіне ие.

Армения Қазақстан үшін уақыт сынынан өткен сенімді серіктес ел. Екі мемлекет арасында жылдар бойы тұрақты саяси диалог қалыптасып, гуманитарлық байланыстар кеңейіп келеді. Сауда-экономикалық қатынастар күшейіп, ынтымақтастық артуда. 2024 жылы Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы шамамен 36 млн долларды құрады. Ал биылғы қаңтар-шілде айларында бұл көрсеткіш 28,7 млн доллардан асты. Сауда көлемінің артуы, ең алдымен, металлургия, мұнай-химия, химия және азық-түлік өнімдерінің жеткізілуіне негізделмек. Сала сарапшыларының айтуынша, Армения Қазақстанмен сауда көлемін ұлғайтса, 350 млн доллар көлемінде қосымша экспорт жасауға мүмкіндігі бар. Бүгінде Армения Қазақстанға зергерлік бұйымдар, алмас, косметика, аяқ киім, электроника және құрылыс материалдарын жеткізеді. Екі ел арасындағы жоғары деңгейлі байланыстар мемлекет басшыларының өзара ықпалдастықты нығайтуға бағытталған саясатының нәтижесі. 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванға сапары мен Армения президент Ваагн Хачатурянның Астанаға келуі – екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін берді. Бүгінде Қазақстанда армян капиталының қатысуымен 340-қа жуық компания және 76 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Ал Арменияда 100-ден астам бірлестік тіркелген.

Авторы: Әйгерім Ардаққызы