Әлемде әр 10 баланың біреуі жұмыс істейді. Күнкөріс үшін кішкентайынан еріксіз еңбек етеді. Мұндай жағдай әсіресе табиғат апаттары мен қақтығыстан көз ашпайтын, тұрмысы нашар елдерде көп.

Халықаралық ұйымдар: «Әр баланың құқығы қорғалуға тиіс», – дейді. Соған қарамастан заңнан аттап, бала құқығын таптайтын елдер көп.

Әлемде 152 млн бала еңбекке жегілген

Бес жастағы бала далада алаңсыз асыр сап ойнаушы еді. Бірақ кей елдерде оларды жастайынан жұмысқа жегіп, құқығы аяқасты етіледі. Бұл жағымсыз үрдіс әлі де бәсеңдемей тұр. Халықаралық ұйымдардың деректеріне сүйенсек, жер шарында 152 млн баланың еңбегі қаналады. Олардың 88 млн-ы ұл, қалғаны қыз. Сорақысы сол, балалардың көбі ауыл, балық, орман шаруашылығында ауыр жұмыстарды атқарады. Мұндай жағдай әсіресе кедей елдер мен қарулы қақтығыс жайлаған аймақтарда көп кездеседі.

Фернандо Моралес де ла Крус, құқық қорғаушы:

- Әлем бойынша кемінде 5 миллион бала кофе өндірісінде еңбек етеді. Шоколад өндірісінде де осындай жағдай. Сондықтан біз олардың мектепке барып, нағыз балалық шақты сезіне алуы үшін мол табыс әкелетін жұмыстарды атқаруымыз керек.

Какао плантацияларында балалар жұмыс істейді

Какао өндірісінде де балалар еңбегі пайдаланылады. Әлемде қара жұмысқа жегілген жеткіншектердің көбі осы жеміс ағаштары өсірілетін плантацияларда жұмыс істейді. Бұл Оңтүстік-Шығыс Азия мен Батыс Африкада кең етек жайған. Әсіресе әлемдегі ең ірі какао өндіруші ел Кот-д’Ивуарда бала еңбегін қанау дерегі көп. 1990 жылдары елде арзан жұмыс күшін іздеген какао өндірушілер балаларды еңбекке тарта бастайды. Содан бері олар жалақысы төмен, ауыр әрі қауіпті жұмыстарды істеп келеді. ЮНИСЕФ ұйымы дерегіне қарағанда 2013 жылы бұл өндірісте 1,4 млн бала еңбек етсе, 2019 жылы 790 мыңға азайған. Дегенмен олардың дені денсаулыққа зиян, ең қауіпті істерді атқарады.

Иракта балалар жұмыс істеуге мәжбүр

Иракта күнкөрістің қиындағаны соншалық, жеткіншек балалар өз еркімен жұмыс істеуге сұранады. 2003 жылы АҚШ-тың Иракқа басып кіруі елдегі саяси жүйені бұзып, әлеуметтік тұрақсыздық пен кедейліктің тереңдеуіне алып келді. Содан бері мыңдаған отбасы экономикалық дағдарыстың кесірінен балаларын еңбекке жегеді. Бірақ бала еңбегін қанау елде заңмен шектелген. Жергілікті заңнама бойынша 15 жасқа толмаған балалардың жұмыс істеуіне тыйым салынған. Бұл заңды бұзғандар айыппұл төлеп қана қоймай, бас бостандығынан да айырылуы мүмкін. Алайда елдегі жағдай заңның іс жүзінде орындалмайтынын көрсетеді.

Саджад, жергілікті тұрғын:

- Мен 14 жастамын. Орта мектептің екінші сыныбында оқимын. Отбасымды асырау үшін жұмыс істеуге мәжбүрмін. Әкем науқас болғандықтан, еңбек ете алмайды. Сондықтан отбасын асырау менің мойнымда. Ирак балалары бейбіт әрі қауіпсіз өмір сүрсе деймін. Олар кішкентай кезінде жұмыс істеуге емес, оқуға мүмкіндік алуы керек.

Конгодағы кен орындарында балалар жұмыс істейді

Әлемде кобальттың шамамен 70%-і Конго Демократиялық Республикасында өндіріледі. Ол біз күнделікті қолданатын смартфон, компьютерлердің аккумуляторын жасауға қолданылады. Алайда осы технологияның артында мыңдаған баланың көз жасы мен елеусіз еңбегі жатыр. Колвези қаласы маңындағы кен орындарында балалар қауіпті үңгірлерге жіберіледі. Олар жер қазып, ауыр тастарды көтереді. Күніне 12 сағаттан артық жұмыс істесе де, 1-2 доллар ғана табыс табады. Опырылып түскен үңгірдің астында қалып өлім құшатын жағдайлар жиі тіркеледі.

Ауғанстан мен Пәкістанда бала құқығы жиі бұзылады

Балаларды қара жұмысқа жегіп, құқықтарын жиі бұзатын елдердің қатарында Ауғанстан мен Пәкістан бар. Екі елдегі саяси тұрақсыздық, кедейлік және бақылаудың әлсіздігі балаларды қорғансыз күйге түсіріп отыр. Соның салдарынан жеткіншектер шеберханалар мен құрылыс алаңдарында қауіпсіздік техникасын сақтамай жұмыс істейді. Олар күніне 10-12 сағатқа дейін тер төксе де, тапқан табыстары түкке тұрмайды. Орташа есеппен күніне 1-2 доллар ғана төленеді. Сол себепті денсаулықтары ерте сыр береді. Пәкістанда мәжбүрлі еңбекке тартылған балалар саны 12,5 миллионға жеткен. Ал Ауғанстанда 2 миллионнан асады.