Ақмола облысында 24 жазғы балаларды сауықтыру лагерінің алтауы жабық тұр. Кезінде жекенің қолына арзанға сатылып кеткен демалыс ошақтарының кейбірі ширек ғасырдан бері жұмыс істемейді. Салдарынан мектеп жасындағы 134 мың оқушының тек 15 мыңы ғана қала сыртындағы сауықтыру орталықтарында демалуға мүмкіндік алып отыр.

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

90-жылдары Ақмола облысы аумағында 64 балаларды сауықтыру лагері жұмыс істеген. Тоқырау кезеңінде олардың көбі бұзылып, қараусыз қалды. Арзанға сатылып кеткендері қаншама?! Олардың барлығының есігіне, міне, осындай қара құлып салынған. Иелері не жөндемейді, не сатпайды.

Бүгінде Бурабай баурайындағы тұмса табиғатты жағалай орналасқан алты лагерь жабық тұр. Мәселен, бір ауысымда 150 баланы қабылдауға қауқарлы «Континент» балаларды сауықтыру орталығы 2017 жылы жабылған. «Дашенька» лагерінің бүгінде тек қирандылары қалды. 25 жылдан бері жабық тұрған «Звёздочканың» да жағдайы мәз емес.

Қайрат Сұлтанов, республикалық балалар және жасөспірімдер туризмі қауымдастығының төрағасы:

Осы лагерьлердің ісін жолға қоюға арналған бағдарлама жоқ. Жекеменшікке салғызу үшін бағдарлама керек, жеңілдік керек. Бізге негізі ауылшаруашылығына көмектескендей көмек керек. Олардың кредитері 2,5 пайыз, көктемде, күзде алады. Бізге де көктемге керек ондай кредиттер.

Көкшетаулық көпбалалы ана Эльвира Мұқашева — 10 жасар баласын қала сыртындағы сауықтыру лагеріне жібере алмай жүрген көптің бірі. Үйде жалғыз қалдыруға жүрексінетін ол: «баламды жаз бойы жұмысқа ертіп баруға мәжбүрмін», — дейді.

Эльвира Мұқашева, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Лагерьлер қолжетімді бағада болса, біз жіберетін едік. Сондай лагерьлер қазір жоқтың-қасы болып тұр. Бар лагерь өте қымбат бағада. Соны мемлекет қолға алса. Кешке дейін менімен жұмыста жүреді.

Бәсекенің аздығынан іске қосылған орталықтардың бағасы да шарықтап тұр. Жекеменшік лагерьлерге жолдама құны – 100-140 мың теңгеден басталады.

Ботагөз Дүйсенова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Қала сыртындағы сауықтыру орталықтарымен біз барлығын 100 пайыз қамтамасыз ете алмаймыз. Ол енді бүгінгі күннің шындығы. 5 жылдың ішінде біз 3 балалар сауықтыру орталығын ашуға тиістіміз.

Бүгінде облыстық Білім басқармасы мемлекет меншігіндегі жабық лагерьлерді сенімгерлікке беру арқылы іске қосуды қолға алды. Нәтижесінде соңғы екі жылда 2 лагерь ашылды. Өңірдегі тұралаған жазғы лагерьлер іске қосылса, онда балалардың 20 пайызы қала сыртындағы демалыспен қамтылады. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр облыс бойынша балалардың 9,5 пайызы ғана демалуға мүмкіндік алды.

Бибінұр Әмірханқызы