6 қарашада Вашингтонда әлем назарын аударатын ерекше жиын өтпек.

Орталық Азиядағы бес ел – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшылары алпауыт АҚШ-тың Президенті Дональд Трамппен кездеседі. Бұл басқосуда қандай мәселелер талқылануы мүмкін?

Жиын "Орталық Азия + АҚШ" форматында өткізіледі. 26 қазанда Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты осы басқосуға арнайы шақырғаны белгілі болған еді. Көп өтпей Астанаға АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен және АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландау келіп, Қазақстан басшысымен кездесіп кетті.

Қазақ-америка байланысын талқылаған сол отырыста тараптар Вашингтонда энергетика, аса маңызды минералдар, цифрландыру, көлік және логистика саласындағы серіктестіктің әлеуетін қарастыруға уағдаласқан еді. Яғни, бейсенді мұхиттың арғы бетіндегі жиында шикізат экспорты мен сауда-экономикалық қарым-қатынастарға басымдық берілмек.

Қазір жаһандық саясатта "Орталық Азия +" форматының маңызы артқаны даусыз. Бұл формат Еуропалық Одақпен, дамыған елдермен жекелей, Жапония, Қытай және Ресеймен өткізіліп тұрады. Бұрын елеусіз көрінгендей бес мемлекет қазір осылайша өз мүддесін алпауыттармен ашық талқылап келеді.

Қазақстан мен АҚШ қазір саяси байланыстар жағынан ғана емес, сауда-экономикалық қатынастар бойынша да біршама жетістіктерге жетіп отыр. Мәселен, еліміз осы күні АҚШ-тың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі атанып отыр. Екінші орында тұрған Өзбекстанның Америкамен тауар айналымы Қазақстаннан 5 еседей аз, 882 млн долларды құрайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд долларға жетті, 2023 жылғы көрсеткіш 4,1 млрд доллар болатын.

Еліміз АҚШ-қа экспортын 30,6 пайызға арттырып, 2 млрд долларға өсірді. АҚШ-тан келетін импорт 2,2 млрд доллар. Еліміз АҚШ нарығына әдеттегідей мұнай экспорттайды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, қазақстандық "қара алтынның" үлесі Америкаға жеткізілетін жалпы экспорт көлемінің 56 пайызын құрады. Маңызды экспорттық шикізаттардың қатарында уран (16 пайыз), күміс (12%) пен ферроқорытпалар (9,5%) бар.

Жалпы, америкалықтар Қазақстанның шикізат өндірісіне бұрыннан мүдделі. Әлемге танымал Chevron Corporation Теңіз кен орнының серіктесі ретінде 50 пайыз үлесін алып отыр. 25 пайызбен үлес ExxonMobil Corporation-ға тиесілі. Қазақстан тәуелсіздігінің 34 жылдық кезеңінде АҚШ Қазақстан экономикасына 62 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйған. Демек, екі ел арасындағы географиялық жырақтыққа қарамастан Америка үшін елімізбен серіктестік жоғары бағаланып отыр.

Дегенмен кішігірім өзгерістер те бар. Қазір АҚШ-тың сыртқы сауда саясаты сәл келеңсіздік туғызып отырғаны жасырын емес. Биыл тамызда өзге елдерге сауда тарифтерін енгізді. Қазақстанға қатысты да 25 пайыздық тариф бекітілген болатын. Алайда ол екі ел арасындағы алыс-беріске аса салқынын тигізбеуі керек. Өйткені тарифтің мұнай, уран секілді маңызды экспорттарға әсері жоқ. Сонда да биыл алғашқы жартыжылдықта Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда көлемі 1,6 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға (2 млрд доллар) төмендеді. Вашингтондағы жиында осы олқылықтың орнын толтырып, сауда көрсеткіштерін қайта жоғарылату бағытында келісімдер боларына сенеміз.

Алдағы басқосуға қазірден-ақ жаһандық бұқаралық ақпарат құралдары көз тігіп отырғаны анық. Сарапшылар түрлі болжамдар да жасауда. Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, келіссөздерде сауда-экономиканы дамыту бағыты ғана емес, саяси мәселелер де айтылады.

– Орталық Азия әлемдік архитектурада, соның ішінде АҚШ секілді алпауыт мемлекеттер үшін маңызды аймақ болып отыр. Сондықтан геосаяси жағдайлар ескерусіз қалмайды. Дональд Трамп пен Орталық Азия басшыларының кездесуінде Орталық Азия мен Ресей ахуалы талқыланатын секілді. Америка үшін геосаяси шиеленістерді реттеудің тетігі маңызды. Бұған дейін Дональд Трамп өзін бейбітшілік үшін күрес жолында жүрген тұлға ретінде өзін әлем халықтарына нәсихаттап келгенін білеміз, – дейді сарапшы.

Бейсебаев бұған қоса жиында Орталық Азияның Қытаймен қарым-қатынасы да сөз болатынына сенімді. Себебі жаһандық экономикада бұл екі алпауыт бәсекелес әрі біздің аймаққа іргелес көрші. Сондықтан Трамп Орталық Азиядағы Американың мүддесін қорғауға, кей салалардағы ықпалын арттыруға тырысады.

– Әрине, Орталық Азия бұдан кейін де жаһандық аренадағы саяси маңызын арттыра береді. Бес мемлекеттің өзара татулығы, кей мәселелерде ұстанымын ашық жеткізуі басты рөл ойнайтынын ескеру керек, – деп топшылады саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.