Үкімет жауын-шашын мен қар суынан алым жинау үшін тиісті тарифті есептеудің әдістемесін әзірледі.

Қазақстанда "Елді мекендер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумақтарынан нөсерлі (дренаждық) кәріз арқылы ағатын жаңбыр, еріген қар, инфильтрациялық, суару-жуу, дренаж суларды бұру және тазарту бойынша көрсетілетін қызметтердің көлемі мен құнын есептеу әдістемесі" енгізілгелі жатыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ведомство басшысы Ерсайын Нағаспаев қол қоятын және аталған әдістемені бекітетін бұйрық жобасын дайындап қойды.

Құжат қабылданып, таяуда күшіне енгеннен кейін өз иелігіндегі кәріз арқылы ағатын жаңбыр, еріген қар, инфильтрациялық, дренаж және басқа ағынды суларды тазартпайтын және қажетіне пайдаланбайтын кәсіпорындар алым төлеуге мәжбүр болады.

2024 жылғы 27 қарашада тиісті норманы қарастыратын Су кодексін қабылдағанда, Мәжіліс депутаттары келесі дәйектемені алға тартты: жаңбыр жауғанда, немесе қар ерігенде кәсіпорындардың, коммерциялық және басқа ұйымдардың ғимараттарындағы нөсерлі кәріз (ливневая канализация) жүйесінен көп су сыртқа ағады.

Ол ағын су тасқындаған күйі орталықтандырылған коммуналдық кәріз жүйесіне құйылады және соған ауыртпалығын түсіреді. Демек, осының салдарынан тез тозатын, жиі бітеліп қалатын қалалық жүйені ұстап тұрудың қосымша шығындарын заңды тұлғалар да көтеруі керек, деп шешті депутаттар.

Өнеркәсіп министрлігі осы талапты жүзеге асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілерді жасауда. Ведомство мына әдістеменің де Парламент қабылдаған және 2025 жылғы 9 сәуірде Президент қол қойған жаңа Су кодексінің нормаларын орындауға бағытталғанын хабарлады.

"Бұл әдістеме көрсетілетін қызметтердің құнын есептеу тәртібін анықтайды. Сондай-ақ, ол жауын-шашын, еріген қар, инфильтрациялық, суару-жуу (поливомоечный), дренаж суларын бұру және тазарту жөніндегі қызметтердің құнын қалыптастырудың ашық әрі экономикалық негізделген тәсілін қамтиды", – деп қысқаша түсініктеме берді өнеркәсіп министрлігі.

Канализацияның люктерінде және су қабылдағыш торша-решеткаларында есептегіш жоқ. Онда жаңбыр жауғанда немесе көктемде қар ерігенде әрбір ғимараттың төбесінен жерге қанша су ағатынын мемлекет қалай анықтайды? Әлде әрбір нысан шатырынан салбыраған әрбір науаша-құбырларға есептегіш орнатуы керек пе?

Аспап орнату талап етілмейді. Өйткені ведомствоның түсіндіруінше, әдістемеге сәйкес, "ұсынылған қызметтердің көлемі жауған жауын-шашын мен қар туралы, су жинау алаңы жөніндегі, сонымен қатар ағын коэффициенті мен өзге де техникалық сипаттамалар негізінде айқындалатын болады".

Мысалы, алымды есептегенде "Қазгидрометтен" қазан айында нақты бір қалада қанша жауын-шашын түскені туралы ақпаратын басшылыққа алады. Сондай-ақ, салық төлейтін заңды тұлғаның ғимаратының "су жинау алаңы", шатырының көлемі есептеледі. Өзге де коэффициент-сипаттамаларын ескере келе, алымның ақырғы көлемін шығарады.

"Жаңбыр алымын" көшелерінде орталықтандырылған кәріз жүйесі бар елді мекендерде орналасқан кәсіпорындар төлейді.

"Мұндай ақыны елдi мекеннiң орталықтандырылған нөсерлiк кәрiз жүйелерiне қосылған және жеке меншiгінде нөсерлiк кәрiз жүйелерi бар заңды тұлғалар төлейтін болады", – деп мәлім етті өнеркәсіп министрлігі.

"Күтілетін нәтиже – елді мекендерде нөсер канализациясын салу есебінен оның аумағынан жаңбыр суын, еріген қар суын, инфильтрациялық, суару-жуу, дренаж суларын бұрып әкету, сол арқылы елді мекенді су басуды азайту. Әдістеме арқылы кәріздерді ұстап тұру шығыстары енді осы суларды қалыптастырып, ағызатын ұйымдардың иығына артылады. Сондай-ақ, осы қызметтердің айқын және экономикалық негізделген тарифтерін қалыптастыру қамтамасыз етіледі", – делінген министрліктің түсініктемесінде.

Айта кету керек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңбыр, еріген қар және басқа суларды бұру және тазарту қызметтерінің көлемі мен құнын есептеу әдістемесінің толық мәтінін "Ашық НҚА" порталы арқылы жариялаудан бас тартты.

Салдарынан, азаматтар қоғамдық талқылау үшін әдістемемен толығырақ танысу мүмкіндігінен айрылды. Сондықтан жаңбыр және қар суы үшін бизнестен және басқа ұйымдардан қанша қаржы талап етілетіні, тарифті есептеу тәсілі, жаңбыр жаумайтын және қар ерімейтін қысқы айларда бұл қызмет үшін алымның жиналатын-жиналмайтыны әзірге беймәлім.

Су кодексіндегі жаңашылдықтарды қолдап, ілгерілеткен Мәжіліс депутаттарының бірі Еділ Жаңбыршин болатын. Оның пікірінше, бүгінде су "құнды тауарға" айналды.

"Біз су ресурстары тапшылығы ең жоғары елдер санатына жатсақ та су ресурстарын үнемді пайдаланбай, өте жоғары деңгейде ысырап жасап отырмыз. Мысалы, суарудың тиімсіз әдістерінің қолданылуы, суғару құрылымдарының тозуы және дренаж жүйелерінің болмауы себебінен ауыл шаруашылығында судың шығыны 50 пайыздан асып отыр. Ұлттық статбюро мәліметінше, Қазақстанда 2016 жылдан бері тұщы судың жаңартылатын ресурстары екі есеге дейін азайып кеткен. Соған қарамастан еріген қардың сулары мен жауын-шашынды пайдаланбаймыз. Кәріз және өндірісте тұтынылған суларды кері пайдалану да өте төмен деңгейде", – деді Жаңбыршин.

Сондықтан оның дерегінше, Мәжіліс депутаттары Үкімет әзірлеген Су кодексінің бастапқы жобасын қайта жазып, оған 1 мыңға жуық ұсыныс енгізді. "Жаңбыр алымы" соның бірі көрінеді.

"Біздің бір ұсынысымыз – балама су көздерін, яғни, тасқын суын, жауын-шашынды, ағын суларды тазарту және пайдалану болды. Мысалы, су тапшы Ақтау қаласында тәулігіне 40 мың текше метр кәріз суы "Қошқар ата" қалдық қоймасына босқа ағып жатыр. Кәріз суды тазартып, балық өсіруге және жасыл желектерді суғаруға болар еді", – деді мәжілісмен Жаңбыршин.