Бірқатар депутаттың қарсылығына қарамастан, биылғы 9 маусымда лоббистік заң күшіне енді.
Бұл жерде әңгіме 2025 жылғы 9 сәуірде ресми жарияланған жаңа "Су кодексі" туралы болып отыр. Құжат алғашқы жарияланған күнінен соң күнтізбелік 60 күн өткенде қолданысқа енгізілді.
Осыған байланысты бұған дейін ширек ғасырға жуық уақыт қолданылған, 2003 жылғы 9 шілдеде қабылданған ескі "Су кодексінің" күші жойылды.
Заң жобасы айналасында қызу пікірталас жүрді. Су ресурстары министрлігі әзірлеген кодекстің бастапқы жобасын Мәжіліс қоқысқа лақтырып, жаңасын жазып шықты, әу бастағы нұсқасынан қатты өзгерді.
Бірақ кейбір қалаулы қынжыла айтқандай, лоббистік нормалар жаңа нұсқасына көшіп, бәрібір қабылданып кетті. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, Үкімет енгізген алғашқы жобада "атышулы" 120-ші бап болды.
"120-шы баптың лоббистік сипатта екені айқын. Өйткені ол су қорғау белдеулерінде рұқсатсыз тұрғызылған кең сарайларды, өнеркәсіптік және бизнес нысандарды заңдастыруға бағытталған. Яғни, бұл бап олигархтар су жағалауында, суға төндіре салып алған тұрғын үйлер мен басқа құрылыстарды жаңа Су кодексінде қарастырылған шектеулердің аясынан шығарып алады. 2009 жылға дейін су қорғау белдеулерінде тіпті өнеркәсіптік объектілерді, бетон зауыттарын, өнеркәсіптік кешендерді және қоймаларды салған", – деді мәжілісмен Базарбек.
Жаңа Қазақстан жаңа кодексте ескі биліктің ауыр мұрасынан арылуы, ол үшін талапты күрт қатайтып, өзен-көлдерді, Каспий теңізін мүлдем құрудан қорғау үшін заңсыз нысанның бәрін аяусыз күресінге жіберуі керек еді. Бақытжан Жұмабекұлы олай болмағанына өкінді.
"Оның орнына оның бәрін Су кодексінің әрекет ету аясынан шығарып, құтқарып алды. 2009 жылғы 1 шілдеге дейін тұрғызылған барлық заңсыз объектіні шектеу аясынан алып шығумен ғана шектелген жоқсыздар! Сіздер құрылыс жобалары дайын жаңа объектілердің, тұрғын үйлердің, ғимараттардың құрылыстарын заңдастыру бойынша ұсыныс енгізудесіздер. Бұл негізі, қылмыс. Сіздерді бұған кім итермелеп отыр? Жұртшылыққа, адамдардың өмірі мен денсаулығына, экологияға қауіп төндіргелі тұрғандарыңызды түсінесіздер ме?", – деп шүйліккен еді депутат Базарбек Су кодексінің жобасын Мәжілісте бірінші оқылымда талқылау кезінде.
Ол "осы арқылы мемлекет пен ұлттың мүддесіне қарсы қимылдап жатқан адамдардың фамилияларын, аты-жөнін атауды" талап етті. Бірақ бұл құжатты Парламентте қорғаған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ешқандай фамилияны жария етпеді.
"Сіздер дұрыс айтып отырсыздар! Бұл шынында да үлкен проблема, қазіргі ең өткір мәселе. Ескі Су кодексінде 2009 жылғы 1 шілдеге дейін су қорғау аймақтары мен белдеулерінде салынғанның бәрі мойындалатыны жазылған болатын. Бұған қоса, 2016 жылы Жер кодексіне жаңа норма енгізіліп, ол бойынша жергілікті әкімдіктер рұқсат етсе, су қорғау белдеулерінде құрылыс жүргізуге жол берілді. Біз осы қос нормативтік құқықтық актідегі талаптар қатаң сақталуға тиіс деген ұстанымды ұстанамыз. Бірақ келіспесеңіздер, норманы жұмыс тобында талқылап, барлық тарап қолдайтын ортақ редакциясын түзейік?", – деп дипломатиялық шеберлік танытты сонда министр Нұржігітов.
Содан наразы депутаттарға "келіссөз үстеліне" отырып, Үкімет мүшелерімен бірге жан-жақты талқылап, даулы норманы пысықтау жүктелді. Алайда Парламенттің кулуарында, жабық есік жағдайында Үкіметтің ұстанымы үстем болды, қарсы қалаулылар жым болды. Бір ғана нәрсе өзгерген: атышулы 120-бап 133-ші бапқа көшірілді.
Осылайша, бұл енді тек Үкіметтің емес, кодексті қабылдаған Парламенттің де ұстанымына айналды. Сонымен, енді күшіне енген жаңа Су кодексінің 133-ші бабының 4-ші бөлімінде мынадай норма бар:
"Осы Кодекстің 86-бабы 2-тармағының күші су қорғау белдеулерінің шекаралары шегінде тұрғызылған және 2009 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген ғимараттар мен құрылысжайларға немесе осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін берілген, беру кезінде су қорғау белдеулері белгіленбеген жер учаскелеріне қолданылмайды", – делінген аталған бапта.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа кодекс тек 2009 жылдың ортасына дейін салынған заңсыз объектілерді заңдастырып қоймай, сондай-ақ 2025 жылғы 9 маусымға дейін үлестірілген жер учаскелеріне де құрылыс жүргізуге жол ашты.
Сарапшылар да, депутаттар да құжаттың шикі болғанын жасырмады.
"Су кодексінің жобасын Парламентке енгізерде құйтырқы жолдармен қоғамдық тыңдау өткізбеген. Тіпті экологиялық сараптаманың теріс қорытындысына ие болған. Содан кейін қайталама сараптамадан өтіп, әйтеуір, асығыстықпен енгізілген жоба болды. Апыл-ғұпыл жасалған жобасын біз жұмыс тобы аясында ретке келтірдік. Өкінішке қарай, су шаруашылығы нысандарының иелері, яғни, кішігірім олигархтар өз өңірінде әкіммен, прокурормен, сотпен өзара ауыз жаласып, шаруашылығына ақша құймайды, екі ортада халық судан тарықты. Енді Су кодексінде су шаруашылығы ғимараттарының иелеріне қосымша талап қойылады", – деді депутат Базарбек.
Бірақ ол олқылықтар да қалғанын жасырмады. Айтуынша, стратегиялық маңызы бар объектілер жекеменшікке берілуде. Мәселен, Қаныш Сәтбаев атындағы каналды Азия даму банкіне кепілге беріп жіберген.
Бұдан бөлек, су объектілерінің маңына ғимараттарды, тұрғын үйлерді, өндірістік ошақтарды қаптатып салып алды. Оларға кедергі жасамау үшін бассейндік су инспекциясын тоқыратты. Бассейндік кеңестер құзыретінен айрылған. Жаңа кодекс оларға жаңа өкілеттіктер береді.
"Біздің міндетіміз – шындықты айту. Бұл Су кодексінде кем дегенде 3 күмәнді бап бар. Оның бірі 2009 жылғы 1 шілдеге дейін су қорғау белдеулерінде бой көтерген ғимараттарды, құрылыстар мен өнеркәсіптік объектілерді заңдастырады. Мұнымен шектелмей, қазіргі уақытта жаңадан салынып жатқандарын да заңдастырады. Бұл – үлкен проблема. Халық ашынып, қарсылық акциясына шығады. Алматыда, Шымкентте, Оралда, Атырауда, Ақтауда, Алматы облысының шұрайлы Талғар, Іле, Қарасай аудандарында, басқа өңірлерде ығай мен сығай су қорғау белдеулерін жайлап алған", – деді Бақытжан Базарбек.
Ол тағы бір (үшінші) жаға ұстататын жайтқа назар аудартты. Қолданысқа енгізілген жаңа Су кодексінің 133-ші бабында: "Жерүсті су объектілерінде және су қорғау белдеулері шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге осы Кодекстің 86-бабында белгіленген тыйым "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодексінің 277-бабының 3-тармағына және 278-бабының 25-тармағына сәйкес "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін берілген... пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға қолданылмайды", – деп нақты жазылған.
"Осы арқылы бұрынғы контрактілер бойынша су объектілері жанында пайдалы қазбаларды барлауға және игеруге, сол арқылы су көзін ластауға жол ашылады. Тыйым Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексі күшіне енгенген дейінгі қатынастарға таралмайды. Салдарынан, бұрынғы билік тұсында контракті мен лицензия алып алған, тиісінше, жаңа Су кодексінің тыйымдарына пысқырмайтын жер қойнауын пайдаланушылардың белгілі бір саны пайда болады. Мен мұны да лоббистік норма санаймын", – деді мәжілісмен Базарбек.
Депутат Су ресурстары министрлігі жаңа кодекске сәйкес, Қазақстанда су қорғау белдеулерін орнату ісін 2 жылға созғалы тұрғанына назар аудартты. Бұл белдеулер Су кодексі күшіне енгенге дейін орнатылып болуға тиіс еді. Алайда шенеуніктер бұған асықпай, әлденені күтуде.
Депутат Мұрат Әбенов кезінде су жағалауларындағы жерлер бармақ басты, көз қысты жолдармен таратылғанын қаперге салды.
"Сыбайлас жемқорлықпен, басқа да жолдармен жер берілген. Су бассейннің жанынан жер алып, жаппай үй салғандарды біз көрдік. Олардың кейбірінің үйлерін топан су басқанда, оларға мемлекет қаражатына үй салып беруге мәжбүр болдық. Орал өзенінің жағасынан жер бермеңдер деп айтып жүргенімізге үш-төрт жыл болды. 2024 жылы сол жердегі үйлерді су басты, оған бюджеттен қаншама қаржы шығындадық. Жаңа кодексте бұл норма болмауы керек еді. Бір топтардың мүддесін емес, ең алдымен мемлекеттің мүддесін ойлау керек еді", – дейді мәжілісмен.
Бірақ "жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап" дейді халық даналығы, Жаңа кодексте ол нормалардың бәрі бар. Сарапшылар да, депутаттар да Су кодексінің асығыс қабылданғанын, шикілігі көп екенін айтады.
Бұл кодекс нағыз "антикризистік құжат" болуға тиіс еді. Өйткені бұрынғы кодекс декларативті сипатта болды, төл талаптарын орындататын нақты да тегеурінді тетіктері болмады. Бүгінде елге су тапшылығы қаупі төнуде. Алайда жаңа кодекс тіпті депутаттардың үмітін толық ақтамапты.
Себебі, су ресурстарын үнемдеуге жете ықпал етпейді. Депутат Ажар Сағандықова эксперттік қоғамдастық елде негізінен "ауызсу проблемасы" ушыққанына назар аудартып отырғанын жеткізді.
Сәйкесінше, жаңа Су кодексінің барлық нормалары мен тетіктері бірінші кезекте осы проблеманы шешуге бағытталуға тиіс еді. Президент Тоқаевтың өзі ауызсуды техникалық мақсатқа, мысалы, көлік жууға рәсуалауды тыюды талап етті.
"Қазіргі кезде кәсіпкерлік қызмет түрлерінің басым көпшілігі ауызсуды пайдалануға құрылған. Автожуу, кілем жуу, құрылыстан бастап, өндіріс орындарына дейін. Мұны суды ұтымды пайдалану деп атауға мүлдем болмайды. Суды үнеммен жұмсауды жолға қою үшін депутаттар Су кодексі жобасында ауызсуды техникалық мақсаттарға пайдалануға қатаң тыйым салуды ұсынды. Алайда Үкімет бұл түзетулерді қолдамай тастады. Үкіметтің бұл позициясын түсіне алмадық. Мұндай тыйым болмаса, қалайша бизнесте суды ұтымды, үнемді пайдалану мәдениетін қалыптастыра аламыз?!", – деп аң-таң Сағандықова.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханның айтуынша, бұл тыйымды Үкімет қолдайды, бірақ жоғарыдан Су кодексін тездетіп қабылдау керек деген тапсырма болған соң бұл тыйымды енгізуді кейінге қалдыруға ұйғарылыпты. Ауызсуды техникалық мақсатта ысырап етуге қашан тыйым салынатыны енді мүлдем белгісіз.
"Біздің ойымызша, мұндай түзету бүгінде өте өзекті, қажет-ақ. Алайда Су кодексін қабылдауды тежемеу үшін бұл бастама қолдау таппады. Өйткені Кәсіпкерлік кодекс бизнеске қатысты мұндай нормалардың реттеушілік әсеріне талдау жүргізуді талап етеді. Министрлік реттеушілік әсерге талдау жүргізу рәсімін бастады. Бұл процедура ұзақ уақытқа созылады. Тиісті рәсімнен өтсе, бұл норма пысықталып, басқа заң жобасымен Мәжіліс қарауына енгізілуі мүмкін", – деп сендірді Шархан.