Баспасөз конференциясында мамандар балалар қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді шешу бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан кешенді іс-шараларға тоқталып, бағдарламалардың авторлары, білім саласы қызметкерлері мен азаматтық сектор өкілдері түйткілді мәселе төңірегінде пікірлесті, деп жазады Egemen.kz.

Сарапшылар келтірген мәліметке сүйенсек, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнаулы есеп комитетінің деректеріне сәйкес, биыл кәмелетке толмағандар арасында 139 суицид және 293 өзіне-өзі қол жұмсауға әрекеті тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалып отыр.

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева келтірген мәліметтерде суицид жағдайларының 22 пайызы мектептегі буллингпен байланысты. ДСҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросы жүргізген «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» зерттеуінде Қазақстандағы жасөспірімдердің 13 пайызы (шамамен әрбір 8-інші бала) кибербуллингке ұшыраса, 7 пайызы мектептегі буллинг құрбаны болған, ал әрбір он үшінші жасөспірім төбелеске қатысқан. Қатысқандардың 12 пайызы ұлдар болса, 4 пайызын қыздар құрайды. 2018 жылдан бергі аралықта елде кибербуллинг бойынша көрсеткіш артқан. Денсаулық сақтау министрлігінің зерттеуіне сәйкес, балалардың 17,5 пайызы буллингке ұшыраған. Бүгінгі таңда, балалар суициді мен мектептегі буллинг еліміз үшін түйткілді әрі шешімі қиын мәселе қатарында тұр.

«Өркен» балалардың әл-ауқаты жөніндегі ұлттық ғылыми-практикалық институтының «Балалардың психологиялық әл-ауқатын зерттеу» зертханасының жетекшісі Ирина Калачева атап өткендей, білім беру ұйымдарында балалар арасындағы қудалаудың (буллингтің) алдын алуға қатысты 2023–2025 оқу жылдарына арналған «ДосболLIKE» бағдарламасы балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарды іске асырудағы маңызды қадам болып отыр. Өйткені бағдарлама кешенді тәсілге негізделген, себебі буллингтің алдын алуға білім беру үрдісіне қатысушылардың барлығы, яғни оқушылар, педагогтер, қызметкерлер және ата-аналар қатыстырылуы мәселенің алдын алуға мүмкіндік береді.

Алматы қаласы Білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры, Венера Қоқанованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, былтыр 9 тамызда Алматы қаласы әкімдігінің № 3/445 қаулысымен «Психологиялық қолдау орталығы» құрылды. Оның басты мақсаты – оқушылардың, ата-аналардың, педагогтердің және мектеп психологтарының, психологиялық әл-ауқатын сақтау мен нығайтуға бағытталған бірыңғай, қалалық психологиялық қызмет жүйесін қалыптастыру. Осы орайда биыл орталық мамандары сенім телефоны арқылы 3200-ден астам өтініш қабылдап, 2800-ден астам жеке және отбасылық кеңес өткізген. 120-дан астам оқыту және алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылып, 50 мыңнан астам оқушы психодиагностикадан өткен.

Осы орайда пікірін бірдірген Жәния Әубәкірова авторлық мектебінің жетекшісі Алмас Сапарғалиев мектеп директорлары мен мұғалімдерге буллингті анықтау оңай еместігін алға тартты. Айтуынша, бұл мәселені шешуде кәсібилік, баламен жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтсе, №38 мектептің педагог-психологы Юлия Нестеренкова «ДосболLIKE бағдарламасы мектептер үшін өзекті әрі уақытылы қолға алынған бастама дейді. Психологтар тарапынан оны жетілдіру және тәжірибеге енгізу бойынша ұсыныстар бар. Маңыздысы – буллингті алдын алу тек психологиялық көмекпен шектелмейді, ол – терең тәрбиелік маңызы бар үрдіс. Сондықтан осы бағдарлама қатысушыларының міндеттері мен жауапкершілігі нақты айқындалуы тиіс. «Just Support» қорының атқарушы директоры Светлана Богатыреваның айтуынша, қор мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан шараларға мониторинг жүргізген. «Қазіргі кезде елімізде балалар мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсету жүйесі қалыптасып келеді. Ол мектеп психологтары мен психологиялық қолдау орталықтарының жұмысымен байланысты. Буллинг және зорлық-зомбылықпен жұмыс істеуге арналған нормативтік-құқықтық база қабылданды. Дегенмен оны жетілдіре түсу қажет. Психологтардың біліктілігін арттыруда сапаға мән беру қажет. Сонда ғана мамандарға қоғам сенімі артады әрі сапалы көмек алатын болады. Мектеп психологтарының қызметі нақты, түсінікті әрі іске асатындай болуы қажет» дейді сарапшы. Қазіргі кезде «Өркен» институтымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған қор мамандары «Қазақстан балалары» бағдарламасына ұсыныстар енгізген. Осы орайда сарапшы азаматтық қоғамның ұсыныстары ескеріліп, жүзеге асуы үшін балалармен жұмыс істейтін білім мекемелері, орталықтардың бірлескен іс-қимылы қажет.

АЛМАТЫ