Ел Президенті Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына жаңа экологиялық және санитарлық-гигиеналық ережелер енгізу керек екенін назардан тыс қалдырмады.
Сондай-ақ, Үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау міндетін жүктеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысының сөзінше, тұрғындар үнемшіл болуы керек.
– Табиғи ресурстарды, әсіресе, суды үнемдеу мәдениетіне келсек, ол жағынан үлкен кемшілік бар екенін мойындауымыз қажет. Яғни, атқарылатын жұмыс шаш етектен. Бұл – азаматтардың, әсіресе жастардың арасындағы түсіндіру шараларының, тіпті идеология жұмысының жеке бір бағыты.
Біз қазірдің өзінде судың тапшылығын сезініп отырмыз. Ал, оны тұтыну мәдениеті төмен. Су мәселесіне кейінірек тоқталамын.
Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тұрғын-үй құрылысы саласына айрықша назар аударған жөн. Былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді.
Сонымен бірге, құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керек.
Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажет.
Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс. Құжатты жыл соңына дейін қабылдау керек. Депутаттардың бұл жұмысқа атсалысуын сұраймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әлбетте, су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл тіпті, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі саналады.
– Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет.
Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде.
Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ.
Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуы тиіс.
Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады.
Сондай-ақ каналдардың, су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйі жөніндегі ақпарат болады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес, – деді Мемлекет басшысы.