Бүгін VIII сайланған Парламенттің төртінші сессиясы жұмысын бастайды. Сол үшін каникулдан оралған депутаттар Парламент палаталарының бірлескен отырысын өткізеді. Алқалы жиын сағат 11:00-ге белгіленген.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттар 2 ай бойы өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесті. Ел-жұрттың билікке сауалдары мен ұсыныстарын өз аузынан естіп, өңірлердегі шынайы жағдайды көздерімен көріп қайтты. Енді 4 сессия барысында осы жиналған мәліметтер қос палата жұмысының негізгі бағдарына айналады.
Айта кетейік, сегізінші сайлаған Парламенттің үшінші сессиясы барысында депутаттар Мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған халықтың талап-тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын, реформаларын басшылыққа алды. Қос палатаның күнделікті жұмысы осы реформалар мазмұнын одан әрі байытып, нақты іспен қолдауға бағытталды. Президенттің Сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік депутаттық корпус осы үшінші сессияда іске асырды.
Мәжілістің жұмыс нәтижесі
Үшінші сессия барысында төменгі палата 39 жалпы отырыс өткізіп, 249 мәселені қарады және 90 заң қабылдады. Депутаттар ең әуелі азаматтардың әлеуметтік жағдайына ерекше мән берді. Мәселен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты тәсілдерді қайта қарады. Барлық азамат үшін, тіпті сақтандырылмаған болса да, алғаш жүгінген кезде тегін базалық медициналық көмектің сақталуы үлкен жетістік болды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне онкологиялық скринингтер енгізілді. Сондай-ақ, құлағы нашар еститін жандарды, әсіресе балаларды жергілікті бюджет қаржысы есебінен есту аппаратымен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылды.
«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің заңнамалық негізі қаланды. Жаңа жинақтау жүйесінің арқасында балалардың сапалы білім алуына қосымша мүмкіндіктер берілді. Сонымен бірге, халықаралық ғылыми жарыстарға қатысушылардың үздіктері конкурссыз, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы аясында білім гранттарын алатын норма енгізілді. Бұл балалар үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдауға айналды.
Өткен сессиядағы депутаттардың қызметіндегі басты бағыт «Заң мен тәртіп» қағидатын заңнамалық тұрғыдан одан әрі іске асыру болды. Депутаттар еліміздің қылмыс жазасы кодекстерін оңтайландыру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Азаматтарды қылмыстық қастандықтан қорғауға бағытталған заңдар қабылданды. Жағымсыз әлеуметтік құбылыстарға жауап ретінде интернет-алаяқтық жасағаны үшін «дропперлерге» қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Депутаттар некеге тұруға мәжбүрлеу ісі үшін де жаза енгізді.
Адамның бет-әлпетін танып-білуге кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынды. Жауапкершілікті күшейтумен қатар, депутаттар ізгі шешімдер қабылдау қажеттігін де ұмытқан жоқ. Айталық, кейбір азаматтар абайсыздан, қиын өмірлік жағдайда жүріп құқық бұзушылыққа баратыны белгілі. Сондықтан Парламент есірткі таратушылар мен өндірушілер арасындағы қылмыстық жауаптылықтың ара-жігін ажыратты. Бұл Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы да болатын. Қазірдің өзінде алғаш рет сүрініп, есірткі жасырған жас азаматтарға қатысты үш мыңнан астам іс қайта қаралып, оларды босату мен үкімді жеңілдету бағытында жұмыс жүргізілді.
Сессия барысында Парламент әлеуметтік саясат пен азаматтардың мүддесі мызғымас басымдық екенін айқын көрсетті. Ол ең алдымен еліміздің негізгі қаржы құжатында – үш жылдық бюджетте көрініс тапты. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге баса мән берілді. Жыл басынан базалық зейнетақы 6,5 пайыз, сабақтас зейнетақы 8,5 пайыз өсті. Әлеуметтік төлемдер көлемі де, алушылар саны да артты. Халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге, ауылды қолдауға қосымша қаражат бөлінді.
Мұнан бөлек, күні кеше өткен Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында депутаттар тарапынан Рақымшылық жасау туралы заң әзірленіп, қабылданды. Рақымшылық жасау арқылы 15 мың адамның жаза мерзімі қысқартылды. Оның 2 мыңға жуығы бостандыққа шықты.
Сессия барысында депутаттық сауал секілді маңызды тетіктер де белсенді түрде жүзеге асты. Мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлері атына 461 депутаттық сауал жолданып, азаматтарды толғандырып жүрген ең өзекті мәселелер көтерілді. Көптеген проблема сол сауалдардың нәтижесінде шешімін тауып та жатыр.
Сенаттың 3-сессиядағы жұмыс қорытындысы
Сенат үшінші сессия барысында 89 заңды қарады. Олардың 75-і мақұлданып, 14-ін Мәжіліске қайтарылды. Қаралған заңдардың қатарында 3 кодекс және 7 дербес заң бар. Атап айтқанда, Президенттің тікелей тапсырмасымен әзірленген жаңа Бюджет және Салық кодекстері, сондай-ақ, су ресурстарын тиімді пайдалануға заңнамалық негіз қалыптастыратын жаңа Су кодексі қабылданды. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заң бекітілді. Аквашаруашылықты дамытуды және мемлекеттің аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіруді көздейтін дербес заңдар күшіне енді.
Нысаналы капитал қорлары мен эндаумент-қорлардың қызметін реттейтін арнайы заң қабылданды. Қаржы нарығын дамытуды, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуді көздейтін нормалар да мақұлданды.
Сессия барысында 3 парламенттік тыңдау, 4 үкімет сағаты, комитеттердің 50-ден астам көшпелі отырысы және 90-ға жуық дөңгелек үстел мен кездесулер ұйымдастырылды. Сенаттың халықаралық қызметі де 130-ға тарта мазмұнды шаралармен ерекшеленді. Сондай-ақ, сенаторлар 170-ке жуық депутаттық сауал жолдап, Үкіметке өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Осылайша, Сенаттың Президенттің реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге арналған қызметі нәтижелі болды.
Сенаттың өңірлермен өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі жұмысы да нәтижелі болды. Биыл Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қызметі жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Соның аясында 50-ге жуық бірлескен іс-шара ұйымдастырылды және алғаш рет кеңейтілген отырыс өткізілді. Сондай-ақ «Бір ел – бір мүдде», «Өңір» депутаттық топтарының, Инклюзия жөніндегі кеңестің, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның және басқа да сараптамалық алаңдардың жоспарлы жұмысы жүйелі түрде жалғасын тапты.