2023 жылдың шілдесінде Қазақстанда заңсыз жолмен алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң күшіне енген еді. Алғашқы жылдары мұнай компаниялары, қонақүйлер , коллекциялық сағаттар мен сақ алтындары тәркіленіп, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бірақ соңғы уақытта бұл науқанның қарқыны бәсеңдеп, жаңа айғай-шулы істердің орнына тыныштық орнады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мамандар мұны ең алдымен ашықтықтың жоқтығымен байланыстырады. Бас прокуратура жанындағы комитет қайдан, кімнен қандай актив алынғанын ашып айтпайды. Ал Қайтарылған активтерді басқару компаниясы – КУВА – тек тәркіленген мүлікті аукцион арқылы сатумен айналысады. Саясаттанушылар мұны «кампания инерцияға кетіп бара жатыр» деп бағалайды. Валерий Володин атап өткендей, бастапқы кезеңде науқан символдық істермен есте қалса, қазір комитет бар активтерді бөліске салу мен басқаруға көбірек көңіл бөліп отыр.
КУВА-ның биылғы сатылымдары негізінен зергерлік бұйымдар мен қымбат сағаттарға қатысты болды. Мәселен, Patek Philippe World Time Green Mecca сағаты 36,3 млн теңгеге, ал Patek Philippe Nautilus – 26,5 млн теңгеге сатылған. Бірақ ірі нысандарға сұраныс жоқ. Ең жарқын мысал – Карим Мәсімовтің 30 бөлмелі сарайы. Бассейні, диско-бары, театры бар ғимаратты ешкім алғысы келмейді. Бағасы 40%-ға арзандағанымен, сатып алушы табылмай отыр. Мемлекет те бұл жылжымайтын мүлікті өз балансына алудан бас тартқан.
2025 жылдың тамызына дейін арнайы қорға 25,8 млрд теңге түсті. Жалпы науқан басталғалы бері мемлекетке 1,2 трлн теңге қайтарылды. Алайда бұл соманың басым бөлігі бұрынғы істердің нәтижесінде жиналған. Жаңа фамилиялар мүлде аталмайды. Экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, бұл – табиғи құбылыс. Ол шамадан тыс қысым көрсетудің бизнеске зиян әкелетінін ескертеді. Егер мемлекет тым қатты қыспаққа алса, кәсіпкерлер офшорға кетіп, активтерін шетелдіктерге арзанға сатуға мәжбүр болады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жұмысты енді уақытша кампания емес, тұрақты жүйеге айналдыру қажет. Криптоактивтерді де заңдастыру, тәркіленген мүлікті ашық аукциондар арқылы тиімді сату ұсынылады. Әйтпесе, «бұрынғыдай үлкен шу жоқ, тек есеп үшін істелетін шараға айналып кету қаупі бар» дейді саясаттанушылар.