«Абай Құнанбайұлының шығармалары — адамзатқа ортақ рухани қазына».
Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен «Абайтануға жаңаша көзқарас» атты ғылыми-танымдық кездесуде осындай пікір айтылды. Жиынға қатысушылардың назарына сирек қолжазбалар да ұсынылды. Сондай-ақ жастарға арналған «Абай» клубы ашылып, әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Хәкім Абайдың 180 жылдығына арналған ғылыми жиын «Көзімнің қарасы» әнімен басталды. Мерейтойға орай ашылған көрме де көптің көңілінен шықты. Мұндағы жәдігерлердің барлығы Абай мұрасын жинақтаушылардың қалдырғаны. Соның алғашқысы — Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбасы. Абай шығармаларының түпнұсқасы бізге жетпегендіктен, Мүрсейіт қолжазбалары негізгі нұсқа саналады.
Тимур Талғатұлы, «Ғылым ордасы» РМК орталық ғылыми кітапхана қызметкері:
- Біздің алып келгеніміз Мүрсейіт Бікеұлының екі қолжазбасының көшірмесі, фотокөшірмесі. Өкінішке қарай түпнұсқасын алып келе алмаймыз, себебі тасымалдай алмаймыз. Тек қана өлең жолдары ғана емес, сонымен түрлі философиялық ойлары да жинақталған. Барынша барлығын жинақтауға тырысқан Мүрсейіт Бікеұлы.
Ақын мұрасын Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов секілді біртуар азаматтар да зерттеді. Бүгін сол еңбектер де оқырманға ұсынылды. Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы Санкт-Петербургтегі Ілияс Бораганский баспасынан жарық көрді. Қазір сирек кітап Алматыдағы Ұлттық кітапханада сақтаулы. Оны баспаға дайындаған Абайдың немере інісі Кәкітай Ысқақұлы мен ұлы Тұрағұл. Араб қарпімен терілген алғашқы басылым 1000 данамен шыққан. Оған 145 өлең мен 2 дастан кіріпті.
Аружан Макарам, ҚР Ұлттық кітапханасы сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің маманы:
- Бұл 1909 жылы шықты, яғни Абай дүниеден өткеннен кейін 5 жылдан кейін барып шықты. Абай көзі тірісінде кітабы басылмады, тек Дала Уәлаяты газетінде 1889 жылы екі өлеңі ғана басылып шыққан. Ол өлеңдері де біреуі аты көрсетілмей басылса, екіншісі Көпбайдың атынан басылған болатын.
«Абайтануға жаңаша көзқарас» атты ғылыми-танымдық кездесуде ақынның рухани және философиялық мұрасы туралы айтылды. Абайтанушылар ұлы ойшылдың еңбектеріне қазіргі көзқараспен қарап, жаңа ғылыми бағыттар қалыптастыру қажет дейді. Абай Құнанбайұлының мұрасы әлемдік деңгейде де зерттеліп жатыр.
Алмаша Аренова, ҚР СІМ Алматы қалалық өкілдігінің басқарма басшысы:
- Ірі-ірі университеттерде, бізбен келісім-шартқа отырған университеттерде Абайдың бюсті орнатылды. Абайдың аудиториясы ашылды. Арнайы Польшада «Абайтану» деген ғылыми дәрістер оқылып, аудиториялар ашып, мұражайын ашқызып осындай жұмыстарды жасап жатыр.
Абай Құнанбайұлының шығармашылығы тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін ортақ рухани қазына. Ақынның философиялық ой-толғамдары сан жылдар өтсе де өзекті болып қала бермек.
Аршын Кемелжан, Кенже Амраев, 24kz