Спорт – адам денсаулығының кепілі.
Бүгінгі таңда салауатты өмір салтын ұстану тақырыбы бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Қазақстанда бұл бағытта бірқатар ілгерілеу бар деп сеніммен айтуға болады. Елде дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Мемлекет әр өңірде спорттық инфрақұрылымды жақсартуға, заманауи спорт залдарын, фитнес орталықтарын, ашық спорт алаңдарын салуға көңіл бөліп отыр. Әсіресе, балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жолға қойылған. Сондай-ақ мектептерде спорт секцияларының саны көбейіп, оқушыларға жағдай жасалуда. Республиканың түкпір түкпірінде арнайы жобалар қолға алынып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Елімізде 8,4 миллионнан астам адам спортпен шұғылданады
Осыдан бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласындағы мәселелерге назар аударды. Ол мемлекет спортшыларды дайындауға жеткілікті деңгейде қаражат бөліп отырғанын, сондықтан халық әлемдік додалардан тиісті нәтиже күтетінін жеткізді.
"Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ деп санаймын. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды!" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі таңда спортқа жауапты министрлік қазақстандықтарды бұқаралық спортқа тарту үшін кешенді шараларды жүзеге асырып отыр. Министрліктің мәліметінше, өткен жылы спортпен тұрақты айналысатындардың үлесі 41,4 пайыз болған. Енді ведомство бұл межені 50%-ға дейін жеткізуге ниетті. 2029 жылға қарай осындай көрсеткіш болады деген мақсат тұр.
Республикада жыл сайын бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіледі. Олардың қатарында марафондар, веложарыстар, отбасылық фестивальдер, жаппай сырғанау сынды түрлі форматтағы шаралар бар.
Еліміздің бас қаласында осы жылдың алғашқы үш айының өзінде 240-тан астам шара өткен. Оған 29 мыңнан астам тұрғын өз үлесін қосты. Қазір елордада спорттық инфрақұрылымның жандануына жіті көңіл бөлініп келеді. Дене шынықтырумен айналысамын деген жандарға қолайлы орта қалыптасып отыр. Велосипедпен жүруге арналған жолдардың ұзындығы 77 шақырымнан асса, жүгіруге 25 шақырым жол бөлінген.
Сонымен қатар елордада 2833 спорт секциясына 270 мыңнан астам адам қатысады. Еңбектеген баладан еңкейген қариялар үшін түрлі әлеуметтік жобалар қолға алынғанын тілге тиек ету керек. Мысалы, Aula Fit жобасы бойынша аулаларда ашық аспан астында жаттығулар жасауға болады. Мұнда кәсіби жаттықтырушы сабақтар жүргізіп, тұрғындарды спортқа баулуға көмектеседі. Ал Funny Sport – көптеген іс-шаралардан тұратын жоба. Шеберлік сабақтары мен жарыстар түрлі жас ерекшеліктеріне арналған. Осы сияқты тың бастамалар адамдардың спортпен шұғылдануына септігін тигізіп отыр.
Оқушылардың бос уақытын пайдалы өткізуге арналған жобалар да бар. Мысал ретінде, Street Battle, Былғары доп турнирлерін айтсақ та болады. Бұл қатарға марафондар, челленджер мен акцияларды да қосыңыз.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау маңызды міндет екенін атап өтті. Ол жауапты ведомствоның бұл бағытта барлық күш-жігерді жұмсап, тиісті органдармен, саладағы ұйымдармен жұмыс істеуге әзір екенін еске салды.
Бүгінгі таңда атқарушы билік 2023-2029 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасын басшылыққа алып отыр. Құжатта бірнеше бағыттар қамтылған. Атап айтқанда, балалар мен жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға басымдық беру; барлық азамат үшін дене шынықтыру мен спортпен айналысудың қолжетімділігін қамтамасыз ету; халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын жоғары жетістіктер спортын дамыту.
Халықты спортқа тарту үшін бұқаралық спорт келесі жас ерекшеліктері бойынша дамытылмақ: 3-5 жас (мектепке дейінгі жас), 6-13 жас (балалар), 14-18 жас (жасөспірімдер), 19-35 жас (жастар), 36-65 жас (орта жас), 65 жастан жоғары (егде жас). Тұжырымдамада әр жас санаттарының жас ерекшеліктері мен физиологиялық мүмкіндіктері ескерілген көрінеді. Сонымен қатар, халық арасында спортпен жүйелі түрде айналысатындарды нақты есепке алу үшін есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізілмек.
Бүгінгі таңда балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығы артып келеді. Қазіргі уақытта 4-17 жас аралығындағы 240 мыңнан астам бала тегін спорт секцияларына қатысады. Сонымен қатар, 25 мыңнан астам спорттық шаралар ұйымдастырылады. Бұл, өз кезегінде, бұқаралық спортты дамытуға тың серпін беріп отыр.
Қазақстанда дене шынықтыру және спортты дамытудағы негізгі бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Инфрақұрылымды жаңғырту, жаттықтырушыларды қолдау және ұлттық спорт түрлерін насихаттау басымдыққа ие. Ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталған шаралар нәтижесінде былтыр еліміз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 112 медаль жеңіп алып, көш бастады.
Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарын басқару жүйесін жетілдіру үшін жаңа заң жобасы әзірленді. Маңызды құжатта кәсіби спорт клубтарының бюджетін шектеу, спортшыларды қаржыландыру мәселелері, спорт федерацияларының аккредитациясы және мүгедектігі бар спортшыларды қолдау сияқты маңызды өзгерістер қарастырылған.
Елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытудың басты мақсаты – 2029 жылға дейін спорт нысандарының санын арттыру, инфрақұрылымды дамыту және жаттықтырушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Өткен жылы республикада 90 жаңа спорт нысаны ашылды, оның 61-і – ауылдарда. Спорттық инфрақұрылымды жаңғырту аясында футбол стадиондарын қайта құру және жаңа нысандарды салу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Мәселен, Қызылорда, Орал, Түркістан сияқты өңірлерде жаңа стадиондар салынды.
Кадр мәселесі де спорт саласының дамуы үшін айтарлықтай рөл атқарады. Жаттықтырушылардың мәртебесін арттыру, оларды қайта даярлау және жаңа спорт мектептерін ашу үшін түрлі шаралар қолға алынуда. Бұл спорт жүйесін сапалы түрде дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаттықтырушылардың жалақысын арттыру, әлеуметтік кепілдіктер мен қолдауды күшейту мақсатында заңнамалық түзетулер енгізілуде.
Цифрландыру да спорт саласының дамуына әсер етіп отыр. Жыл аяғына дейін e-Sport платформасы қолданысқа берілмек. Бұл жүйеде спортшылар, жаттықтырушылар және төрешілердің, инфрақұрылым объектілерінің бірыңғай тізімі болады.
2024 жылы еліміздің ұлттық командалары 1 206 медаль жеңіп алды, олардың ішінде 399 алтын, 341 күміс және 346 қола медаль бар. Параспорт саласында да маңызды жетістіктер тіркеліп, Қазақстан паралимпиадалық спорт түрлерінде 56 медаль еншіледі. Бұл нәтижелердің барлығы да қабылданып жатқан кешенді шаралар мен сала дамуының нәтижесі. Жаңа чемпиондар буынын тәрбиелеу және халықтың денсаулығын нығайту мақсатында тиімді әрі қолжетімді спорттық жүйе құру үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Олимпиададағы Қазақстанның жетістіктері
Қазақстан осы уақытқа дейін бірнеше Олимпиадаға қатысты. 1996 жыл Атлантада өткен жарыста ел намысын 15 спорт түрі бойынша 94 спортшы қорғады. Олар 11 жүлдеге ие болып, командалық есепте 24-орынға тұрақтады.
2000 жылы Аустралияның Сидней қаласында өткен жазғы олимпиадаға 130 отандық спортшы қатысып, 7 жүлдені қанжығаға байлады.
2004 жылы Грекияның астанасы Афинада өткен олимпиадада Қазақстан құрамасы 8 медаль алып, командалық есепте 40-орынға жайғасты.
2008 жылы Бейжің олимпиадасында 129 қазақстандық спортшы қатысып, 13 медаль еншіледі.
Лондон-2012 олимпиадасында ұлттық құраманың намысын 115 спортшы қорғады. Олар спорттың 20 түрінен бақ сынады. 13 медаль ұтып алып, командалық есепте 12-орынға тұрақтады. Бұл – ең үздік көрсеткіштердің бірі. Бұдан басқа еліміз Рио-де-Жанейрода, Токиода, Парижде өткен жазғы олимпиадаларға да қатысып, байрақты бәсекелерде жүлделі орынға ие болды. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның олимпиада тарихындағы үлкен жетістіктерін көрсетеді. Негізінен алғанда, мемлекетіміздің спортшылары Олимпиада ойындарына қатысқалы бері 200-ден астам медаль ұтып алған.
Қазақстан хоккей құрамасы Азиядағы ең мықты командалардың қатарына енеді. Ұлттық құрама бірнеше рет әлем чемпионаттарына, Әлем кубоктарына және Олимпиада ойындарына қатысқан. Нәтижесінде жас жеткіншектердің осы спорт түріне деген қызығушылығы артты.
Осы тұста боксты да шет қалдыра алмаймыз. Қазақстан – әлемдік бокста өзіндік орны бар елдердің бірі. Еліміз ауыр атлетикада да үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Халықаралық жарыстарда көптеген спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетті.
Еліміздің әлемдік спорт аренасында бәсекеге қабілетті болатындай әлеуеті зор. Отандық спортшылар жасөспірімдер арасындағы жарыстардан бастап, Олимпиада ойындарына дейінгі халықаралық бәсекелерде тұрақты түрде жүлде иеленіп жүр. Бұл – жүйелі қолдау мен дайындықтың жемісі.
Ұлттық спортпен айналысатындар қатары артқан
Ұлттық спорт түрлері – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің маңызды құралы. Мәселен, тоғызқұмалақ, асық ату сынды ойындар балалардың ойлау қабілетін арттырып, білім мен ғылымға бейім болуына ықпал етеді. Сондықтан да бұл ойындарды тәрбиелік маңызы зор ұлттық мұра ретінде қарастыруымыз керек.
Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық артып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы ұлттық спортпен тұрақты түрде айналысатындар саны 619,2 мың адам болса, былтыр 666,1 мыңға жеткен. Елімізде 16 мыңнан астам ұлттық спорт үйірмесі бар. Бұл қатарға балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін, спорт клубтарын да қосуымыз керек. Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына 10 спорт федерациясы кіреді. Олардың ішінде көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, бәйге, садақ ату, құсбегілік, тоғызқұмалақ секілді және т.б. бағыттарды дамытып жатқан федерациялар бар.
Қазақстандықтардың тоғызқұмалақ, қазақ күресі және көкпарға деген қызығушылығы жоғары. Мұны статистика да дәлелдеп отыр. Мәселен, республика бойынша 78 мыңнан астам спортшы көкпармен айналысады. Тағы 159 мыңнан аса отандасымыз қазақ күресін жанына серік еткен. Осы тұста тоғызқұмалақ төрт мың жылдан астам тарихы бар зияткерлік ойыны екенін атап өтуіміз керек. 2020 жылы осы ойын түрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Ел мектептерінде осыған қатысты арнайы үйірмелер де жұмыс істеп тұр. Бұдан басқа жыл сайын ұлттық спорт түрлері бойынша республикада кең көлемді жарыстар өткізіліп тұрады.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев биыл ұлттық спорт түрлерін дамытуға 6 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Оның ішінде 4,8 миллиард теңге жергілікті қаражат көзінен алынса, қалған сома республикалық бюджеттен көзделген.
Астанада тенниске қызығатындар көбейген
Биылғы маусым айында Мемлекет басшысы елордадағы "Дәулет" теннис орталығына барған болатын. 2019 жылы бой көтерген орталық Астана қаласы әкімдігіне қарайды. Оның аумағында 8 жабық және 5 ашық корт, 1 тренажерлық және 1 жаттығу залы, балаларға арналған және ересектерге арналған киіну бөлмелері, кампус, жаттықтырушылар бөлмелері, дәмхана, спорттық дүкен орналасқан. Мұнда ҚР Теннис федерациясының сертификаттауынан өткен кәсіби 10 жаттықтырушы жұмыс істейді.
"Дәулет" МКҚК басшысы Дина Темірғалиеваның айтуынша, орталыққа аптасына орта есеппен 650-дей бала келеді. Одан басқа ересектер де орталыққа келіп қатыса алады.
"Әр жылдың қыркүйек айында жаңа оқу жылына балаларды іріктеу арқылы топтар құрылады. Жақсы көрсеткіштері бар спортшылар тегін топтарда дайындалады. Жаңадан бастап жатқан балалар үшін алғашқы уақытта ракетка беріледі. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша теннис спорты өте жақсы дамып келеді. Теннис ойнауға қатысатындар саны жылдан-жылға артып келе жатыр", – деді теннис орталығының басшысы.
Бүгінгі таңда теннисті көбі қымбат спорт түрі ретінде таниды. Орталық басшысынан бұл пайыммен келісесіз бе деп сұрадық.
"Бұл түсінік ескіріп жатыр. Себебі тенниске қызығушылығы бар кез келген баланың бұл спорт түрімен айналысуына мүмкіндіктер бар. Біздің орталық – соның бір айқын дәлелі. Спорттық жоғары жетістіктері бар балалар тегін қатыса алады, ал көпбалалы отбасылардан шыққан және мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Ересектер үшін теннис кортын жалға алу құны қала бойынша ең арзан. Біздің корттар Қазақстан бойынша қолжетімді деп айта аламыз", – деді Дина Темірғалиева.
Теннис орталығында көпбалалы отбасылардың оқушыларына топтық жаттығу бағасынан 50 пайыздық жеңілдік жасалады. "Дәулет" теннис орталығына балалар жиі барады. Бұдан басқа ерекше қажеттілігі бар спортшылар да осында келіп жаттығады.
Спортпен шұғылданудың пайдасы
Дене шынықтыру спортшылар үшін ғана емес, әрбір азамат үшін де өте қажет. Себебі бұл ұзақ әрі сапалы өмірге бастайтын бірден-бір жол. Психолог Лимана Құттыбекқызы да спорт денсаулық, дене бітіміне ғана емес, адамның психикасына өте жақсы әсер етеді деген пікірде.
"Мысалы, стресс, күйзеліс көп. Спорт оның алдын алып, азайтады. Жаттығу кезінде эндерфарин, дофамин, серотин деген гормондарға жақсартады да, адамның уайымы мен мазасыздығын басады. Адамның ұйқысы жақсарады. Жалпы тұрақты физикалық белсенділік ұйқының сапасын арттырады. Мысалға, адамның ұйқысы қанбаса, ол адамның ойлауы да, жұмыс жасау белсенділігі де төмендейтіні белгілі. Дене жаттығуы адамның дене бітіміне, бел, мойын омыртқасына қатты әсер етеді. Спортпен айналысқан кезде үшінші күні түп-түзу жүре бастайсыз, бойыңызға күш-қуат келеді. Адам өзін-өзі дұрыс бағалай бастады. Күнделікті режимі дұрыс қалыптаса бастайды. Адамның зейінін жақсартады. Жаттығу жасаған адам өзінің денесі мен тынысына мән беріп бастайды", – деді сала маманы редакция тілшісіне берген жауабында.
Оның айтуынша, кез келген үйдің ауласында жаттығу тренажерлері бар.
"Тіпті спорт залына бармай-ақ, адамдар өз бетінше спортпен шұғылдана алады. Балалардың өзіне тегін спорт үйірмелері бар. Спорт залдары мен алаңдары бар, олар қолжетімді. Көпшілігінде жеңсем екен, медаль алсам екен деген ой болмауы керек, бірінші орында кез келген жасаған істен ләззат алуды ойлаған жөн. Рахаттана отырып жасаған ісінен ләззат алатын адамдар болады. Дәл сол секілді жаттығуға барған кезде де денеңіздің демалып тұрғанын сезінудің өзі бақыт", – деді психолог.
Психолог спортпен айналысатын адамдардың көңіл-күйі тұрақты болатынын жеткізді.
"Стреске де, депрессияға да өте төзімді болады. Сөзіне берік болады, өзін-өзі дұрыс бағалайды. Ал спортпен айналыспайтын адамдарды айтатын болсақ, олардың көңіл-күйі құбылмалы, стреске жиі ұшырайды", – деді сарапшы.
Қорыта айтқанда, спорт – бұл адам денсаулығының кепілі. Денеміз шымыр болып қана қоймай, бойымызды тәртіпке, батылдық пен табандылыққа үйретеміз. Жасөспірімдер үшін спорт – күш пен ептілікті дамытудың, сонымен қатар еңбекке баулудың бірден бір жолы. Қазіргі таңда ата-аналар балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне мән беруі тиіс. Себебі уақытты пайдасыз істерге жұмсаудың зиянынан басқа беретіні жоқ. Ал спортпен айналысқан баланың денсаулығы мықты және өмірге деген құлшынысы жоғары болатыны сөзсіз. Сондықтан да спортты дамыту жұмыстары балабақшадан бастап, мектептерде, колледждер мен университеттерде жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Мемлекет балалардың жастайынан бастап салауатты өмір салтын ұстануы үшін қажетті жағдайды жасап отыр.
Осы тұста Қазақстанның спорттағы жетістіктері мен жеңістері арта берсін деген тілегіміз бар. Бұған әрбір азамат өзінің сүбелі үлесін қоса алады. Спорт арқылы елдің рухы көтеріліп, халықаралық аренадағы беделі арта түспек.