Биыл Шоқан Уәлихановтың туғанына 160 жыл!
Шоқан Уәлиханов Қашқарға барып қайтқан құпия сапарынан соң Тезек төренің ауылында жатып, Қытайдағы Ағылшын елшісін күткен көрінеді. Ел аузында әлі күнге айтылып келе жатқан бұл әңгіме, бірақ, Шоқан Шыңғысұлының еңбектерінде жазылмаған, Шоқан өмірін зерттеушілер де оның ізіне түскен емес.
Алайда ерте оянған, туған елінен жырақта өскенімен, қазақ халқының басындағы халді тез таныған жас Шоқанның жанұшырып алыс-жақыннан тілеулес дос іздегенін сезінуге әбден болады. Оның үстіне 19-ғасырда өнеркәсібі дами бастаған, бай әрі әскери қуаты мен қару күші жетіле түскен еуропалық елдер төңірегін жарыса жаппай отарлауға ұмтылған еді. Осындай кезеңде еуропалықтардың Азия, Орта Азия аймағынан көзге көрінерлік тұлғаларды іздеп, олармен байланыс орнатуға мүдделі болғанын да осы арада ескергеніміз жөн.
Шоқан – алдымен ана тілінде, сосын көне түркі тілінде, ізінше арабша, парысша білім алған алғыр азамат. Әкесі Шыңғыстың жетелеуімен Омбы қаласындағы Сібір кадет корпусында оқыды. Сібір кадет корпусы сол жылдары орыс патшалығына қараған өлкелерде озық әрі іргелі оқу орыны аталған екен. Аталған оқу орнына болашақ ұлы ғалым 1847 жылы 12 жасында келіп түсті. «Орыстың қаласы баланы таңқалдырып, ол қарындашпен қала көріністерінің бірін салды» деп жазады Шоқан туралы естелігінде досы Г.Н. Потанин.
Шоқан кадетте Потанинмен, Сібірді жетік білген, кейін ағартушы-ғалым атағымен танылған, Сібірде тұңғыш баспа ашып, «Амур» газетін шығарған В.И. Вагинмен, Қазақстан мен Сібір халықтарын зерттеуші, публицист Н.М. Ядринцевпен, атақты ғалым-статист Н.Ф. Аннескиймен қатар оқыды. Әке дәулеті, ата-тегіндегі ақсүйектік бозбала Шоқанды масаттандырып, оны өмірдің қызылды-жасылды ортасына жетелеп, желіктіре түссе керек еді. Бірақ Шоқан кадеттегі достарымен бірге Белинский мен Герценнің идеяларына ден қойды. Монархиялық биліктің құрдымға кетіп, құлауға бет алғанын ұқты. Шоқанды отарлық күйге түсіп, өрісі тарыла бастаған туған халқының да тағдыры толғандырды. Өйткені ол отаршылдардың қазақ даласына сыналап еніп қана қоймай, әміршіл әкімдік жүйе орната бастағанын өз отбасының жағдайынан да анық көрген еді.
«Шыңғыс Сырымбетте қыста ғана тұрып, жазды жайлауда өткізген. Жазғы демалысқа келген кездерінде кейде Шоқан мен Г.Н. Потанин де Шығыспен бірге көшіп жүрген. XIX ғасырдың 50-60 жылдарында Шыңғыстың жаз жайлауы Сырымбеттен алыс, Есіл өзенінің жоғарғы жағында, қазіргі Атбасар даласында болған. Потаниннің суреттеуі бойынша Шыңыстың белгілі жайлаулары – Құлаайғыр, Қаламақкөл, Салқынкөл және Тоқты. Кейіннен көшіп-қону аумағы тарылып, Шыңғыс жаз мезгілін Сырымбетке жақын, Қазан ауданындағы Саумалкөл (Айыртау), Күйгенкөл, Ақжар мекендерінде өткізген. XIX ғасырдың аяғына қарай Уәлихановтардың отбасы жайлауға көшуді доғарып, Сырымбет төңірегінде өмір сүрген» дейді Әлкей Марғұлан. (Ә. Марғұлан. «Шоқан (Мұхаммед-Ханафия) Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мен қызметі»).
Сібірдің шептік казактарының әскери училищесінде орысша оқып білім алған, орыс ғалымдарына қазақ халқының этнографиялық тұрмысы жайында мол мағлұматтар берген, орыс геодезисттерінің қазақ жерінде жұмыс жасап, Құсмұрында бекініс салуға жәрдемін тигізген Шыңғыс сұлтанның Батыс Сібір генерал-губернаторының тарапынан қысым көріп, жаз жайлауға көше алмай қалуы көзі ашық, көкірегі ояу Шоқанды ойландырмады деуге мүлде келмейді. Ол әулеттің басындағы ахуалмен бірге қазақ халқының күйзелісті жағдайын да анық білді. Демек, ендігі шоқантанушылар Шоқан Уәлихановтың саяси көзқарастарына да мән беріп, үңілуі керек-ақ. Өйткені Совет өкіметінің тұсында есім сойы елге тарап, еңбектері жарыққа шыққан, құрметтелген тұлғаларды жаппай орысшыл деп қабылдау, отарлаушыларға құлдық ұра қызмет еткен деп түсіну осы күнгі жастар арасында етек алып барады. Бұл қате түсінік. Советтік мистификаторларға қарсы шығамыз деп бүгінгі нигилистер бәрін мансұқтауға көшті. Мұның ақыры Шоқандай ұлы тұлғалардың бейнесін ел жадынан көшіріп, тарихтағы орнын жоққа шығаруға дейін тереңдеп кетуі мүмкін. Сонда Абайлар мен Шоқандардың орын кім басады? Бұл сұраққа діни көсемдерді мистификациялауға жанын салып жүргендердің іс-әрекеттерінен жауап табуға болатын сияқты.
Шоқанның әжесі Айғаным (Уәли ханның кіші жары) замананың әлпетін ерте танып, орыс билігімен дипломатиялық қарым-қатынаста болыпты. Зерек ананның орыс оқуына жеті жасында беріп, баласы Шыңғысты тіл ұстартуға бейімдегенінің астарында ертеңін ойлаған адамның қаракеті жатыр. Шыңғысты орыстың географиялық, антропологиялық қоғамы жақсы білген. Шыңғыспен олар ақылдасып отырған. Ал Шыңғыстың Шоқаннан өзге ұлдары да орыстың ойлы азаматтармен достық рәуіште қауышып отырған.
«Көкшетаудан шығып, Уәлихановтардың ауылын іздеп келе жатып мен қазіргі көзі тірі ағайынды төртеуінің бірімен өте ашық байланыста болуым керек болса, ол, әрие, Мақы болар еді» деп жазады Потанин. Мақы – Шоқанның інісі. Ол Петерборда 11 жыл тұрған. Кәсіби қылқалам шебері. Шоқанның тағы бірі інісі Махмұт та Шоқанның ықпалымен орыс және батыс классиктерінің шығармаларын оқып ер жетеді. Ол да орыстың алдыңғы қатарлы ұлдармен араласқан. Махмұттың достары инженерлер, ғалымдар, әдебиетшілер, зерттеушілер болған. Феодор Достоевскийдің Семейден жазған хатын Шоқанға жолдаған да – Махмұт. Ендеше Махмұт пен Достоевскийдің арасындағы таныстық-білістік те шоқантанушыларға тақырып болады деп білеміз. Шоқанның және бір інісі Сақыпкерей (Қозыке) – әнші, композитор. Қозыкенің ағасы Шоқанға арнап шығарған «Көкенің аманаты» әнін кезінде Көкше жұрты айтып жүрген. Қозыке Ақан серімен сырлас, дос болыпты.
Мұхаммед-Ханафия (Шоқан) бала кезінен саяхаттауды жаны сүйген екен. Көкшенің мүлгіген орманды алқаптары мен көгілдір таулары бала қиялын ұштап, алыс армандарға жетелегенге ұқсайды. Ендеше бүгінгі жас ұрпақ та Шоқан әлеміне асқан құштарлықпен саяхаттауға тиіс.
Сайын Бөлек
Abai.kz