Маңғыстауда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында үш медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, Шетпе ауылы Қосбұлақ ықшамауданында дәрігерлік амбулатория, Бейнеу ауданы Тәжен ауылында медициналық пункт және Қарақия ауданы Құрық ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров мәлімдеді.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға арналған жоспар әзірленді. Аталған жоспарға сәйкес Мұнайлы ауданында 150 төсек-орынға арналған орталық аудандық аурухананың құрылысы аяқталды. Спикердің айтуынша, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысы қолға алынды.
-Облыс бойынша былтыр жалпы 4 медициналық нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бейнеу аудандық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансері базасында ПЭТ-орталық ашу арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтау мүмкіндігі артады. Денсаулық сақтау саласында жедел шешім қабылдауды қамтамасыз ету үшін жағдайлық-аналитикалық орталық құрылады. Маңғыстау жоғары медициналық колледжі, облыстық тері-венерология диспансері, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасы, №3 Жаңаөзен қалалық емханасы, Маңғыстау орталық аудандық ауруханасына қарасты Жармыш ауылы, Бейнеу аудандық көпбейінді ауруханасына қатысты Сарға, Төлеп, Тұрыш ауылдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, — деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров.
Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Кендірлі ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында медициналық көмектің сапасын көтеру мақсатында Ақтау қалалық №1 емханасында, Бейнеу, Қарақия аудандық ауруханалары мен Жаңаөзен қалалық №2 емханада «Үздік тәжірибелер орталықтарын» ашу жоспарланып отыр. Үздік тәжірибелер орталықтары — бұл халықаралық стандарттарға сәйкес халыққа әлеуметтік саламен интеграцияланған, біріккен орталық. Бұл жерде ұйымдастыру жұмысының өз ерекшеліктері бар. Яғни медицина қызметкерлері мультидисциплинарлық команда ретінде жұмыс жасайды. Отбасылық дәрігермен бірге орта буын қызметкерлері, акушер, әлеуметтік қызметкер, психологтар бір команда болып қызмет көрсетеді.
-Облыс көлемінде стационарлы көмек 37 медициналық ұйыммен көрсетіледі, оның 15 мемлекеттік, 1 бағынысты мекеме, 21 жеке. Халыққа стационарлық көмекті көрсетудегі басты мәселелердің бірі — бұл облыстық деңгейдегі ересектерге және балаларға арналған шұғыл медициналық көмек көрсететін ауруханалар тапшылығы.
Бұл бағыттар бойынша Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берген болатын. Ақтау қалалық көпбейінді ересектерге арналған аурухананы ашу және жаңа облыстық балалар ауруханасын салу жоспарлануда. Қазіргі күнгі жағдай бойынша облыста 64 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді, соның ішінде Ақтауда 21 бригада. Биыл 6 айында барлығы 144 829 шақырту түскен болатын. Былтырғы жылдың 6 айымен салыстырғанда шақыртулар саны 7% азайған, — деді Бекболат Ізбасаров.
Сонымен қатар, 34А-шағын ауданында облыстық жедел жәрдемнің негізгі ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.