Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды инспекциялау нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізуді аяқтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы 10 шілде күні Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ресми түрде хабарлады.
"Талдау нәтижесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау жөніндегі мемлекеттік ұйым – "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы" ШЖҚ РМК-ның монополиялық жағдайы анықталды. Бұл орталық елімізде мұндай қызмет түрін көрсететін жалғыз мекеме болып есептеледі және нарықтың 100%-ын қамтып отыр", — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, инспекциялық қызметтерге арналған тарифтерді орталықтың өз бетінше бекітетіні көрсетілген. Бұл жағдай бағаның негізсіз өсуіне алып келетін қауіп тудырады және кәсіпкерлер тарапынан тарифтік саясаттың әділдігіне күмән туғызады.
"Агенттік жүргізген талдау барысында кейбір инспекциялық қызмет түрлері бойынша тарифтің алты есеге өскені анықталды. Мұндай өсім дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың түпкілікті бағасына тікелей әсер етеді. Себебі өндірушілер мен жеткізушілер бұл шығындарды тауар бағасына енгізеді. Ал бұл шығынды соңында мемлекет пен халық төлейді", — деп түсіндірді агенттік.
Осыған байланысты, Қазақстан азаматтары үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қолжетімділігі мен бағасын төмендету мақсатында, антимонополиялық орган Ұлттық орталықтың үстем жағдайын теріс пайдалану дерегі бойынша тексеру жүргізетінін және инспекциялық қызметтерді мемлекеттік монополияға жатқызу мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді. Бұл болашақта осы қызмет түрлеріне тарифтерді мемлекеттік деңгейде реттеуге мүмкіндік береді.