Ресейдің кезекті озбырлығынан Баку мен Мәскеу арасы сәт санап суып барады. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, Бұл дау Екатеринбургтен басталды.
Ресейдің «ұр да жық» күштік құрылымдары әзірбайжандықтар тұратын бірнеше пәтерде рейд жүргізген. Анығы – Ресей ОМОН-ы «аң аулауға шыққандай», сойы әзірбайжан азаматтардың тұрғын-жайларын асқан қатыгездікпен тінтіп, өздерін аяусыз ұрып-соғып, ойларына келгенді істеген.
Бұл қатігездіктен 2 адам қаза тапқан. Бірнеше адам жараланған. Бакудің сөзінше: 27-28 маусым аралығында ұзын-саны 50-ге жуық әзірбайжандық осындай қатігездікке тап болған. Екатеринбургте қаза тапқан ағайынды Гусейн мен Зиядин Сафаровтардың бірі ІІД ғимаратында ұрып-соғып өлтірілсе, екіншісі арнайы жасақ көлігінде қаза тапқан.
Бұл бір емес. Дәл осы аралықта Ресейдің Воронежінде де әзірбайжандықтарға қарсы қатыгез рейд жасалған. «Алексеевский» деген базарда болған тұрмыстық жанжалдан соң «Русская община» қозғалысының өкілдері шығып, әзірбайжандарға қарсы әлімжетті әртүрлі әрекеттерді жасаған. Артынша Ресей ОМОН-ы келіп, екі соққан.
Бұған Бакудің реакциясы қандай болды? Әлбетте, тілін тістеп қалған жоқ! Әзірбайжан СІМ-і орыс елшісін шақырып бір ескертті. СІМ-іне хабарлап, екі наразылық білдірді. Адам құқығы жөніндегі амбудсмені үшбу хат жолдап, түсінік беруді талап етті. Прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Ал Мәжілісінің біршоғыр депуттары дауыстай сөйлеп, Мәскеудің мазасын қашыра мәлімдемелер жасады. Бұдан басқа, бұрын жоспарланып қойған Мәскеудің мәдени іс-шараларын өткізбейтін болды. Бұл Әзірбайжан тарабының бірінші толқын соққылары болды.
Бұған Мәскеу қарап қалсын ба? Песков шығып, бір сөйледі, Захарова шығып, екі сөйледі. Екеуі де РФ күштік құрылымдарын ақтай сөйлеп, болған жайды «тұрмыстық жанжалға» телуге тырысты. «Бакудің қатал реакция білдіретін жөні жоқ», — деп сөйледі.
Онан соң, Әзірбайжан да өзінің білек күшін көрсете бастады. «Sputnik Әзірбайжан» дейтін агенттіктің ғимаратын басып кіріп, тінтудің қалай болатынын іспен көрсетті. Кремль идеологиясына қызмет ететін журналистерді табжылтай отырғызып қойып, қылмыскер іздеді. Онысын бүгіп-жасырып қалған жоқ. Қуықтай ғимарат түгілі, тұтас көшені жауып тастап: «Қараңдар, көріңдер», — деді Мәскеуге.
Әзірбайжан ІІМ-і «Sputnik-тің» ішінде жүрген 7 адамды аяқ-қолын қайырып, кісендеді. Олар РФ ФСБ-сының агенттері деген айып тақты.
Әзірбайжанның мемлекеттік телеарналары Ресейдің «империялық» саясатын сынға ала бастады. Кезіндегі Сталиндік қуғын-сүргін және оккупациялау саясаты туралы хабарлар таратуда.
Бакудің бұнысы Мәскеуге бата тиген болса керек, Мәскеудің сөзі өзгерді. Әзірбайжанның елшісіне нота тапсырып, Ресей азаматтарын босатуды талап етіп шықты.
Ал Баку қайтті? Баку Ресей азаматтарынан құралған екі ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. «Күш қолданудың қандай болатынын көріңдер», — дегендей, әлгі Ресей азаматтарын видеоға түсіріп, таратты. Оларға «Ираннан есірткі тасыды» және «кибераляқтықпен шұғылданды» деген айыптар тақты.
Бұған жауап ретінде Мәскеу де сойы әзірбайжан азаматтарын, дені кәсіпкерлер күшпен ұстап, қамап, тінтіп, мінез көрсеткендей болды. Атап айтқанда: Екатеринбургте Ресей күштік құрылымдары Әзірбайжан диаспорасының жетекшісі Шахин Шахлинскийді тұтқындады. Ал Воронежде Ресей полициясы әзірбайжан кәсіпкері Юсуф Халиловтің үйіне басып кіріп, тінту жүргізді. Бұған қоса Екатеринбургте тағы бір әзірбайжандық кәсіпкер, «Лукойл» өндірушілер бірлестігі жетекшілерінің бірі Ахмед Гаджиев тұтқындалды.
Ал Баку соты «ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, Ираннан есірткі саудалады, кибер алаяқтықпен шұғылданды» деп тұтқындалған 8 ресейлікті тергеу аяқталғанша деп, 4 айға қамады.
Ал Ресей Екатеринбург пен Воронежде ұсталған әзірбайжандықтарды босатқанын, оларға қылмыстық іс болйынша «куәгер» статусы берілгенін мәлімдеді.
Осылайша Баку мен Мәскеу арасы суып барады. Бұған себепші болған және – Ресей! Анығы – Ресейдің күштік құрылымдары орыстан өзге азаматтарға (орыстың өз азаматтарына да) дұшпан көзбен қарайтыны.
Тақырыпқа тұздық: Кеше әйдік «Герман толқыны» (DW) агенттігі: «Мәскеудің Оңтүстік Қапқаздағы ықпалы азайып барады», — деп мақала жариялады.
Онда: «Екатеринбургте Ресей қауіпсіздік күштерінің Әзірбайжан азаматтарын айуандықпен тұтқындауы мен оған жауап ретінде Әзірбайжан қауіпсіздік күштерінің Бакудегі «Sputnik Әзірбайжан» қызметкерлерін тұтқындауы екі ел арасындағы қарым-қатынасты шиленістірді.
Онсызда екі ел арасындағы байланыс осы жылдың желтоқсан айында Ресейдің Махашқаласына бет алған әзірбайжандық «AZAL» ұшағының Ресей тарапынан атылған оқтың кесірінен апатқа ұшырағаннан бері әлсіреген еді.
Егер қарым-қатынас мүлде нашарласа, бұл екі елдің экономикалық ынтымақтастығына, соның ішінде Еуропа мен Иранға газ транзитіне қауіп төндіруі мүмкін.
Бакуде «маневр» жасауға мүмкіндік бар, ал Мәскеудің қысым жасау құралы барған сайын азаюда, Ресейдің Оңтүстік Қапқаздағы геосаяси жеңілісі Түркияның пайдасына шешілуде», — деп жазады.
Нұргелді Әбдіғаниұлы