Өткен сенбіде Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте мау­сым айының үш аптасы мен бес айдағы инфляция көрсеткіштері және оны тұрақтандыру жайы қаралды.

Сауда және интеграция министрлігі Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп инфляцияға едәуір әсер ететін азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар мен қызметтердің 20 негізгі атауы бойынша талдау нәтижелерін ұсынды. Бұл тізімге сиыр еті, картоп, пияз, алма, қант, күндізгі стационардағы ем, салқын су мен жылу, дәрігердің алғашқы қабылдауы және өзге де тауарлар мен қызметтер енді. Олар халықтың күнделікті өміріне тікелей қатысты әрі тұрмыс сапасына әсер етеді.

Жыл басынан бері елдегі инфля­ция деңгейі 6,1%-ды құрады. Оның ішін­де азық-түлік тауарларының баға­сы 6,7%-ға, азық-түлік емес тауарлар 3,6%-ға, ақылы қызметтер 7,8%-ға өскен.

«Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының орташа өсімі 0,2%-ды, ал жыл басынан бер­гі өсімі 7,5%-ды құрады. Картоп пен қырық­қабаттың бағасы 0,6% және 0,8%-ға төмендеді. Алайда сәбіз, пияз, та­уық және сиыр еті бағасының өсу үр­дісі сақталып отыр», деп атап өтті Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында жәрмеңкелер ұйымдастырылып, қант, күнбағыс майы, тұз және құс етінің ірі өндірушілерімен меморандумдар жасалып жатыр. Сондай-ақ бордақылау алаңдарын қолдау және жемшөп құнын төмендету бойынша мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылып жатыр.

Отырыста ерте пісетін көкөніс өнім­дерін жинау қарқыны да талқыланды. Ерте пісетін көкөніс өнімдерінің негізгі жеткізу­шісі саналатын Түркістан облысында сәбіз, пияз, картоп және қырыққабат жинау көлемі жоспардан айтарлықтай асып түсті. Өнім көлемі 125%-дан бастап 6 есеге дейін көп. Жаппай жинау науқанының басталуына байланыс­ты сәуір-мамыр айларында картоп импорты 36%-ға, ал қырыққабат импорты 95%-ға қысқарды.

Серік Жұманғарин инфляцияға әсері жоғары 20 тауардың бағасы қарқынды өсіп жатқан өңірлердің есебін тыңдап, жаңа өнім бойынша келісімшарт жасасу барысын қарады. Сондай-ақ ақылы қызметтердің баға өсімін тежеу арқылы жылдық инфляцияны белгіленген межеде ұстау қажеттігі айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьер өңір әкімдіктеріне халық көп тұтынатын тауарларды базарлар мен сау­да орындарында тұрақты қамтамасыз етуді және баға тұрақтылығын бақылауды күшейтуді тапсырды.