Алматылықтар қандала қаптады деп шағымданып жатыр. Жәндіктер тіпті орталықтағы үйлерді де басып кеткен. Терезеге орнатылған шыбын-шіркейден қорғайтын торлар да көмектеспейді деп отыр. Толығырақ Zakon.kz ақпаратында.

Жәндіктер, әсіресе, қара ағаштың жанында орналасқан үйлерде көп. Қандала көбінесе соның қалың жапырағының арасында мекендейді. Бұрын тек далада көзге түсетін бұл жәндіктер соңғы жылдары үйге дейін кіріп алған.

"Бұл мәселемен күрес 2004 жылдан басталды. Бірақ дәл қазір қандала көбейіп кетті, тіпті тыныш ұйықтай алмай қалдық. Жәндіктер төсекке шығып кетеді, тіпті құлаққа кіріп кетуі мүмкін. Тамақ дайындағанда асқа түсіп кететін кезі де бар. Москит торлары еш көмектеспейді — кішкентай саңылаулардан өтіп, үйге еркін кіріп алады. Ішке кірген соң, тез көбейеді. Сондықтан залалсыздандыру тек үйдің айналасында ғана емес, бүкіл қалада жүргізілсе дейміз". Марина Аксиненко:

Тұрғындар мәселенің ушығуына коммуналдық қызметтің салғырт әрекеті себеп дейді. Олардың айтуынша, қала әкімдігі ағаштарды уақытында кесіп, өңдеу жұмысын жүргізбейді. Ал қараусыз қалған жасыл желек қандалаға жайлы ортаға айналған. Әкімдік өкілдері тұрғындардың пікірімен келіспей, жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып отыр.

"Жағдайдан хабардармыз. Зиянкестердің қаптауы бойынша қазір биологиялық өңдеу жүргізілуде. Негізінде бұл зиянкестер адамға зиян емес.Бізде өңдеу жұмысы күшейтіліп, екінші кезеңді бастадық, кешкі 11-ден бастап, таңғы 5 жарымға дейін жұмыс жүргізіліп жатыр". Дәулет Бақытжанов, Алматы қаласы, Экология және қоршаған орта басқармасы, жасыл желектерді басқару бөлімінің маманы:

Көктемгі жауын-шашын мен күннің жылынуы секілді климат зиякестің жаппай көбеюіне бірден-бір себеп. Ағаш қандаласының қаптауы Алматының бірнеше ауданында байқалып отыр. Мамандар бұл маусым құбылысы деп сендіргенімен, тұрғындар нақты шешім қажет дейді. Өйткені жәндік қаптаған үйде тұру қиындап барады.

Бұған дейін Астанада Sergek камерасы бар дрондар көшелерді патрульдей бастағаны хабарланған болатын.