2025 жылғы 18 маусымда Мәжілісте қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстанның мемлекеттік қарызы 31,9 трлн теңгені құрайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева соңғы жылдары Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік қарызды басқаруда жүйелі проблемаларды үнемі тіркеп келе жатқанын айтты.
"Қарызды қайтару мүмкіндігі, фискалдық және валюталық тәуекелдерге талдау, барлық қарыз міндеттемелері бойынша жиынтық баланс жүргізілмейді. Мұндай кемшіліктер үкіметтік қарыз көлемі 10 жыл ішінде 2,5 есе өскен жағдайда орын алып отыр. Қарыз мөлшері ЖІӨ-нің 22% шегінде қалып отыр және үкіметтің пікірінше, бұл үрей тудырмауы тиіс. Бірақ ЖАП бұл тәсілдің шынайы жағдайды бұрмалап көрсететінін әділ түрде атап көрсетеді", – деді депутат.
Оның айтуынша, 2025 жылдан бастап күшіне енген Бюджет кодексінің жаңа нормалары мемлекеттік қарыздың барлық түрлерін кешенді басқаруға қажетті құқықтық негіз береді.
Министр Мәди Такиевтің айтуынша, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 31,9 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 21%-ын құраған.
"Халықаралық институттардың айтуынша, біздің мемлекеттік қарызымыз жоғары деңгейде емес, ол басқарылатын деңгейде. Бұған рейтингтік агенттіктердің бағалаулары дәлел. Өткен жылы қайта бағалау жүргізіліп, көрсеткіш сәл өзгерді. Соған қарамастан, бұл мәселе үкімет деңгейінде қаралып жатыр. Біз бұл мәселені бірінші тоқсан қорытындысы бойынша Экономикалық саясат кеңесіне шығардық. Жалпы, мемлекеттік қарызды азайту үшін бюджет тапшылығын төмендету және салық базасын, яғни бюджеттің кіріс бөлігін арттыру қажет. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Жаңа Салық кодексін ескере отырып, бұл мәселелерді реттей аламыз деп ойлаймын, – деді министр.
Бюджет кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты ол барлық ұсыныстардың ескерілгенін атап өтті.
"Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі тиісті нормативтік-құқықтық акт әзірлеуде, шілде айында оны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Келесі есепте әрбір субъект бойынша нақты көрсеткіштер – кім, қанша қарыз алғаны туралы толық ақпарат көрсетіледі. Бұл жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Мәди Такиев.
Бұған дейін бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,6% деңгейінде ұстау мақсаты орындалмағаны жайлы жазған болатынбыз.