Орталық Азия мен Қытайдың тауар айналымы 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жетуі мүмкін.
3 жыл бұрын 70 млрд доллар болатын. Бұл сандар арадағы қатынастың сапасын да аңғартады. Екі жыл бұрын Сианьда аталған елдердің «С5+1» форматындағы алғашқы жиыны өтті. Енді кезек бізде. Астана – мүдделер қарама-қайшылығына қас. Мәмілеге негізделген алаң ұсынуымен танылып үлгерді. Саммиттің басқа халықаралық басқосулардан айырмашылығы неде?
Жағрафияның жазылмаған заңы бар. Шекарасы шектесетін елдер әуелі бекісу жолын бекемдеу керек. Шиеленістерді шешіп, тату көршілікті табысқа айналдырғаны абзал.
Амангелді Тәженов, ҚР СІМ Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:
- Орталық Азия жақсы бір кезеңге келіп отыр. Жақсы бір тарихи жағдайға түсіп отыр. Біздің арамызда саяси жағынан келіспеушілік жоқ.
Онысы рас. Орталық Азия соңғы жылдары бес саусақтай бірігіп, тірлік ете бастады. Еуропалық Одақ пен АҚШ келісімдерді жеке-жеке жүргізгеннен гөрі тұтас аймақ ретінде уағдаласқанды құп көрді. С5 плюс форматына кейін Қытай қосылды. Олар бестікке жанасу арқылы үзілген экономикалық тізбекті жалғауды көздейді. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан да ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып отыр. Қысқасы геосаяси дағдарыс Орталық Азияның дамуына жол ашты.
Ерік Батырханов, халықаралық қатынастар бойынша тәуелсіз сарапшы:
- Бұған дейін Орталық Азияға баса назар аударылмады. Елдер өз бетінше әрекет етті деуге болады. Халықаралық ұйымдарға кірді. Бірақ қазір түсіну керек. Егер біз бірікпесек қиын жағдайда қалуымыз мүмкін. Себебі тек сауда-саттық тізбегін үзіп жатқан геосаяси дағдарыстан бөлек күннен-күнге үдеп бара жатқан текетірестер бар. Мәселен, қазіргі жаһандағы жанжалды тіпті, талдау орталықтары да тап басып болжай алмады. Өйткені күтпеген жерден тұтанады.
Сонымен Орталық Азия мен Қытай саммиті екі жыл бұрын Сианьда өтті. Сол кезде Қытайдың бес елге 3 млрд 700 млн доллар көлемінде несиелер мен гранттар беретіні белгілі болды. Бұл қаржы жергілікті жерде ғылым мен технология арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады. Ал, Қазақстан өзара келісім кезінде 22 құжатқа қол қойды. Жалпы сомасы 22 млрд доллар. Негізі еліміз азық-түлікпен қамтуда өңірлік хаб ретінде қалыптасуға қауқарлы.
Амангелді Тәженов, ҚР СІМ Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:
- Шойын жолдар болсын, көлік жолдары болсын 80 пайыз. Қытайдан Еуропаға Орталық Азиядан өтеді. Бізге Қытайдан не керек? Ол үлкен ел. Бұл әлемде екінші экономика. Бізге инвестиция керек, ақша керек. Бізге өзіміздің шығарған өнімді сату керек. Экспорттау керек. Сондықтан бұл үлкен нарық, үлкен экономика қасымызда.
Бес ел түрлі халықаралық ұйымдарға мүше екені мәлім. Бірақ, бәрінің басы бір алаңда түйіспейді. Бір парасы Шанхай ынтымақтастық ұйымында, басқасы ЕурАзиялық экономикалық одақта. Онда негізінен саяси мәселе сараланса, С5 плюс нұсқасында ықпал етуден гөрі ынтымақтасу басым.
Ерік Батырханов, халықаралық қатынастар бойынша тәуелсіз сарапшы:
- Біз мұнда саясат пен жаһандық қауіпсіздік жөнінде көп айтпаймыз. Бұл жерде халыққа тікелей қатысты мәселе көтеріледі. Яғни білім бағытында, жастар арасында тәжірибе алмасу. Сосын төтенше жағдайларға бірлесе әрекет етеміз. Мысалы, суға байланысты, көші-қон. Логистикаға көңіл бөліп жатырмыз. Қосымша жолдар ашылады. Орта дәліз ұсынылып отыр. Бұған Қытай қаржы құюға дайын. Бұл үлкен мүмкіндік.
Сонымен саммиттегі келісімдер сапалы іске асу керек. Сол үшін хатшылық құрылды. Іскерлік топ жұмыс істеп, талдау орталығы талқы жасайды. Айтпақшы, осы жолы Астана декларациясы қабылдануы мүмкін,-дейді сарапшылар. Себебі 2 жылда мәселе түрленді, мүдделер өзгерді. Уақыттың сырғуына қарай бағытты да айқындап алу ләзім.
Нысаналы Ығыл, Өрден Жарқын