Алматы полициясы мопедтерге міндетті тіркеу енгізілгеннен кейін қаладағы жағдай қалай өзгергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, мопедтерді пайдалану жағдайы тұрақталған.

Ресми мәлімет бойынша, бүгінде мопед иелерінің шамамен 95%-ы көліктерін мемлекеттік тіркеуден өткізіп, тиісті санаттағы жүргізуші куәліктерін алған. Мемлекеттік нөмірсіз және жүргізуші куәлігінсіз мопед айдау фактілері сирек тіркеліп жатыр.

"2025 жылдың 5 сәуірінен бастап Қазақстанда барлық мопедтер міндетті түрде тіркелуі керек деген жаңартылған талаптар күшіне енді. Олар мемлекеттік нөмірмен, техникалық паспортпен және сақтандыру полисімен жабдықталуы тиіс. Мопедтерді тек тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар адамдар ғана басқара алады", — деп еске салды Салтанат Әзірбек Алматы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Полицияның айтуынша, ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар мыналар:

  • жол белгілерінің талаптарын сақтамау;
  • тұтас сызықты кесіп өту;
  • қайта қатарға тұру ережелерін бұзу;
  • техникалық регламентке сай келмейтін жарық шамдары мен қатты дыбысты шығаратын бейстандарт жабдықтарды орнату.
"Көптеген жүргізушілер мопедтердегі зауыттық жарықтың жеткіліксіз екенін айтып, жарық шамдарын ауыстыратынын түсіндіреді. Алайда рұқсатсыз қуатты шамдар мен тікелей шығатын дыбыстағыштарды орнатуға тыйым салынған",- деді спикер.

Нәтижесінде, 5 сәуірден бастап жол ережесін бұзғаны үшін 5000-нан астам мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шамамен 2000 көлік айыптұраққа қойылған.

Жалпы, Әкімшілік полиция басқармасының Процессинг орталығының мәліметінше, Алматыда 15 мыңнан астам мопед тіркелген.

Полиция өкілдері мопед жүргізушілерінің басым бөлігі курьерлік қызмет саласында жұмыс істейтін шетел азаматтары екенін атап өтті.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері көліктерін уақытылы тіркеп, жол жүру ережелерін сақтайтын жауапты азаматтарға алғыс айтты.