Еліміздегі жағажай туризмінің даму жолдына түскенін бұған дейін жазғанбыз. Жалпы, жағажай туризмі туралы сөз қозғалғанда мамандар екі нәрсені ескеру керектігін алға тартады.

Біріншісі, ауа райы маусымына қатысты. Туристік операторлар дәл осы су туризміне қатысты мәселеге келгенде ұзақ мерзімді жоспар құра алмайтындарын айтады. Өйткені, еліміздегі шомылу маусымы небәрі екі айдан сәл асатын мерзімге ғана созылады екен.

Қазақстанда шомылу маусымы екі айға ғана созылады. Демек, біз жағажай туризмін шет елдегідей дамытамыз, одан қыруар табыс табамыз деп өзімізді алдамауымыз керек. Әдетте, біздегі жағажай туризмін айта келе Тайландпен салыстырғысы келеді. Олардағыдай табиғи қолайлы жағдай бізде жоқ. Біз су туризміне қатысты жұмыстарды тек екі, ары кетсе үш ай ішінде жүргізіп үлгеруге тырысамыз. Ол үшін көп ақша салу қажет, оған кешенді турларды дайындаудан бастап, инфрақұрлым жағдайы кіреді. Біз туристік бизнеске келгелі жыл сайын осы екі мәселемен бетбе-бет қаламыз. Яғни, шетелден келген демалушыны қызықтырып, көбірек ақша жұмсауына лайықты жағдай жасауға дайын емеспіз. Мысалы, жыл он екі ай жаз болып тұратын елден келген туристке біздің тазалығы жоқ жағалаулар еш қызық емес, ал олардағы қызмет көрсету мен қолайлы жағдай туралы бірдеңе айту қиын. Біз өз тәжірибемізде туристердің тек жағажайларға емес, сол аймақтағы эко, этно тартымдылыққа назар аударатынын түсіндік. Сол себептен туроператорлар Қапшағайға барғысы келетін туристерге сол маңдағы қазақтың тарихынан, дәстүр-салтынан, тіпті табиғи тағамдарынан тұратын бағдарламаларды ұсынуға тырысады. Өкінішке қарай, мұндай кешенді бағдарлама жоқтың қасы. Болған күннің өзінде жарнамасы жоқ, тиісті сала мамандарымен байланысы әлсіз. Өстіп жүргенде шомылу маусымы өтіп кетеді, — дейді Алматыдағы туристік компаниясының директоры Алмас Маратұлы.

Маманның сөзінен ұққанымыздай, жағажай туризмін дамытуға қатысты жоспарды әлі де пысықтауымыз керек екен. Яғни, нақты табыс әкелетін жолға түсу үшін бір ғана жағажайдағы шомылу демалысынан басқа да тартымды жобаларды қолға алудың уақыты келген. Туроператор өкілі келушілерге кешенді бағдарлама ұсына алмай отырғанымызды айтты. Бұл жерде экотуризм, агротуризм, этнотуризм сияқты бағыттарды маусымдық жобалармен бірге дамыту туралы меңзеу бар. Және ол орынды ұсыныс.

Осы орайда, Алматы қаласы маңындағы табиғи туризмді дамытуға қатысты жұмыстарды саралай кеткен орныды. Атап айтар болсақ, Алматы облысында экотуризм, агротуризм, этнотуризм сияқты бағыттарды дамытуды қолға алған бірнеше ұлттық парк бар екен. Өз кезегінде осы парктер туристік кластердің негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Мысалы, кейінгі жылдары шетелден арнайы келіп қазақ шаруасының далалық сипаттағы тіршілігіне қызығушылық танытатындар қатары көбей бастаған. Жалпы, агротуризм бағытына әлем бойынша сұраныс артып келді деген дерек бар. Бұл алып мегаполистерде тұрып, технологияның тұтқынына айналған адамдардың тұмса табиғатты тануға деген құштарлығынан туындаған сияқты.

Демек, таза табиғи өнім мен ауылдың қоңырқай тіршлігін сағынған жандар енді сол мақсатқа ақша сала бастады деген сөз. Бұл тұрғыдан келгенде еліміздің асығы алшысынан түсуі керек. Өйткені ауылшаруашылығына арқа сүйеген, әрі халқының жартысына астамы ауылда тіршілік етіп отырған елде туристердің назарына ұсынатын дүние көп. Мамандар да осы пікірде. Тіпті, агротуризмді жарнамалап, ішкі және сыртқы туристерді шақырудан кенже қалып отыр екенбіз. Әйтпесе, Еуропа елдерінде агротуризм ХХ- ғасырдың 70 жылдарынан табысты бизнес ретінде жүре бастаған. Дерек бойынша, бүгінде Франциядағы әрбір үшінші турист ауылшаруашылығын таңдаса, Ұлыбританияда демалушылардың 10 пайызы агротуризмге бейіл екен.

Осы жерде біз дәл осы агротуризмді қолға алған Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Көктөбе ауылындағы туристік кешені туралы айтқымыз келеді.

Агротуризмге деген сұраныс артқанын ұғынған орталық келушілерге ауыл өмірін тануға жағдай жасауға кіріскен. Әсіресе, қала қарбаласынан шаршаған, табиғаттың таза ауасымен тыныстауға ынталылар қатары өсіп отыр. Мұнда келген туристерге таза ет, сірне, құрт, қымыз, шұбат сияқты қазақтың ұлттық тағамдары мен табиғи алма, алмұрт секілді таудың өнімдері ұсынады екен.

Айтпақшы, әңгіме жағажай туризімінен басталған еді. Яғни, суға шомылу маусымы кезеңінде бұл мақсаттан мемлекет пен жекке адамдардың қалтасына түсетін табыс табуға бола ма деген сауалдың басы әлі де ашық қалып отыр. Жоғарда туристік компания басшысы Алмас Маратұлы жағажай туризмінен нақты табыс табудың қиындығын айтты. Маман өз пікірінде туризмнің сабақтас салаларын қатар дамытып, кешенді іс-шаралар қабылдаудың қажеттігін алға тартады. Бұл енді еліміздегі туризм индустриясына жауапты сала мамандарының жауапкершілігіндегі жұмыс болып қала береді.

Ал дәл осы күндері аптап ыстықты бастан кешіп отырған оңтүстік өңірлер үшін жағажайдағы демалыс маңызды болып қала береді. Жалпы, жағажай туризмнің дамуынан өз еліміздің азаматары өлшеусіз үлес қосып отырғанын айтуымыз керек. Мысалы, Алматыдан 70 шақырымда орналасқан Қапшағай көліне келушілердің қатары күн санап артып барады. Дерекке қарасақ, былтырғы демалыс маусымында Қапшағай жағалауында 1,5 млн адам демалған екен. Әңгіме тағы да келіушілерге жасалған жағдайға келіп тіреледі. Яғни, қазіргі күні Қапшағайдағы жағажай туризмінің жағдайы нешік деген сауал туады. Біздің сауалымызға Қонаев қаласының әкімі былай дейді:

Өткен жылы Қапшағайдағы шомылу маусымында 1,5 млн турист келді. Оларға жүз қырықтан астам демалыс орны сервистік қызмет көрсетті. Ал жағалаудағы инфрақұрылымды дамытып, келушілерге сапалы қызмет көрсету мақсатында заманға сай демалыс орындары салынып, халық игілігіне беріліп жатыр. Бүгінде Қонаев қаласында туризм саласы бойынша 9 инвестициялық жобажүзе асуда. Жалпы, Қонаев қаласының аумағында 2030 жылға дейін 26 инвестициялық жоба жүзеге асады. Олардың жалпы құны – 470 млрд теңге, – деген еді Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов.

Жалпы, Капшағай жағалауындағы туристік нысандардың әлемдік талапқа сай дамуы ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалып келгені жасырын емес. Атқарушы билік те, демалушылар да барға риза болып күн кешіп келген. Ал биыл жағажайдың жағдайы біршама жақсарыпты. Көзбен көргендегі байқағанымыз, бүгінде көл жағасындағы 1 шақырымға жуық аумақ балалар және спорт алаңдары, субұрқақтар, суға түсуге арналған ыңғайлы баспалдақтар, орындықтар мен жарықтандыру жүйесімен жабдықталған заманауи қоғамдық кеңістікке айналыпты.

Демек, су туризмнің сұрауы бар екенін демалушылар ғана емес, билік пен бизнес те сезіне бастағаны анық. Бұл екі жақты әріптестіктің жемісін ең әуелі туристер көретін болады.