Таяуда шағын қаржы ұйымы болып саналатын BNK екінші деңгейлі банкке айналды. Осылайша, елде шетелдік қатысуы бар банктердің саны тоғызға жетті. Оңтүстіккореялық «BNK Financial Group Inc.» құрамына кіретін «BNK Finance» микроқаржы ұйымының банкке айналатыны туралы алғаш 2024 жылдың маусымында айтылды.

Сол жылы 12 маусымда Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен (ҚНРДА) екінші деңгейлі банк болып қайта құрылуға рұқсат алды. Активі 129 млрд доллардан асатын оңтүстікореялық ірі қаржы құрылымының құрамында 2 банк бар.

«BNK Commercial Bank» басқарма төрағасы Ким Сонг Хеннің айтуынша, олардың мақ­саты – ұзақмерзімді болашақтағы шағын және орта бизнеске ар­налған банк құру.

ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, ішкі нарық бұл жаңалыққа үлкен дайындықпен келді. Шетелдік банктер үшін активтердің ең төменгі шегі 20 млрд доллардан 10 млрд долларға төмендетілді.

Ашу үшін қажетті құжаттар саны айтарлықтай қысқартылды. «А–» және одан жоғары халық­аралық рейтингі бар банктер үшін құжаттар топтамасы 2 есе, ал «А» және одан жоғары рей­тингі бар банктер үшін 2,5 еседен астам азайтылды. Бұған қоса, микроқаржы ұйымдарын айырбастау есебінен бірнеше жаңа банк пайда болады деп күтіліп отыр. Қазір KMF пен Solva-ның өтінім­дері талқылану деңгейінде.

«Біз банк қызметтері нары­ғында, кредиттеу нарығында бәсекелестік көп болады деп есептейміз және кез келген бәсекелестік, әрине, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, тұтыну­шылар үшін қаржылық қызмет­тердің қолжетімділігін жақсартуға алып келеді», дейді Әбілқасымова.

Оның сөзіне қарасақ, «ВВ-»-тен «А-»-ке дейінгі рейтингі бар шетелдік банктер үшін еншілес банк ашу үшін құжаттар саны 24-тен 17-ге дейін, филиал ашу үшін 20-дан 10-ға дейін қысқарады. «А-» және одан жоғары рейтингі бар банктер үшін құжат саны тиісінше 10 және 8-ге дейін қысқартылады. Сарапшылар сөзінше, нарықта жаңа шетелдік банктердің пайда болуы бизнеске ғана емес, тұтынушыға да тиімді. Отандық банктердің жиынтық активтері 2025 жылғы 1 маусымда 63,4 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш қолма-қол ақшаны, несие, инвестиция және басқа да активтерді қоса алғанда екінші деңгейлі банктер иеленетін барлық активті қамтиды.

Біздегі шетелдік банктердің барлығы жергілікті банк институттары ретінде Қазақстанның Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысады. Бұл Ұлттық банкке шетелдік каналдар арқылы елге келетін ақша ағынын бақылауға мүмкіндік бергенімен, қарыз ақшаның құнын көтеріп жіберген. Себебі олардың бәрін шетелдік қаржы ұйымдары қазақстандық банк деп танығандықтан, ол банктердің шетелден алатын қаржысының пайыздық сыйақысы да жоғары. Тиісінше банк­тердің халыққа беретін несиесі қымбат.

«Дәл осы бап ондаған елде еншілес банктерін ашып тастаған алпауыт банктерді шошытып отыр. Өз-өзіне сенген банк қаржы нарығында еркіндікті қалайды. Ал еркіндікті қалайтын, шетелдік қаржы институттарынан өз бетінше қаржы алып келетін банктердің ашылуына кедергі көп. Алдағы уақытта ҰБ пен ҚНРДА бізге келетін қаржы институттарының сырт елдердегі құқықтық мәртебесі жайлы ойлануы керек. Сыртқы нарықта шетелдік банктерді қазақстандық банк деп тану қаржы нарығының әлемдік институттармен интеграциялану процесін алға жылжыта алмайды», дейді.

Оның пікірінше, бізге тым құрығында қаржы айналымы 7 трлн теңге болатын ірі банктер келсе ғана нарықтағы ойын ережесі өзгеруі мүмкін.

«BNK Finance Kazakhstan»-ның қаржылық капиталы 20-25 млрд теңгеден аспайды. Нарықта банктерге қатысты ойын ережесі шетелдік сарапшыларды шатасты­рып жатыр. Өткен аптада «Forte»-нің «Home Credit Bank»-ты сатып алатыны белгілі болды. «Forte Bank» 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан табысты банк бола­тын. Бұл бизнес тілінде капиталды шоғыр­ландыру арқылы сырттан өздерінен күшті ойыншылардың келуіне жол бермеу деп аталады. Экономикаға келіп-кетер пайдасы жоқ, Үкіметтен қол жайып көмек сұраумен ғана шектеліп отырған 20 банк емес, ойын ережесін өзгертуге күші жететін 10 банкпен жұмыс істеу халыққа тиімді», дейді.

АЛМАТЫ