Қазақстанда тау-кен саласындағы техникаларды күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салып, елді осы бағыттағы ірі хабқа айналдыру.

Жапонияның алпауыт корпорациясы осындай ауқымды жобаны қолға алмақ. Токиоға сапарының екінші күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күншығыс елінің бірқатар компания басшыларымен кездесіп, әріптестік аясын кеңейтуді талқылады. Сонымен қатар, БҰҰ университетінде дәріс оқып, білім ордасының өңірлік филиалын Алматыда құру бастамасын көтерді.

Президенттің Жапонияға жасаған сапарының екінші күні де өте мазмұнды болды. Таңсәріден басталған кездесулер бірінен соң бірі ұласа берді. Ең әуелі Токио төріне табан тіреген Қасым-Жомарт Тоқаевты күншығыс елі астанасының губернаторы Юрико Коикэ ерекше ілтипат білдіріп қарсы алды.

Технологиядағы тың жобаларды жүзеге асырып жатқан Токиода бүгінде қоқыстан бастап көлік қозғалысына дейін толық цифрландырылған. Яғни жасанды интеллект қоқыс жәшіктерінің толуын өзі хабарлап, оны жинау маршрутын да жоспарлап, құрып береді. Ал жолдағы бағдаршамдардың жұмысы да жасанды жадының көмегімен реттеледі. Кептелістерді де алдын ала болжайды. Бұндай ақылды шешімдерді Президент шаһар губернаторымен кеңінен талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио қаласының Smart city тұжырымдамасы таныстырылды.

Айта кету керек, Жапония астанасының бүгінде толық 3D форматтағы көшірмесі бар. Осының арқасында жаңа ғимарат салуды алдын ала тексеруге, су тасқынын модельдеуге болады. Яғни, тиісті болжамдар әуелі виртуалды Токиода сынақтан өтеді. Ақылды жүйелер апаттарды да алдын ала болжай алады. Қаладағы ахаулға мониторинг Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталықта жүргізіледі. Оның басты міндеті – оқыс оқиға кезінде билік органдарының іс-әрекетін үйлестіру. БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимылға да баса көңіл бөлінеді. Осындай заманауи шешімдерді енгізудегі тәжірибемен алмасу үшін бүгін Астана қаласының әкімі мен Токио губернаторы екі қала арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Қазақстан мен Жапония ядролық медицина бағытында да әріптестік аясын кеңейте түспек. Тараптар уран өнімдерінен ем-шараға қолдануға радий изотоптар алуды көздеп отыр. Жобаны «Қазатомөнеркәсіп» пен Сумитомо ((Sumitomo)) компаниялары бірлесе жүзеге асырмақ. Бұл жайында Мемлекет басшысымен жүздескен компания президенті Шинго Уэно мәлімдеді. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Sumitomo корпорациясын ұзақ мерзімді серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Сондай-ақ қос ел аса маңызды минералдарды өндіру ісінде де ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтпек ниетті. Нақтырақ айтқанда, бірлесе геологиялық барлау жүргізіп, өнімді өндіріп, өңдемек жоспарда. Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының (JOGMEC) төрағасы Ичиро Такахарумен талқылады.Әңгімелесу барысында жапон тарапының еліміздегі геологиялық барлау жобаларына қатысу және өкілдік ашу мүмкіндіктері қарастырылды. Президенттің пікірінше, бұл бірлескен жобаларды тиімді үйлестіруге, сондай-ақ Жапонияның өндірістік және технологиялық компанияларының Қазақстан нарығына көптеп келуіне ықпал етеді.

Ал Жапонияның Mitsui компаниясы Астанада күрделі жөндеу және құрал-жабдықтарды қайта қалпына келтіру бойынша өндірістік кешен салмақ жоспарда. Бұл жобаны Президент компания директорлар кеңесінің төрағасы Тацуо Ясунагамен кеңінен талқылады. Елордада техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салуды Komatsu компаниясы да жоспарлап отыр екен. Бұл жөнінде Корпорация директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огава мәлімдеді. Жаңа кешен аймақтағы тау-кен компанияларының техникаларын аз уақыт ішінде төмен бағада жөндейтін әрі оларға жедел сервистік қызмет көрсететін ірі хабқа айналмақ Кездесу барысында маман даярлау мәселесіне баса мән берілді. Осы ретте Komatsu компаниясыелімізде операторларға, механиктер мен инженерлерге арналған аймақтық оқыту орталығын ашуды көздеп отыр. Президент бұл бастамаға қолдау білдірді.

Қазақстандық тау-кен кәсіпорындары мен жапондық компания арасындағы ынтымақтастық тағы бір кәсіпорынмен кеңеймек. Hitachi Construction Machinery президенті Масафуми Сэнзаки жоғары технологиялы, төмен көміртекті әрі қауіпсіз шешімдерді іске асыруға ниетті. Қасым-Жомарт Тоқаев өндірісті жергілікті жерде ұйымдастыруға және техника жөндеу ісін дамытуға басымдық беру қажет екеніне назар аударды.

Президент БҰҰ университетінде дәріс оқыды

Сондай-ақ бүгін Президент БҰҰ университетінде дәріс оқыды. Бұл білім ордасы осыдан жарты ғасыр бұрын құрылған. 50 жылда әлем өзгере түсті. Қазір дүрбелеңде толы дәуір жүріп жатыр. Мұндай жағдайда бірлік пен сенімді қалыпына келтіру маңызды. Президент осындай қысылтаяң шақта әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Жік-жікке бөлінген жер жаһанда бүгінгі сын-қатерлерге бірде-бір мемлекет жалғыз өзі төтеп бере алмайды. Бұл ақиқат. Осы ретте Президент халықаралық қатынастарды реттейтін әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым БҰҰ өз міндетін жалғастыруы керек дейді. Тек оған реформа қажет. Яғни бәріне бірдей тең мүмкіндік беріліп, егемендік, аумақтық тұтастық және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы тиіс. Сонымен қатар орта державалар да қауіпсіздік кеңесінің төріне шығуы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қауіпсіздік Кеңесінде жауапты орта державалардың үні анық естілуге тиіс. Олар ірі ойыншылар арасында қайшылықтар болған жағдайда араағайындық жасап, шешімдерді ілгерілетуге септігін тигізе алады. Қазақстан сыртқы саясаттағы миссиясын осы бағытпен байланыстырады.

Еліміздің сыртқы саясаттағы ұстанымы берік. Көршімен тату қарым-қатынас орнатып, алыс-жақын елдермен өзара сыйластыққа негізделген байланыс қалыптастыру. Бұл көпвекторлы дипломатияның басты қағидаты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан жақын көршілері – Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытып келеді. Біз бұл тату көршілікті Қазақстанның тұтас Еуразиядағы сенім мен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін стратегиялық артықшылығы деп білеміз. Сондай-ақ Америка Құрама Штаттарымен және Еуропа Одағымен ұзақ мерзімді ықпалдастықты кеңейтіп, Таяу Шығыспен, Азия және Жаһандық Оңтүстік елдерімен байланысты күшейтеміз. Жапонияның Қазақстан үшін маңызы зор. Сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың мүмкіндіктеріне жол ашу мақсатында достығымыз бен қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдетуге ниеттіміз. Геосаяси тұрғыдан жікке бөлінген әлемде Қазақстанның мұндай теңгерімді әрі тура ұстанымы конструктивті дипломатияны қуаттай түседі.

Сондай-ақ Президент ядролық қатер проблемасына да ерекше тоқталды. Жаппай қырып-жоятын қаруы бар алпауыт елдер арасындағы жоғары деңгейлі диалогты қайта бастауға шақырды. Жағдай одан бетер ушыға түссе салдары ауыр болары хақ. Бұны Қазақстан мен Жапония сияқты терең түсінетін ел кемде-кем – дейді, Президент. Өз сөзін түйіндей келе, мемлекет басшысы БҰҰ университетінің өңірлік филиалын Алматыда құру бастамасын көтерді. Оның қызметін су және климат қауіпсіздігі, орнықты даму мен жасанды интеллектіні басқару мәселелеріне бағыттауға болады. Кездесу соңында Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – университет ректоры Чилидзи Марвала өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Риат Шони