Президент елдегі авиаотын мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды.
Бұл өңірлік жүк авиахабтарын қарқынды дамытуға әсер етеді. Осылайша географиялық артықшылығымызды тиімді пайдаланып, ел экономикасына қосымша табыс түсіру мүмкіндігі бар. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке арнайы тапсырма да берді. Онда алдағы үш жылда ішкі өндіріс көлемін арттыру және импортты әртараптандыру туралы айтылған. Бұл межеге жету үшін қандай шаралар қабылданбақ? Тапсырма толық орындала ма? Осы сұрақтардың жауабын іздеген әріптесім Серік Селеубайұлы қазір студияда. Кеш жарық! Президент тапсырмасында нақты не айтылды?
Серік. Бұл мәселе өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңесте көтерілді. Мемлекет басшысының пікірінше, саланы дамытуда негізгі екі проблема бар. Бұл – бағаның жоғары болуы және ішкі өндіріс көлемінің жеткіліксіздігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
– Ең әуелі, алдағы үш жылда еліміздің ішкі өндіріс көлемін арттыру, импортты әртараптандыру керек. Ақылға қонымды бәсекелестік сақталуға тиіс. Реттеу ісіндегі барлық өзгеріс кезең-кезеңімен әрі нақты, отынды тұрақты жеткізуге кедергі келтірмей іске асырылуы қажет. Жұмыс істеп тұрған ұйымдар базасында авиация ғылыми-зерттеу институтын құрған және отынды сертификаттау зертханасын ашқан жөн. Үкіметке монополияға қарсы органдармен бірге аталған мәселелерді шешу бойынша тез арада кешенді шара қабылдауды тапсырамын.
Қазір елдегі авиаотынға жылдық сұраныс 1 млн тонна. Ал елдегі мұнай өңдеу зауыттары биыл 727 мың тонна өнім шығарды. Бұл тек қазақстандық әуе компаниялары мен Қорғаныс министрлігінің сұранысын қанағаттандыруға жетеді. Сондықтан Ресей Федерациясынан 300 мың тоннаға жуық керосин импортталған. Енді отандық өндіріс көлемін жылына 1,7 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін 2032 жылға дейін елдегі ірі мұнай өңдеу зауыттарының қуаты 17 жарым млн тоннадан 27 жарым млн тоннаға дейін өсіру керек.
Қазақстандағы авиаотынға сұраныс – 1 млн тонна
Отандық өндіріс көлемі – 727 мың тонна
Ресей Федерациясынан импортталған авиаотын көлемі – 300 мың тонна
Ай-Бек Төленді, ҚР Энергетика министрлігі мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің бас сарапшысы:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы үш жылда өндірісті жыл сайын 50 мың тоннаға ұлғайту жоспарланған. 2026 жылы – өндіріс көлемі 750 мың тонна, 27 жылы – 800 , 28 жылы – 850 мың тонна болады. Мұнай өңдеу тұжырымдамасына сәйкес үш ірі мұнай өңдеу зауытының қуатын өсіру арқылы авиаотын өндірісін ұлғайту қарастырылған. Нақтырақ айтсам, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 6-дан 12 млн тоннаға дейін, Павлодар мұнай химия зауытының қуатын 5,5-тен 9 млн тоннаға дейін, Атырау мұнай өңдеу зауытының қуатын 5,5-тен 6,7 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
Сонымен қатар қазір әуежайлардың инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Мәселен, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе әуежайларында Jet A-1 маркалы отынды құю кешендері салынбақ. Сонымен қатар Түркістан және Ақтау қалаларының әуе айлақтарында дәл осындай жұмыстар мәжеленген.
Ержан Ғалымжанов, ҚР Көлік министрлігі азаматтық авиация комитеті әуежайлар басқармасының сарапшысы:
- Сейчас находится на стадии разработки ТЭО. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. Содан кейін резервуарлардың құрылысы басталады. Алматы әуежайының ақпараты бойынша жобаны 2026 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланған. Басқа қалаларда 27 жылы бітеді. Инфрақұрылым бойынша барлық дайындық жұмыстарын аяқтағаннан кейін біз Jet A-1-ді Қытай мен Түрікменстаннан импорттаймыз. Қазір логистика, тасымалдау, стандарттау бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз.
Jet A-1-дің экологиялық зияны аз. Сондықтан әлем елдері осы отын түріне көшіп жатыр. Қазақстан да жаңа стандартқа ауысса халықаралық аренадағы абыройы артады, дейді экономист Бауыржан Ысқақ.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Бірінші кезекте әуе тасымалының тұрақтылығы артады. Яғни рейстерді қысқарту немесе тоқтату тәуекелдері азаяды. Бұл біздің әуе саласындағы әлемдік имиджімізге де жақсы әсерін тигізеді. Одан кейін әуе билеттерінің бағасының өсуіне де әсер ететін факторлар азаяды бұл жерде. Сосын импортқа тәуелділік төмендеп, энергетикалық қауіпсіздігіміз нығая бастайды. Сосын халықаралық әртүрлі талаптарға сай экологиялық жобаларды енгізуге мүмкіндік туады.
Бүгінде авиаотын бағасы аспандамауы үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, импорттық өнім қосылған құн салығынан босатылып, кедендік баждың пайызы төмендетілген. Бірақ бұл уақытша шаралар. Әуе хабтарын дамыту үшін отандық өндірісті қолға алу керек дейді мамандар.