Экологиялық дағдарыстардың күшеюі елдер мен халықаралық ұйымдар арасында табиғатты қорғау мәселесін күн тәртібіне шығарды. Себебі ауаның ластануы, мұнай төгілулері, экожүйелердің бұзылуы, теңіздер мен ормандардың жоғалуы болашақты жойып жатқан үнсіз қасіретке айналып барады. Осыған байланысты «экоцид» деген ұғым пайда болған.

Caravan.kz медиа порталының тілшісі «экоцид» ұғымын кеңірек талқылап, тарихта болған апаттар мен болашаққа төнген қауіп туралы сараптамалық материал ұсынады.

Экоцид деп адам әрекетінің нәтижесінде ірі табиғи аумақтардың жойылуын айтады. Бұл ұғым экожүйелерге ұзақ мерзімді және қайтымсыз зиян келтіретін әрекеттерді қамтиды. Атап айтқанда ормандардың жаппай кесілуі, су айдындарының ластануы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жойылуы. Мұндай үдерістердің салдары тек табиғатқа ғана емес, адамдардың денсаулығына, экономика тұрақтылығына және мемлекеттердің ұзақ мерзімді қауіпсіздігіне үлкен соққы келтіреді.

Қазір әлем бойынша экологиялық жағдай ушығып тұр. Сондықтан әлем елдері экоцидті халықаралық қылмыс ретінде тану қажеттілігі туралы талқылап жатыр. Экоцидті — геноцид, адамзатқа қарсы және әскери қылмыстар, агрессия актілерімен тең дәрежеде қарастыруда. Десе де бұл оңай шаруа емес дейді мамандар. Экологиялық қылмысты анықтау үшін табиғатқа келтірілген залалдың экоцид белгілеріне толық сәйкес екендігін дәлелдейтін ауқымды материалдар қажет.

Экоцид ұғымының пайда болу тарихы

«Экоцид» терминін алғаш рет америкалық биолог, профессор Артур Галстон 1970 жылы соғыс пен ұлттық жауапкершілікке арналған Вашингтон конференциясында ұсынған. Арада екі жыл өткен соң Швеция премьер-министрі Улоф Пальме Стокгольмдегі БҰҰ конференциясында Вьетнам соғысын экоцид деп атады.

Ұғым «геноцид» терминіне ұқсас. Екіншісі белгілі бір этникалық, нәсілдік немесе діни топты жоюды білдіретін қылмыс.

«Термин кең талқыланып, әлемге танылғанына қарамастан, бүгінге дейін экожүйелерге келтірілген аса ауыр залалдан адамдарды да, табиғатты да қорғай алатын әмбебап халықаралық-құқықтық тетік жоқ. Мұндай қылмыстар көбіне ұлттық юрисдикциялардың шекарасынан әлдеқайда асып түседі», — дейді эколог Фируза Султанзаде.

Соғыс жағдайындағы экоцид

ХХ ғасырда соңғыстағы жеңіс тек қарсылас армиясын жою арқылы емес, сонымен қатар оның тіршілігін қамтамасыз ететін табиғи ресурстарды бұзу арқылы да жүзеге асатынын көрсетті. Сондықтан экоцид ұғымының тарихи түп-тамыры әскери қақтығыстармен тығыз байланысты.

1961–1971 жылдары АҚШ әскері Вьетнам аумағына шамамен 80 млн литр улы химикаттар тастаған, оның 61%-ын «Agent Orange» деп аталатын дефолиант құрады. Оның салдарынан мангр ормандары қурап, биологиялық әртүрлілік күрт төмендеді, жануарлар қырылды, тұрғындар арасында емделмейтін аурулар тарап, көптеген адам қаза тапты. Арада 60 жылдан астам уақыт өтсе де, вьетнамдықтар сол химиялық соғыстың салдарын әлі сезініп келеді.

ВЬЕТНАМ. Ханой. Бейбітшілік ауылы ауруханасының физиотерапия кабинеті. 2002.

Кері шегінген ирак әскері Кувейттегі 500-ден астам мұнай ұңғымалары мен қоймаларын жарды. Бірнеше ай бойы жанып тұрған өрттер тәулігіне атмосфераға 100 мың тонна күйе және 50 мың тонна күкірт диоксидін бөліп шығарып, қышқыл жаңбыр тудырды. Бұған қоса, Парсы шығанағына шамамен 11 млн баррель мұнай төгілді, бұл теңіз жануарларының жаппай қырылуына әкелді.

2010 жылы Мексика шығанағында Deepwater Horizon мұнай платформасының жарылуы мен шөгуі тарихтағы ең ірі мұнай төгілуіне себеп болды. Салдарынан теңіз жануарлары мен құстар жаппай қырылды, 2092 км-ден астам жағалау сызығы ластанды, балық аулау мен туризмге ұзақ мерзімді зиян келтірді.

Соғыстан кейінгі аймақтардағы экоцид: Қарабақ мысалы

Қарабақ пен Шығыс Зангезур өңірлерінде экологиялық зардап бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Көп жылғы оккупация мен әскери қақтығыстар келесі зияндарға алып келді:

— ⁠ормандардың жаппай кесілуі – отын, бекініс салу және жасырыну мақсатында;

— ⁠өзендер мен көлдердің өндірістік қалдықтармен, тұрмыстық қоқыспен және сарқынды сулармен ластануы;

— ⁠топырақ эрозиясы мен деградациясы;

— ⁠өңірге тән сирек және эндемикалық өсімдіктер мен жануарлардың жойылу қаупі;

— ⁠пайдалы қазбаларды бақылаусыз өндіру, ірі карьерлердің пайда болуы.

Экологтар экоцидті үш кезеңге бөледі:

1. Белсенді әскери қимылдар кезіндегі зиян;

2. Оккупация кезеңіндегі бақылаусыз ресурс тұтыну нәтижесінде болған зиян;

3. Әдейі жасалған экологиялық қылмыстар, яғни табиғи ресурстарды әскери немесе саяси мақсатта жою.

Аталмыш жерлерді қалпына келтіру қазір гуманитарлық әрі экологиялық міндет. Екінші Қарабақ соғысынан кейін Әзербайжан жүз мыңдаған ағаш отырғызып, ауқымды көгалдандыру жұмыстарын бастады. Эколог Фируза Султанзаде бұл өңірдегі экоцид салдары бірнеше онжылдыққа созылатынын атап өтті.

Өнеркәсіп пен шаруашылықтағы зиянды тәжірибелер

Экоцид тек соғыс салдарынан пайда болмайды. Бейбіт кезеңдегі бірқатар зиянды өндірістік әдістер де экожүйелерге орны толмас залал келтіреді. Эколог Фируза Султанзаде оның түрлерін жіктеп берді.

— ⁠теңіз түбін жыртып және қарқынды өнеркәсіптік балық аулау;

— ⁠ашық су шаруашылығы, ол суды ластап, теңіз тіршілігінің ортасын бұзады;

— ⁠пластик өндірісінің өсуі, алдағы 30 жылда көлемі үш есе артады;

— ⁠тропикалық ормандардың жаппай кесілуі, бұл планетадағы биоәртүрлілік пен климатқа төнген ең үлкен қауіп;

— ⁠пайдалы қазбаларды экологиялық нормаларды сақтамай өндіру салдарынан топырақ пен су ластанады.

«Жыл сайын адамзат мұхиттан өзінің жалпы биомассасының 45 пайызына тең ресурсты алып отыр. Бұл бүкіл дүниежүзілік мұхиттың тұрақтылығына төнген үлкен қауіп», — дейді эколог.

Экоцид халықаралық қылмысқа қашан айналады?

Қазан айының ортасында Абу-Дабиде Табиғатты сақтау жөніндегі дүниежүзілік конгресс өтті. Онда 140 елден келген Табиғатты қорғау жөніндегі халықаралық одақтың 1400-ден астам ұйымы қатысты. Ерекше талқыланған тақырыптардың бірі – экологиялық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі резолюция болды. Қысқаша айтқанда, Stop Ecocide International ұйымы экоцидті халықаралық қылмыс ретінде тануды және елдерді өздерінің Қылмыстық кодекстеріне тиісті өзгерістер енгізуге шақырады.

«Бұл қарапайым адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе емес. Бұл шешімдері кең ауқымды экологиялық күйреулерге алып келетін тұлғаларды, яғни билік шыңындағы тұлғаларды, атқарушы директорларды, саяси шешім қабылдайтын саясаткерлерді жауапкершілікке тарту туралы», – дейді The Wildlife Trusts ұйымының бас директоры, МСОП мүшесі Крейг Беннет.

Қазақстан жауапкершілікті күшейте ме?

Қазақстанда экоцид үшін жауапкершілік енгізу мәселесі бірнеше жыл бұрын көтерілген. Мәжілісте Әділет министрлігінің қылмыстық кодекске «экоцид» ұғымын енгізу және экологияға үлкен зиян келтіруге қатысты санкцияларды қатаңдату бастамасы қолдау тапқан еді. Ұсыныс бойынша ауыр экологиялық зиян келтіргені үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға, ⁠тіпті азаматтығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылды. Мұндай қылмыс түріне өсімдіктер мен жануарлар дүниесін жаппай жою, атмосфераны немесе су ресурстарын улау сияқты әрекеттер кіреді.

Экологтар Қазақстанда тек суармалы судың ғана емес, ауыз судың да тапшылығы күшейіп келе жатқанын ескертеді. Өзен-көлдер осылайша ластана берсе, ауыз судың сапасы нашарлап, адамдардың ауруына немесе өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан экологиялық қылмыстар үшін жаза қатаңдауы орынды әрі уақытылы шешім дейді мамандар.

Қазақстан үшін экоцид мысалдары – Арал теңізінің қасіреті, Семей ядролық сынақ полигонының салдары, «Оңтүстік Қаратұрұн» кен орнындағы ірі өрт, Каспий теңізінің таяздануы және оның экожүйесінің деградациясы.

Экоцидті адамзатқа қарсы қылмыс деп таныған алғашқы ел

Экоцидті адамзатқа қарсы қылмыс ретінде қабылдаған алғашқы ел – Вьетнам. Бұл 1990 жылы болды. Одан кейін посткеңестік елдер де осы бағытқа бет бұрды, олардың қатарында Қазақстан да бар.

Қазіргі таңда флора мен фаунаны жаппай жоюға немесе экологиялық апат тудыратын ластануға жаза қарастырылған мемлекеттердің тізімі мынадай:

— Вьетнам (1990)

— Өзбекстан (1994)

— Ресей (1996)

— Қазақстан (1997)

— Қырғызстан (1997)

— Тәжікстан (1998)

— Грузия (1999)

— Беларусь (1999)

— Украина (2001)

— Молдова (2002)

— Армения (2003)

Басқа елдерде экоцидті қолданыстағы заңнамаға енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Мысалы, Франция 2021 жылы «экоцид» ұғымын өзінің Экологиялық кодексіне «денсаулыққа, флораға, фаунаға және қоршаған ортаға елеулі және ұзақ мерзімді зиян» келтіретін қылмыс ретінде енгізді.

Еуропалық Одақ 2024 жылы Қоршаған ортаны қылмыстық құқық арқылы қорғау туралы директив қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес, ЕО елдері «қайтымсыз немесе ұзақ мерзімді болып табылатын жойылу немесе кең ауқымды және елеулі залал» келтіретін әрекеттерді қылмыс ретінде тануға міндетті.

Директивте «экоцид» терминінің өзі көрсетілмеген, бірақ берілген анықтама бұл ұғымның мәнін толықтай қамтиды.

Бельгия өз нұсқасын әзірледі, жұмыс аяқталуға жақын.

Мексикада, Италияда, Испанияда, Доминикан Республикасында заң жобалары ұсынылып, қаралу үстінде.

2025 жылға қарай 15-тен аса елдер экоцид пен оған ұқсас ауыр экологиялық қылмыстарға қарсы заңдарды енгізді немесе кезең-кезеңімен енгізіп жатыр.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде экоцид 169-баппен реттеледі:

«Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін жаппай жою, атмосфераны, жер немесе су ресурстарын улау, сондай-ақ экологиялық апатты немесе төтенше экологиялық жағдайды туғызған немесе туғызуы мүмкін өзге де әрекеттер – Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады».

Экоцидке халықаралық мәртебе не үшін қажет?

Қазір «экоцид» ұғымы геноцид, адамзатқа қарсы қылмыстар, соғыс әрекеттері және агрессиядан кейінгі бесінші халықаралық қылмыс мәртебесіне ие емес. Алайда оны Рим статутына енгізу белсенді талқыланып жатыр.

Экоцидті халықаралық деңгейде мойындаудың басты мақсаты – соғыс уақытында да, бейбіт кезеңде де ауыр экологиялық күйреуге әкелетін шешімдер қабылдайтын ең жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғаларды жеке қылмыстық жауапкершілікке тарту.

Экоцидті халықаралық қылмыс ретінде мойындау дегеніміз:

— ⁠ұлттық юрисдикциялар шегінен асып кететін экологиялық апаттарды тергеуге мүмкіндік береді;

— ⁠тек орындаушыларды ғана емес, шешім қабылдаған жоғары деңгейдегі тұлғаларды да жауапқа тартуға жол ашады;

— ⁠экологиялық қылмыстардың алдын алатын халықаралық тежеу тетігін қалыптастырады.