Өткен жылы бөлшек саудадағы онлайн сатылымның үлесі 14 пайызға жетті.
Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Жалпы елдегі электронды сауда нарығы 29%-ға артқан. Айналым 3,2 трлн теңге. Мамандар жыл сайын бөлшек саудадағы онлайн сатылымның үлесі артып жатқанын айтады. 2021 жылы көрсеткіш 4 пайыз болса, былтыр 14 пайыз болды. Бұған маркетплейстердің ықпалы тиді. Мұндағы өсім 51 пайыздан асып, 2,7 трлн теңгеге жеткен. Электронды сауда алаңдарының мүмкіндігін шағын және орта бизнес ұтымды пайдаланып отыр. Бұл нарықтың 79 пайызын — орта, 17 пайызын шағын және 4 пайызын ірі бизнес қамтиды.
Жалпы бөлшек саудадағы онлайн сатылымның үлесі:
2021 – 4,1%
2022 – 12,5%
2023 – 12,7%
2024 – 14,1%
Электронды саудадан түскен түсім артты
Онлайн сауданың экономика драйверіне айналғаны рас. Жыл сайын бюджетке түсетін түсім айтарлықтай. Мәселен, отандық маркетплейстер былтыр 135 млрд теңге салық төледі. Бөлшек сауда кәсіпорындарының 12% онлайн қызмет көрсетеді. Олар салықтық түсімнің 60%-н қамтыған. Бұл шамамен 360 млрд теңге. Бұған қоса 300 мыңнан аса жаңа жұмыс орыны құрылды. Жалпы сандық салықты төлеу үшін шетелдік компаниялар да біздің елде ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу керек. Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, былтыр олар біздің нарыққа 630 млрд теңгенің тауарын жіберді. Қазынаға 35 млрд теңге қосылған құн салығы түсті. Бұл алдыңғы жылдан бес пайыз жоғары. Жыл соңына дейін ол 50 млрд теңгеге жуықтауы мүмкін.
Александр Дауранов, QAZTECH альянсының бас сарапшысы:
- Үш негізгі дүниені атайтын болсам, ең алдымен өнімділік артады. Онлайн сауда нарығындағы өнімділік бөлшек саудадан 30 пайызға көп. Офлайн саудаға қарағанда көптеген жұмыс орнын құруға болады. Өндіруші өнімін бір аумаққа ғана емес, ішкі нарықты толық қамтуға әлеуетті. Әрі ашықтық бар. Тауар сатылымы дер шағында тіркеліп отырады. Бұл салық үшін де, жалақы және зейнетақы жинағы үшін де оңтайлы болары сөзсіз. Онлайн сауда дами береді. Оған мүмкіндік беру керек.
Айтпақшы, шетелден сатып алған онлайн тауарыңыздың құны 200 еуродан асса немесе салмағы 31 келіден көп болса, кедендік декларация тапсыруға міндеттісіз. Тауар құны мен салмағы бұл межеге жетпесе, алым салынбайды. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы кедендік құжаттың жаңа түрі, яғни электронды сауда декларациясы туралы шарт Мәжілісте мақұлданды.
Тауарларды сұрыптауға арналған қоймалар қажет
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин электронды сауда бойынша 104 компаниямен байланыс орнатылғанын айтады. Үкімет оларға мониторинг жүргізеді. Елде онлайн тауарларды сақтауға арналған қоймалар құрылысы да қарқын алған. Бір ғана Қазпошта Алматы, Ақтөбе, Түркістан облыстарында 85 мың шаршы метрден асатын сақтау орнын салып жатыр. Тапсырысты жылдам жеткізу маңызды. Сұрыптау орындарының көп болғанына да көңіл бөлінеді.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі:
- Wildberries маркетплейсінде жалпы аумағы 44 мың шаршы метрден асатын 8 логистикалық орталық бар. Биыл тағы 271 мың шаршы метрі салынады. Атап айтқанда, Астанада 168 мың шаршы метр, Алматыда 103 мың шаршы метрі бой көтереді. Тауарды өткізу орындары жеткілікті. Ozon маркетплейсінің 2 сұрыптау орталығы бар. Оның жалпы аумағы 42 мың шаршы метр. Алматы мен Астанада орналасқан. Алматыда 20 мың шаршы метрді қамтитын тағы бір нысан салынып жатыр.