«Алдағы 5 жылда Қазақстанда шамамен 1,5 млн маманға сұраныс артады. Оның ішінде 400 мыңы – жұмысшы мамандық иелері. Өйткені қазірдің өзінде еңбек нарығында тапшылық байқалады», — дейді сарапшылар.

Әсіресе, құрылыс, жол және өнеркәсіп салаларында кадр жетіспеушілігі бар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанда шамамен 88 мың жүргізуші, 18 мың дәнекерлеуші және 13,4 мың бригадир, сантехник, фермер тапшы болады. Сонымен қатар сылақшыларға сұраныс артады. Бұл салада 11 мың қызметкер жетіспеуі мүмкін. Тракторшыларға қатысты көрсеткіш те осындай. Сондай-ақ жұмыс берушілер алдағы уақытта 8 мыңнан астам ұста шеберін таппай қиналуы ықтимал. Ал сумен жабдықтау және айналаны қоқыстан тазарту саласында 11,6 мың жұмысшының орны ойсырауы мүмкін.

Жағдайды оңалту үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мансап компасы» жобасының жұмысын бастады. Платформа оқушыларға болашақ кәсібін таңдауға мүмкіндік береді. Онда 400-ден астам кәсіп туралы ақпарат қамтылған.

Злиха Сейітова, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаменті басқармасының басшысы:

- Жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру үшін платформада «Электрондық еңбек биржасының» бірқатар тетігін іске қостық. Ал «Мансап компасы» жобасы шеңберінде жоғары сынып оқушыларына арналған еңбек жәрмеңкесі, ашық есік күні, өндірістік тәжірибелер өткізіліп отырады. Бүгінде 800-ден астам еңбек келісім-шартына қол қойылды.

Еңбек министрлігі ұсынған дерекке сәйкес бүгінде елімізде 300 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Былтыр техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің 20 мыңға жуық түлегі жұмысқа орналасты. Ал 3,5 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа қабылданды. Мәселен, жоғарыда айтылған сумен жабдықтау және тазалау саласында жұмысшылар тапшылығы қыз мезгілінде байқалады. Ал жаз айларында анау айтқандай кадр жетіспеушілігі жоқ, дейді тазалық мекемесінің өкілдері.

Замир Сағынов, «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры:

- Жалпы біз қазір жазғы маусымда тәулік бойы 250-дей техника жұмылдырамыз. Су шашатын техникалар да бар. Бұрын қолмен тазалайтын және мехникаландырылған тазарту жұмыстары жүргізіледі. Соның сыртында тәулік бойы күндізгі ауысымда 620 адамдай жұмысқа тартылады. Түнгі ауысымда 120 шақты адам жұмысқа тартылады. Жалпы қол жұмысшылары 700-ден астам адам жұмыс істейді.

Еңбек нарығындағы кадр тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу үшін министрлік цифрлық технологияларға ден қойып отыр. Таяуда «Жобалардың инновациялық навигаторы» іске қосылды. Бұл жүйе нарықтағы сұранысты талдайды. Түрлі болжам жасайды. Бүгінде жүйеде шамамен 170 мың жұмыс орнын құру жоспары бойынша мыңға жуық инвестициялық жобаға мониторинг жүргізіліп жатыр.

Жуырда Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары жасанды интеллекттің әлемдегі жұмысшы мамандықтарға тигізер пайдасынан, кері әсері көп болуы мүмкін және салдарынан жұмысшы мамандарға деген сұраныс 4 есе қысқаруы ықтимал дегені бар. Осы тұста отандық сарапшылар қандай уәж айтады?

Жастарды жұмысшы мамандықтарға жаппай шақыру және еңбек нарығында жасанды интеллект пен робототехниканың қатар жүруін көпшілік бір-біріне қарама-қайшы қоятыны рас. Бірақ жасанды интеллектің басты міндеті – адамның еңбек күшіне қосымша көмек беру. Мәселен, белгілі бір оқиға кезінде ұдайы бақылау немесе тез шешім қабылдау сияқты негізгі қызметтер роботтарға тапсырылмайды.

Виталий Пустовойтенко, IT саласының сарапшысы:

- Сантехник және электрик сияқты күрделі жұмыстар адами факторға негізделген. Ұсақ бөлшектермен жұмыс істеу, станок алдында шұғыл шешім қабылдау немесе дер кезінде басқа қызметкерге қоңырау шалу әзірге жасанды интеллекттің қолынан келмейді. Алдағы уақытта да мұны елестету қиын. Сондықтан жасанды алгоритмдер адам санасымен санаса алмайды.

Сарапшының айтуынша, жасанды интеллектті жұмысшылардың кәсіби дағдыларын арттыру мақсатында да пайдалануға болады. Мәселен бұрынғыдай тек станок алдында тұрмай-ақ, бағасы қолжетімді әрі қауіпсіз заманауи симуляторларды қолданған жөн. Елдегі шамамен 800 колледждің тек 200-де ғана заманауи оқу құрылғылары бар. Биыл тағы 270 оқу орнының базасын жаңғырту көзделген. Бұл мәселе Оқу-ағарту министрлігінің ұдайы бақылауында.

Авторы: Мирлан Алтынбек