Өтіп бара жатқан 2025 жыл елеулі өзгерістерге толы кезең ретінде елдің есінде қалды. Қарапайым айлық есептік көрсеткіштің өсуінен бастап, салық жүйесінің жаңаруы, тұрғын үй саясатының қайта қаралуы, тіпті қабылданған жаңа заңдар халықтың күнделікті өміріне жаңашылдық алып келді. Бір жағынан, декларациялау талаптарының жеңілдеуі мен әлеуметтік қолдаудың кеңеюі халықтың еңсесін көтерсе, екінші жағынан қоғамдық кеңістіктегі тәртіп пен мәдениетке қатысты жаңа шектеулер қоғамда қызу талқыға түсті. Ал тұрғындардың басым бөлігі бұл жылды тұрақтылық пен нақты нәтижелер кезеңі ретінде бағалап отыр.
Айлық есептік көрсеткіш жыл санап өсіп келеді
2024 жылы 1 АЕК мөлшері 3 692 теңге болса, биыл 3 932 теңгеге тең. 2024 жылмен салыстырғанда АЕК 6,1 пайызға – 240 теңгеге өсті. АЕК-тің әсері зейнетақы, жалақы, әлеуметтік жәрдемақыларға да әсер етеді.
Қазақстандағы 2025 жылға арналған негізгі көрсеткіштер:
- Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 32 360 теңге;
- Ең төменгі зейнетақы – 62 771 теңге;
- Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңге;
- Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 228 теңге;
- Ең төменгі жалақы (ТЖМ) – 85 000 теңге.
2025 жылдан бастап жеке тұлғалар декларация тапсырудан босатылды
2025 жылғы 15 шілдеде Қазақстан Президенті № 208-VIII Заңына қол қойды. Құжат Салық кодексіне өзгерістер енгізіп, жалпыға бірдей декларациялау тәртібін нақтылады. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлер, студенттер, жеке сектор қызметкерлері, үй шаруасындағы әйелдер және басқа да азаматтар декларация тапсырудан босатылды.
Алайда 2025 жылы кірістер мен мүлік туралы декларацияны 270.00 нысаны бойынша тапсыруға міндеттілер:
-
мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары;
-
заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы үлесі 10%-дан асатын құрылтайшылар мен акционерлер және олардың жұбайлары;
-
нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар;
-
мүлікті жалға беруден, шетелдік банктік шоттардан немесе цифрлық активтерден табыс алатындар;
-
шетелдік банктердегі 1000 АЕК-тен асатын (2025 жылы 3 932 000 теңге) қаражаты бар тұлғалар;
-
шетелде тіркелген мүлікке немесе цифрлық активтерге иелік ететіндер;
-
құны 20 000 АЕК-тен асатын (2025 жылы 78 640 000 теңге) мүлік сатып алғандар.
Салық кодексіндегі өзгерістер
2025 жылғы 18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және салық заңнамасына түзетулер енгізілген ілеспе заңға қол қойды. Құжат салықтық әкімшілендіруді едәуір жеңілдетуді және салық жүктемесін төмендетуді көздейді.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жаңа кодекске сәйкес, есептілік көлемі 30%-ға, салықтар саны 20%-ға азаяды. Камералдық бақылау ескерту сипатында кезең-кезеңімен жүргізіледі. Салықтық берешекті өндіріп алу, кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері оңтайландырылады. Аз мөлшердегі берешек бойынша бизнес шоттары бұғатталмайды, ескерту шаралары қарыз көлеміне қарай кезеңмен қолданылады.
Негізгі өзгерістер:
ҚҚС базалық мөлшерлемесі-16%, ҚҚС:
дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке 2026 жылдан бастап 5%, 2027 жылдан бастап 10%,
отандық мерзімдік басылымды сату 10%-ға төмендетіледі,
ТМККК, МӘМС, археология, кітап басып шығару ҚҚС-тан босатылады,
ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК-ке (40 млн теңге) төмендетілді.
Үй кезегіне тұруға барлық азамат мүмкіндік алды
Президент өткен жылы қол қойған тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң биыл 24 мамырда күшіне енді. Алайда құжаттың жекешелендіруге қатысты нормалары былтырғы 4 желтоқсанда қолданысқа еніп, жұртшылық оның игілігін көре бастады.
Жаңа заң арқылы тұрғын үйге есепке қою жүйеленіп, кезекке тұру жеңілдетілді. Енді үйі жоқ кез келген адам пәтер кезегіне тұра алады. Табысы төмендердің үй жалдау ақысының бір бөлігі субсидияланады, кейбір азаматтарға жеңілдетілген ипотека беріледі.
Өзгерістің ең үлкені – көптеген азаматты уайымға салып келген мәселе шешілді. Тұрғын үй қорынан жалға алған үйді жекешелендіруге құқық берілді.
Тұрғын үйге қатысты бұрынғы заң бойынша баспана кезегіне көпбалалы отбасылар, жетім балалар, I, II топтағы мүгедек жандар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері сияқты белгілі бір санаттағы адамдар тұра алатын еді.
Жаңа заң кәмелетке толған азаматтарымыздың бәріне баспана кезегіне тұруға мүмкіндік беріп отыр. Негізгі талап – кейінгі 5 жылда баспанаң болмауы қажет. Ал Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кезекке тұрғыңыз келсе, жоғарыдағы талаппен бірге бұл шаһарларда кейінгі 3 жылда тіркеуде тұрғаныңызды растауға тиіссіз.
Көптен күткен қоныстой: Жұртшылық жаңа заңның игілігін көре бастады
ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңнамалық түзетулер
Сенат күні кеше ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңды мақұлдады. Құжатта педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттайтын ақпаратты қоғамдық орындарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникациялық желілерде және онлайн-платформаларда таратуға шектеу қою қарастырылған.
ЛГБТ насихаты үшін салынатын айыппұл көлемі белгілі болды
Қоғамдық орында бетті тұмшалап жүруге тыйым салынады
2025 жылдың 12 шілдесінен бастап Қазақстанда бет-әлпетті толық жабатын киімге тыйым салынды. Енді қоғамдық орындарда адамның түрін тануға кедергі келтіретін ниқаб пен паранжа сияқты киімдерді киюге болмайды.
Мәжіліс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заңды екінші оқылымда қабылдады. Заңда құқықбұзушылық профилактикасы жүйесі кеңейтіліп, профилактика субъектілерінің саны 13-тен 26-ға дейін артады.
Оған отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар, қамқоршылық органдары, БАҚ, жастар ісі жөніндегі орталықтар, уәкілетті органдар және кәсіпкерлер кіреді.
Бетті жауып тұратын киім (ниқаб) кигені үшін қандай әкімшілік жаза қарастырылған?
Фонограмма қолдануға толық тыйым салу
2025 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысы мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелеріне қатысты заңға қол қойды. Түзетулердің ең өзекті тұсы – концерттер кезінде фонограмма қолдануға толық тыйым салу. Жаңа талап 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап күшіне енді. Заңға сәйкес, 200 адамнан артық жиналатын концерттерде фонограмма пайдалануға болмайды. Бұл шектеу теледидарлық жазбаларға немесе арнайы техникалық жабдықталмаған орындарға қатысты емес.
Қоғам пікірі: 2025 жыл қалай өтті?
Республикалық әлеуметтік сауалнамаға еліміздің әр өңірінен мың адам қатысты.
Нәтижесінде:
-
37% – 2025 жылды «табысты» деп бағалаған;
-
11% – «сәтсіз» деп есептеген;
-
52% – жылды тұрақты кезең ретінде сипаттаған.
Ең айтулы оқиғалар қатарында тұрғындар Абайдың 180 жылдығын, Жеңістің 80 жылдығын, Конституция мерейтойын, сондай-ақ «Қайрат» пен «Реал» арасындағы футбол ойынын, отандық спортшылардың жетістіктері мен әлемдік жұлдыздардың концерттерін атады.
Сауалнама: Қазақстан халқының 77 пайызы Президентке жоғары деңгейде сенім білдірді